Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауында мәдениет қызметкерлеріне қолдау көрсету керек екенін айтты. Мәдениеті өскен мемлекеттің және дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз деген алдымызға қойған мақсатымыз бар, сондықтан мәдениет пен әдебиеттің рөлі зор. Сол үшін біз ерінбей жұмыс істеуіміз керек, деп тұжырыдаған болатын Мемлекет басшысы.
Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, түрлене, гүлдене түскен бүгінгі күні қаланың өз мәртебесіне лайық мәдениет мен өнері, рухани келбеті артып келеді. Осы ретті қалалық Мәдениет үйінің директоры Лиза Төлегенқызы ШӘМЕТ ханыммен аз-кем әңгімелескен болатынбыз.
—Қандай да атаулы дата, айтулы мерекеде мәдениет саласының майталмандары ел алдында жүреді. Осы ретте, Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шаралардың легіне тоқталсаңыз.
— Иә, облыстың 5 жылдығына орай да жалпы түркістандық мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерінің көшін бастап келе жатқан біздің бөлім талай тағлымды іс-шарларды ұйымдастырды. «Түрленген, гүлденген Түркістан» атты ақындар айтысы өтті. Аламан айтыстың ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы мен қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы қатысып, алғы сөз сөйледі. Айтысқа еліміздің әр аймағы мен қалаларынан 6 жұп қатысты. Олар: Нұрмат Мансұров, Жансая Мусина, Айым Асылбекқызы, Мөлдір Айтбаева, Аян Ниязбек, Нұрмахан Жақыпбек, Дәурен Ысқақ сынды айтыскер ақындар қатысты. Нәтижесінде қара қылды қақ жарған ақындар жүлделі орындарға ие болды. Атап өтетін болсақ, Бас жүлдені Дәурен Ақсақалов жеңіп алды, бірінші орын Нұрмат Мансұровқа бұйырды. Сонымен қатар ақындарға Көпбай Омаров атындағы жүлде, Әселхан Қалыбекова атындағы жүлде мен Тәушен Әбуова атындағы жүлделер табысталды.
Түркістан қаласының мәдениет күндері аясында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестиваліне арналған «Гүлденген Түркістан» тақырыбында мерекелік Гала концерт өтті. Оны тамашалауға қала тұрғындары, әжелер алқасының мүшелері, қазылар алқасының құрамы, арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Гала концерт барысында елімізге танымал эстрада жұлдыздары отбасылық дуэт Қуаныш пен Қарлығаш, қобызшы Ақерке Тәжібаева, «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының әртісі Шәкен Амантуров өнер көрсетті. Сонымен қатар, Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әннен шашу шашты. Көрермен назарына облысымызға танымал «Цирк» өнерінің әртістері мен «Монро» сән үйінің қыздары өнерлерін паш етті. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, «Оң босағаға отырғызу тойы» іс шарасы мен «Көрікті айым-суретім» фотосурет және бейнелеу өнері суретшілері, «Қол өнерім – мол өнерім» қолөнер шеберлерінің ісшарасы этноауыл аумағында өтті. Шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. «Ясауи» қақпасының алдында қымыз-қымыран ұсынған әжелеріміз келген қонақтарды қарсы алды. «Қолөнерім – мол өнерім» қолөнер шеберлері көрмесі және тігін этно киім, құрақ дорбалары, тоқыма бұйымдары мен аяқ киімдер, зергер, керамика, ағаш бұйымдары, құмыра саз балшықтан жасау, тері илеу, домбыра шеберлері көрмелерін ұсынды. Сондай-ақ, бірінші киіз үйде, «Қыз айттыру» салт-дәстүрі көрсетілді. Екінші киіз үйде, «Қыз ұзату» үшінші киіз үйде «Беташар», төртінші киіз үйде «Құдалық», бесінші киіз үйде «Шілдехана», алтыншы киіз үйде «Тұсау кесу» дәстүрінен үзінділер көрсетілсе, сахнада ұмыт болған «Оң босағаға отырғызу» дәстүрі көрсетілді. «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестиваліне Түркістан қаласы суретшілер мен қолөнер шеберлері әкелген құрақ көрпе сынды тағы басқа бұйымдар сән салтанатымен, әдемі өрнектерімен ісшараның мазмұнын байытты. Шараны тамашалаған қазылар алқасының құрамы әр шебердің жұмысымен жекелей танысты. Спорттық ойындар, «Түркістан жетістіктері» көрмелері «Яссы» халықтық этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен ұлттық нақыштағы әуезді әндер шарасы өтті. Фестивалдің үшінші күнінде жалғасқан шарада ұлттық ойындарымыз дәріптелді. Солардың ішінде: асық ату, арқан тарту, қолкүрес, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ. Сонымен бірге, «Яссы» халықтық фольклорлық ансамблінің шығармалары рет-ретімен орындалды.
Шара барысында жасөспірімдер спорттық сайыста бақ сынап, үздіктері арнайы диплом және медалдармен марапатталды. Төрт айға созылған фестиваль нәтижесі бойынша Түркістан қалалық мәдениет үйі жүлделі ІІІ орынмен марапатталып, дыбыс күшейткіш аппаратурасына ие болды.
— Қалалық мәдениет үйіне қарасты клубтардың жұмыстары мен жетістіктері туралы айта кетсеңіз…
-Жуырда Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Ауыл мәдениеттің бастауы» атты облыстық ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар арасындағы байқауы болып өтті. Аталған байқауға Түркістан қалалық Мәдениет үйіне қарасты «Бірлік» клубы қатысты. Байқауда Клубтың жыл көлемінде атқарған жұмыстары мен ісшараларын ретімен баяндап таныстырып өтті. Тақырыпқа сай концерттік бағдарлама дайындап, видео ролик жасап қазылар назарына ұсынды. Байқаудың қорытындысы бойынша Түркістан қалалық мәдениет үйіне қарасты Бірлік клубының меңгерушісі Майгүл Тұрыскелдиева «Үздік клуб қызметкері» аталымымен марапатталғанын мақтаныш етеміз. Бұл ғана емес, жалпы өз ісінің шеберлері, мәдениет саласының майталмандары аз емес.
Қорыта айтқанда, мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, парасат-пайымы. «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады» деген есті сөз ел жадында. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер айтпаса керек. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Сондықтан, ел Президенті тапсырмасын, тұжырымды сөздерін, сындарлы саясатын жүзеге асыру бағытында Түркістан қалалық Мәдениет үйі қызметкерлері де елге, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді.
—Сұхбат әңгімеңіз үшін көп рахмет!