ТҮРКІСТАН:  АХМЕТ ЯСАУИ КӘСІБИ КОЛЛЕДЖІНДЕГІ КӘСІБИ БІЛІМ – 3

«Түркістан Ахмет Ясауи кәсіби колледжі» – кәсіби білім беру бағытында  қалыптасқан дәстүрі бар университеттің құрылымдық бөлімі.  Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауда орнықты бағыт ұстанған колледждің  көкжиегі кең. Біз колледждің директоры,   экономика ғылымдарының кандидаты Алтынбек КЕНЖАЛИЕВПЕН  білім ордасының тыныс-тіршілігі туралы  сұхбаттасқан едік.

Еңбек нарығы талабына сай түлектеріңіз жұмысқа орналасу деңгейі көңілден шығады ма?

– Барлығы бірдей өз мамандығымен жұмысқа тұрып жатыр деп айта алмаймыз, бірақ түлектеріміздің жұмысқа орналасу динамикасы жылдан-жылға өсіп келеді. Әсіресе, техник-программист, ветеринарлық техник, аспаз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу жоғары деңгейде. Колледжді бітірген соң өз кәсібін ашып жатқан бітірушілеріміз де бар. Бірқатары жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырады. Дуальды оқу жүйесін енгізудің бітірушілерді жұмысқа орналастыруға үлкен септігін тигізіп жатқанын атап өткім келеді. Мысалыға, «аспаз» мамандығы бойынша биыл оқу бітіретін 24 студенттің 11-і қазіргі уақытта өздері өндірістік оқудан өтіп жатқан «Rixos Turkistan» және «Hampton» қонақ үйлерінің асханасында, «Кәусар» және «Daily Food» кафелерінде жұмыс істеп, тұрақты жалақы алып отыр. Алдағы уақытта да дуальды оқыту бағдарламасы шеңберінде мекемелермен байланысты арттырамыз, тағлымдамаға жиі жіберіп, практикалық дәрістерімізді сол өндіріс орындарында өткізсек деген жоспарларымыз бар. Сосын әрі қарай олар сол өндіріс орындарында жұмысқа тұрып жатса, нұр үстіне  нұр. Бұл студенттерге де үлкен мотивация. Болашақтарына сеніммен қарайтын болады.

Жуырда Президент тапсырмасымен «Мамандықтар атласы» жасалды. Бұл құжат қолымызға тиді. Қарап шықтық. Мұнда болашақта еңбек нарығында сұранысқа ие болатын мамандықтар, сұранысы азаятын немесе мүлдем сұранысқа ие болмайтын мамандықтар туралы зерттеулер нәтижесі берілген. Бұл атлас жұмысымызды жоспарлауға, болашаққа болжамдар жасауға үлкен мүмкіндіктер береді.

– Қоғамда «Neеt жастар» деген проблема бар. Еш жерде оқымайтын не жұмыс істемейтін, азаматтық белсенділігі төмен (ата-анаға масыл) жастардың жайы бүгінгі  қоғамның ең өзекті мәселесі. Әлеуметтанушылардың айтуынша кәсіби колледждер осы проблеманы аздап болса да шешуге ықпал етеді екен. Сіздің пікіріңіз қандай?

– Иә, рас біздің қоғамда еш жерде оқымайтын не жұмыс істемейтін, жұмыс істесе де маусымдық жұмыстарда жүретін, азаматтық белсенділігі төмен  жастар буыны  қалыптасқанын мойындауымыз керек. Бұл  –  үлкен әлеуметік проблема. Жоғарыда айттым облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы республикалық бюджеттен 10 мың орын (грант) сұрап отыр екен деп. Бұл осы әлеуметтік проблеманы шешудің бір жолы. Мемлекет жастарды жұмысшы мамандықтарына тегін оқытып, өмірден орнын табуға ықпал етуге үлкен көңіл бөліп отыр. Осы ретте колледждердің ролі өте маңызды. Біз тек білім беріп қана қоймаймыз, олармен тәлім-тәрбие жұмыстарын жүргіземіз, өзін қоғамға қажетті адам ретінде сезінуіне, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды жүргіземіз. Қарапайым мысал, қаладағы Р.Сейтметов театрындағы «Ақ босағаң арың» қойылымынан шыққан сәттегі кейбір тәртібі нашар, қиқарлау студенттерімнің жүзіндегі эмоциясын көріп, дұрыс бағытта тәрбие жұмыстарын жүргізіп жатқанымызға сенім пайда болды. Тәрбиелік мағынасы бар түрлі форматтағы нәтижелі іс-шараларды ұйымдастыруды жалғастыра береміз.

Әңгіме-сұхбатыңызға рахмет. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан; Әтіргүл ТӘШІМ,журналист.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *