Түркістан облысында 2025 жылға дейін 110 210 гектар алқапқа 170 млн. түп көшет егу жоспарланған. Осы бағытта өңірде тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Отырар ауданында орман қорын молайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, былтыр Отырар орманшылары 5700 гектар жерге сексеуіл дәнін сепкен болатын. Нәтижесінде, шөлді аймақта құм көшкіні басылып, «Қызыл кітапқа» енген жануарлар көбейе түскен. Жуырда өңір журналистері облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған баспасөз турында аталған сексеуіл алқабымен танысып қайтты.
Сапар барысында орман шаруашылығына байланысты атқарылған жұмыстар баяндалып, алдағы жоспарлар таныстырылды. «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің» орман шаруашылығына қарасты сексеуіл алқабы көрсетілді.
Өткен жылдың көктем айында «Байырқұм» орманшылығының 15 гектар алқабына 2 мың тоннадан аса қара сексеуілдің ұрығы себілген болатын. Журналистер осы «Байырқұм» орманшылығында болды. Былтыр егілген сексеуіл 10-12 см болып бой көтеріп қалыпты. Келесі жылы бойы 25-30 сантиметрге жеткен соң сексеуіл көшеттері қазылып алынып, арнайы дайындалған жерге отырғызылады. Жалпы, жылына сексеуіл 10-15 сантиметрге дейін өседі. «Байырқұм» орман шаруашылығы басшысының көмекшісі Бағдат Қырқынбайұлының айтуынша, сексеуілді арнайы тұқымбақтарда өсіреді. Сексеуілдің өсіп-өнуі ауа райына байланысты. Егер де күн салқын болса, онда өнімділігі жоғары болады. Биылғы ауа райы жауын-шашынды болып тұр. Мекемеге қарасты «Байырқұм» орманшылығында 300452 гектар жер бар. Оның 168600 гектары сексеуілді алқап.
Баспасөз туры барысында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Айдынбек Махашов өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы сөз етті.
– Білесіздер, Мемлекет басшысы 5 жыл ішінде 2 миллиард түп ағаш отырғызуды ал, елді мекендерде 15 миллион түп ағаш отырғызуды міндеттеді. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін 110 мың гектарға 170 млн. түп көшет егілуі тиіс. Өңірде 2021-2023 жылдар аралығында 51 мың 500 гектар жерге 78 млн. түп ағаш отырғызылды. Даланы көмкерген жасыл желектің басым бөлігін сексеуіл ағашы құрайды. Қазіргі таңда облыста осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Созақ, Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласында сексеуіл алқабы жылдан жылға ұлғайып, орман қоры жерлері кеңейіп жатыр. Түркістан облысының орман қоры алқабында орташа өнімділік 50 пайыз болып бекітілген, – деді ол.
Отырар ауданында орман қорын ұлғайту шаралары жан-жақты қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
– Мекемеге қарасты орман қоры алқаптарында кешенді жоспарға сәйкес, 2021-2025 жылдары 33 мың гектар аумаққа 41 млн. түптен астам ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Осы орайда Отырар орман шаруашылығы КММ-не 2021-2025 жылдар аралығында 6910 гектар жерге 12 341 260 түп сексеуіл көшетін отырғызу, 26 500 гектар жерге сексеуіл тұқымын себу жоспарланған. Бүгінгі таңда жоспардың 52 пайызы орындалды. 2025 жылдың соңыңа дейін жоспар 100 пайыз орындалады. Соңғы жылдары егілген көшеттерге тұрақты түрде күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуінің нәтижесінде өнімділігі 70-80 пайызды құрап отыр, – деді «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ директорының орынбасары Нұрлан Балабеков.
Мамандардың айтуынша, сексеуілдің табиғатқа тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Ол ең алдымен құмның көшуін тоқтатады. Себебі, 2-3 метр тереңдікке бойлаған тамырының өзі-ақ дала құмының жылжуына тосқауыл болады. Алайда, оның өсіп-жетілуі өте қиын, баяу өседі. Сондықтан сексеуіл алқабын барынша көбейтуді қолға алған жөн.
Елімізде сексеуілдің үш түрі бар. Біздің өңірде соның екеуі кездеседі. Ақ және қара сексеуіл. Ал, қара сексеуілдің көп бөлігі осы Отырар ауданында өседі. Отырар ауданындағы орман қоры алқабы 4 орманшылыққа бөлінген. Атап айтқанда, Балтакөл, Байырқұм, Шәуілдір, Қаратау орманшылықтары. Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты орман қорының жері 1 055 910 гектарды құрайды. Оның ішінде орманды алқап – 685 815 гектар.