Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе. Азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу – баршамызға ортақ парыз» деп ерекше атап көрсетті. Бүгінгі әңгіме өткен ғасырдың алғашқы ширегінде қайғылы кезеңді бастан өткізген, жазықсыз жапа шеккен Созақ елінің ауыр да қасіретті тағдыры жайында болмақ.
Созақтың тарихы тым тереңде. Қарт Қаратаудың теріскейінде орналасқан бұл өлкеде 9-12 ғасырларда өмір сүрген ежелгі Баба-ата қаласының орны сақталған. Ал, 16-17 ғасырлардың өзінде қазіргі Оңтүстік Қазақстан өлкесінің даңқын алыс-жақынға танымал еткен Сауран, Сығанақ, Яссы (Түркістан), Отырар, Сайрам (Испиджаб) қалаларының қатарында Созақ шаһарының болуы аймақта мәдени, рухани орталықтың болғанын дәлелдей түседі. XIX-ғасырдың орта шенінде ел тәуелсіздігі үшін жанын шүберекке түйіп, күрес жүргізген, қазақ елінің соңғы ханы Кенесары Қасымұлының жорығы кезінде де азаттыққа ұмтылған бұл Созақтың 20-ғасырда, әсіресе ғасырдың алғашқы жартысында көрген зәбір-жапасы тіпті аз емес.
Кең-байтақ туған өлкеміздегі Созақтың сыры да, жыры да бөлек қой. Атақты Асқар Сүлейменовтің «Созақ біріншіден – қария, екіншіден – мінез, үшіншіден – өнер» деп келетін қанатты сөздерінің танымы мен талғамын ажыратуға шамамыз кейде жетіп, кейде жетпей жататыны жасырын емес. Созақ – қарияның тарихындағы там-тұмдап кездесетін деректер көне жазбаларда кездеседі, соның ішінде әйгілі «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарындағы «Қаратаудың басынан көш келеді» деп басталатын әйгілі тарихи жырдағы қасіретті оқиғалардың осы өлкеде өтуі көп жайтты аңғартады. Қазақ хандығының ту тіккен жері айбынды Абылай заманынан кейін-ақ бірде Қоқанның, енді бірде Ресейдің қол астына өтіп, қилы-қилы кезеңді басынан кешірді.
Кеңестік қоғамда Созақ өлкесіндей көп қасірет шеккен аймақты Қазақстаннан табу қиынның қиыны шығар. Біз бүгін 1928-1938 жылдары Созақ өлкесінде өткен басты оқиғаларды, олардың себебі мен салдарын еске түсіргенді жөн көрдік.
Созақ ауданы 1928 жылы 17 қаңтарда аудан болып құрылды, орталығы қазіргі Созақ селосы болып белгіленді. 1925 жылы Қазақстанды басқарған Ф.И.Голощекиннің «кіші Октябрь» төңкерісін жүргізгені тарихтан мәлім. Сол төңкерістің алғашқы салқыны Созаққа 1928 жылы-ақ жетті. Аймақтағы байлардың мал-мүлкін кәмпескелеп, өздерін жер аударды. Қолымызда «Түркістан уезінің Созақ болысындағы байлардың тізімі» деген құжат тұр. Жауапты хатшы Волков дегеннің (тізім 1928 жылдың 17 наурызында түзілген) қара тізіміне 53 адам ілініпті. Тізімге іліккендердің ең алдымен ауылы, жылқысы, түйесі, қой-ешкісі, жұмысшылары мен иелігіндегі жері көрсетіліпті. Қара тізімнің ең басында тұрған Мұсаев Жолшының он жылқы, бес түйе, 300 қой-ешкісі, 50 сиыры, 2 жалшысы, 50 десятина жері бар деп көрсетілген. Төрт түлік малының саны 400-ге жетпейтін кісіні бай деп көрсетіпті. Тізімде көрсетілген елу үш байдың жиырмаға жуығының барлық мал саны тіпті 500-ге де жетпейді, Құсбақов Момынайдың малы 198 (157 жылқы, 41 түйе) ғана екен. Ең малы көптері Аппақов Дайырбек (1310), Есенбеков Иманбай (900) екен. Созақ ауданының байлар тізіміне іліккен елу үш адамның барлық малы 29 543-ті құрапты, оның негізгі бөлігі әрине, қой-ешкілер ғана.
