Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе. Азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу – баршамызға ортақ парыз» деп ерекше атап көрсетті. Бүгінгі әңгіме өткен ғасырдың алғашқы ширегінде қайғылы кезеңді бастан өткізген, жазықсыз жапа шеккен Созақ елінің ауыр да қасіретті тағдыры жайында болмақ.
«Созақ – қария, Созақ – мінездің» тарихындағы келесі бір «ақтаңдақтар» – ол Созақ көтерілісі. Бала күнімізде, білім қуып өзге аймақтарда жүргенде осы көтеріліске қатысты талай-талай айыптауларды, кінә таққанды көріп өстік, кейде өзіміздің созақтық болғанымызға өкінетінбіз. Кең дала, азат өмір, өнердің ордасы болған Созақ тәркілеу мен айдаудың ащы дәмін татқаннан кейін «мінез» көрсетті, оған себеп пен салдар да жеткілікті еді. 1930 жылдың 7-17 ақпан аралығында көтеріліске шыққан ашулы жандардың қолынан аудандық партия комитетінің хатшысы Күдербек Жүнісбеков бастаған 18 адам қайтыс болды. Атқару комитетінің төрағасы Қаңлыбаев, халық соты Темірбаев, тергеуші Бегалиев, инспектор Чилибаевтан өзгелерінің бәрі өзге ұлт өкілдері екен, дәлірек айтқанда, есепші, инспектор, фельдшер, жұмысшы, бухгалтер, меңгеруші, темірші, жылқы қора меңгерушісінің бәрі де славян тектестер. Тағы бір таңқаларлығы, олардың бірде-біреуі Созақ өлкесінің азаматтары емес, сондай-ақ тек алғашқы жауапты қызметтегі төртеуі ғана партия мүшесі мен кандидаттары. Бұл кейбіреулер айтып жүргендей, «созақтық көтерілісшілер барлық коммунистерді қырып салды» дегенге келмейді.
Созақтағы «көтерілісші-бандиттерді» басуға алдымен Шымкент отряды шұғыл түрде жолға шықты. 53 адамнан құралған отрядтың командирі болып Исаев тағайындалды. Сонымен қатар Түркістаннан 50 коммунар, Қызылордадан пулеметі бар 50 солдат жолға шығады. Қолдарында санаулы ғана бердеңкесі мен қолдан жасалған қарулары бар көтерілісшілер мұздай қаруланған әскерлерге төтеп бере алмады, бас көтеру аяусыз басылып-жаншылды. Көтерілісшілер қолынан мерт болғандар да аз емес. Осы ретте Ф.И.Голощекиннің 1930 жылы 1 наурызда И.В.Сталинге берген ақпаратына, құпия хатына сүйенсек, коммунарлардан 50-ге тарта адам өлсе, көтерілісшілердің 400-ден астамы қаза тапты. («Ақиқат», №1, 1992 ж).
Кеңестік жүйенің қиянатына қарсы болған (1929-1930 жылдар аралығында) 400-ге жуық көтерілістің ішіндегі ерекше орны бар бұл көтерілісті бағалау былай тұрсын, аса қатты айыптаумен күн кештік. Керісінше, сол қандас бауырларымызды қанға бөктірген жендеттерге, Клоков бастаған коммунарлардың басына алау жағып, қаншама ұрпақ тағзым етіп өсті.
Әйгілі бас көтеруге қатысқандарды қырып-жоюға алдымен өзге ұлт өкілдерінен жасақталған отряд шығарылды, олар аса бір өшпенділікпен әрекет етті, ақ-қараны айырмады. Олардың дені ойдан-қырдан құралған құрамалар еді, дегенмен, көпшілігі бұл жазалауға еріксіз барды. Архив деректерінде олардың дені агент, қойма меңгерушісі, мақта зауытында қара жұмысшы, кондуктор, инструктор, тағы басқа да кәсіптің айналасында жүрген қарапайым жандар делінген. Олар жүйенің қолшоқпары болып өздерін де, өзгелерді де аямай әрекет етті. Отряд командирі Исаевтың осы мерт болған коммунарлардың бәріне берген мінездемесі бар, әсіресе, Клоковты ерекше әспеттеген, ал, енді М.Н.Трегубовқа берген аса құпия саналатын мінездемеде былай делінген: «Айта кету керек, кейбір коммунарлардың айтуы бойынша, Трегубов соғыс алдында қалтасынан жарты бөтелке арақты суырып алып, дем алмастан тартып салады және қатты атыс болғанда Трегубов түрегеліп тұрып сарайға қарай оқ атады, осы уақытта оны жұлып кетеді» («его сшибли») деп мінездеме берген. Біздің көзсіз бас иіп, ұлттық деңгейдегі батыр етіп, тағзым етіп жүрген Трегубовтың сиқы осындай, оны біз емес, командирі Исаев айтып отыр.