Атақты жазушы Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» романындағы 17 мың жылқы айдаған Жұман бай мен 12 мың жылқысы бар Игіліктердің қасында бұл кісілерді бай деп айтудың өзі ұят. Тек қана Дайырбек байда ғана 550 жылқы бар екен, одан басқа 100-ге толатын жылқысы барлары екеу ғана, тізімде аты-жөндері көрсетілгендердің негізгі байлығы қой-ешкі болған.
Келесі бір құжат «Сырдария округінің Созақ ауданы бойынша 1928 жылдың 1 қаңтарындағы конфискацияға ілінген байлар туралы мәлімет» деп аталады және ол мәліметті округтік комиссия бекіткен. Мұндағы қара тізімге іліккендер саны төртеу ғана. Олар Оспанов Көкібай, Исаев Жанәділ (бұл екеуі неге екені белгісіз жоғарыдағы тізімде жоқ), Аппақов Дайырбек, Тіленшин Дүйсенбай.
Тағы бір назар аударатын мәселе, ОГПУ-дің «ерекше құпия» деген бұрыштамасымен осы аталған төртеуіне жеке парақ толтырылыпты. Құпия қағаз 1928 жылдың 10 тамызында орыс тілінде толтырылған. Ендігі кезекте осы қызыл қағаздағы кейбір деректердің қазақша үлгісін оқырмандарға таныстыра кетсек. Аппақов Дайырбек алпыс жаста, Сырдария округіне қарасты Созақ ауданы, №10 ауылындағы Кеңгір деген жерде тұрады. 920 ірі қарасы 1700 ұсақ малы бар. 7 десятина жерге егін егеді, алты жалдамалы жұмысшысы бар. Малын жасырады және оларды кедейлер мен туыстарына таратып береді.
Исаев Жанәділге тағылған айыптар тым ауыр. 45 жастағы №6 ауыл тұрғынының мал-мүлкін көрсетіп қана қоймай, оған саяси айыптаулар да іледі. Оны 9 жылға жуық уақыт болыс болып, байлар мен атқамінерлердің үгіт-насихатын жүргізді, байлар тобының аса беделді, сыйлы өкілі, діндарлығы арқылы көпшілікке ықпал етуші жан ретінде көрсетеді. Сөз түйінін «барымтаға қатысушы және ұйымдастырушы» деп аяқтайды.
Көнекөздердің айтуынша, Жанәділ болыс аса сыйлы, құрметті кісі болған. Азамат соғысы жүріп жатқан аласапыран жылдары Сәкен Сейфуллинге жолыққан. Мал-мүлкі тәркіленіп, Орынборға жер аударылған аяулы азамат елге аман-есен оралып, алпысыншы жылдары Сарыағаш өңірінде қайтыс болады.
Созақ өлкесіндегі аса ірі бай Дайырбек те сол айдаудан аман оралып, Келес өңірінде жетпісінші жылдары қайтыс болыпты. Дайырбектен кейінгі аса ірі бай болған Иманбайдың да көп ғұмыры өзге елде өтті. Жер ауып, бас сауғалаған ол Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан жерінде жүріп, Қазақстанға 1956-1957 жылдары ғана оралады, ал, туған елі Қаратау, Бақырлыға 1969 жылы көшіп келді, 1974 жылы күзде Сарыжазда қайтыс болды.
Қайран Созақ 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен, ақпан-қазан төңкерісінің дауылынан, 1918-1920 жылдардағы азамат соғысынан аман қалса да, кеңестік өкіметтің тәркілеуіне төтеп бере алмады. Қаймағы бұзылмаған қалың елдің сыйлы, дәулетті, ырысты адамдары айдауға ұшырады, мал-мүліктері тәркіленді, аузын үріп, аяғынан тұрғызған малын зорлықпен тартып алған қоғамға не дейсің?!