Көтеріліс аяусыз басып-жаншылды. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, Созақ даласына енді аштық алапаты келіп жетті. Қазақстандағы 40 миллионға жуық малдың 5 миллионға дейін кемігенін ескерсек, отызыншы жылдары аштық алапатынан халықтың 2,5 миллионға азайғанын айтқанда аза бойың қаза болады. Республикада болған бұл аштықтың азабын Созақ өңірі де қатты тартты. Күні кеше ғана көтеріліске шыққан халықты кеңес өкіметі одан әрі жаншып, езе түсті. Осы қолдан ұйымдастырылған аштыққа себеп болды-ау дейтін біршама «ерекше құпия» немесе «жариялауға жатпайды» дейтін архив материалдарымен танысқанда көп нәрсеге көзіміз жетті. Аштықтың араны ашылып тұрған 1932 жылы Созақ ауданы дайындауға тиісті экспорттық мүлікті, мал өнімдерін көрсең төбе шашың тік тұрады.
Отыз екінің ашаршылығы саяси қуғын-сүргінге ұласты. Архив деректеріне сүйенсек, партия ұйымын тексеру, тезден өткізіп отыру аудан құрылған кездегі алғашқы жылдардан-ақ басталған екен. 1929 жылғы 28 тамызда Сырдария округі, Созақ ауданы, №1 бастауыш партия ұйымының тізімі берілген және осы тізім бойынша 55 адам тексерістен өтіпті. Соның ішінде тексеруден өткені – 13, сөгіс берілгені – 8, партиядан шығарылғаны – 15, келмегендері – 6, қалғандарына «сауатсыздығын жойсын» деп қаулы шығарылған. Тексеруге түскен 55 адамның басында төңкеріс кезінде көтерілісшілердің қолынан қаза тапқан Жүнісбеков Күдербектің өзі тұр екен.
Облыстық мемлекеттік архивтің №2274 қорындағы №1 істің 3-тізбесі былай деп аталады: «30-40 жылдарда репрессияға ұшырап халық жауы, бай ретінде партиядан шығарылған коммунистердің тізімі». Шешімді облыстық партия комитеті 1937 жылы шығарған. Ол кісілердің аты-жөндері мен оларға тағылған айыптар төмендегідей:
Сатыбалдиев Тасыбай – халық жауы.
Ахметов Зейнулла – партия және халық жауы.
Тұранов Зекен – халық жауы.
Бейсенбаев Мейірбек – саудагер және болыс.
Рахматуллин Нұртаза – тұрмыстық іріткі салу мен ысырап қылу.
Халық жауларын анықтауға арналған келесі архивтің анықтамасымен де танысудың сәті түсті, бұл да сол 2274 қордың №2 ісі, №3 тізбесі. Көрсетілген анықтамалардың шешімі тым қатал, адам өміріне балта шабатындай ауыр. Солардың кейбіреулеріне ғана тоқталсақ: Айсарин Сүлеймен 1907 жылы №1 ауылда туған, 1929 жылдан партия мүшесі, партия билеті №1589101. Созақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істейді. КСРО Жоғарғы әскери сотының 1938 жылғы 5 наурыздағы шешімімен сотталып, ең жоғары жазаға кесілді» деп көрсетілген. Осындай аса ауыр жазаға кесілгендер сапында Ахметов Зейнулла, Әлімбаев Ахмет, Жүсіпбеков Әбдірахман, Сатыбалдиев Тасыбай, Туғанов Қыстаубай, Үсенбеков Темірбай, т.б. азаматтардың аты-жөндерін кездестірдік.
Қолда бар дереккөздеріне сүйенсек, тек қана партия мүшелері мен жауапты қызметте жүргендер ғана емес, қарапайым халық та аз зардап шекпеген, сондай аяулы жандардың бірі – Шерияздан Сапарбаев. Созақ аудандық НКВД бастығы Тұрғанбаев берген анықтамада 63 жастағы бұрынғы бай, болыс, 1931 жылы сотталған, Созақ көтерілісіне қатысқан, бірақ ол туралы жасырып келген, сонымен бірге кеңес өкіметі туралы жаулық ниетті әңгіме айтқан Сапарбаев «өзінің кінәсін мойындайды» деп аяқталады.
Әрине, Созақ өлкесіне кеңестік жүйенің жасаған зұлымдықтарын бір мақаламен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондай зұлматты, қиянатты көріп жүрсе де ата-бабаларымыз өр рухынан танған жоқ. Кең даланың төсінде жүріп ата-баба дәстүрімен мал өсірді, өнер-білімге ұмтылды. Біздің жылдар бойы күткен бостандығымыз да келді. Туған өлкеміздің түтіні түзу шығып, кешегі көрген теперіштер тарихқа айналып келеді. Бәріне шүкір, кешегі көрген қиянаттан белі бүгілмеген бабаларымыздың аманатын алға жетелеп, жазықсыз өмірден өткен сол аға буынды ұмытпай, рухына тағзым етіп отырсақ, бүгін де, келешек те нұрлы болмақ.
Нариман НҰРПЕЙІСОВ,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан
педагогикалық университетінің оқытушысы,
Созақ ауданының құрметті азаматы.