Облыс орталығындағы «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында «Ел бақыты – еңбек пен бірлікте» деген тақырыппен Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясы өтті. Ел тұрғындарының қарым-қатынасын нығайтуды мақсат тұтқан бұл жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, ҚХА Кеңесінің мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, аудан, қала әкімдері, облыстық ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері, жастар ұйымдары мен БАҚ қызметкерлері қатысты. Сессияға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев модераторлық етті.
Сессия басталардан бұрын Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. Онда заңнамалық талаптарға сәйкес ротация тәртібімен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасарлары қызметіне «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі өңірлік филиалының төрағасы Сарманбай Сафаров пен облыстық өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Бахадир Ирсметов сайланды.
Сессия аясында Марат Әзілханов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен ҚХА-ның «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында жүктелген мақсат-міндеттерге тоқталып, күрделі кезеңде тасқын судан зардап шеккен ағайынға қол ұшын созған барша түркістандыққа алғыс айтты.
– Түркістан облысы этномәдени әралуандығымен, түрлі этностардың жинақы қоныстануымен ерекшеленеді. Кейбір ауылдардағы халық саны өзге өңірлердегі тұтас аудандардың тұрғындарынан да асып түседі. Осы ерекшеліктеріне байланысты Түркістан облысында қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету аса қажетті. Сонымен бірге, бұл өте өзекті міндетті орындау күрделі сипатқа ие екенін түсінуіміз керек. Сессияда Мемлекет басшысы этномедиацияның, жетістіктерін, оның ішінде әсіресе Түркістан облысындағы жетістіктерді атап өтті. Бұл ретте Түркістан этномедиаторлары үшін жұмыс көлемі аудандар мен ауылдар деңгейінде ауқымды болып қала береді, мен бұл жұмыстың қарқынын төмендетпеуді сұраймын, – деді Марат Алмасұлы.
Осы ретте ҚХА-ның «Жүректен – жүрекке» атты ауқымды акциясы аясында Түркістан облыстық Ассамблеясы игі үрдістің көшбасшысы болып, апат аймақтарына құны 150 миллион теңгеге жуық 630 тоннадан аса гуманитарлық көмек жібергенін және бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатқандығын айта кету керек.
Сессия аясында өңіріміздегі этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға елеулі үлес қосқан бірнеше азамат марапатталды. Одан бөлек, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Венера Саражова, Төлеби аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Жамал Кадиров, Түркістан облыстық славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Елена Стребкова облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан қайырымдылық іс-шаралары, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, өңірдегі жалпы ахуал, медиация және тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның дамуына жастардың қосқан үлесі жайында баяндамалар жасады. Соның ішінде орыстың қызы, қазақтың келіні болып, айналасына ұлт құндылықтарын дәріптеп жүрген Елена Николайқызының әңгімесі көпшіліктің көңілінен шықты.
– Ұлтым орыс, қазақтың келінімін. Сондықтан қалың елдің алдына шыққан соң, қазақтың салты бойынша сәлем салу – келіндік міндетім, ал, үлкендердің, халықтың батасын алу – мен үшін үлкен абырой. Мен Кентау қаласындағы №16 мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімімін, облыстық славян этномәдени бірлестігінің мүшесімін. Талдықорған қаласында туғанмын. Жолдасыммен Алматыда танысып, бұрын-соңды көрмеген Кентауға келін болып түскеніме 10 жылға жуықтапты. Жолдасым Нұрсұлтан – үйдің ең кенжесі болғандықтан қарашаңырақта ата-енеммен бірге тұрамыз, үш қызымыз бар. Қазақ әулетіне келін болып табалдырық аттаған күннен бастап енем өзі бас-көз болып, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйретті, қазақы тәрбиеге баулыды. Қазақ отбасына келін болып түсуім қазақ тілін терең меңгеруге де септігін тигізіп келеді. Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілді меңгеріп, еркін сөйлей алса, оның артықшылығы жоқ деп ойлаймын. Бұл – өзің өмір сүретін елге деген құрметтің белгісі. Сондықтан мемлекеттік тілді үйрену – әр қазақстандықтың азаматтық парызы деп есептеймін. Шын мәнінде, қазақ тілі – болашақтың тілі. Қазір өңірімізде ғана емес, еліміздің барлық аймақтарында түрлі этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілде сөйлеп жүрген азаматтар көбейген. Әсіресе жастар арасында мемлекеттік тілді өз бетінше үйреніп, құрғақ сөз ретінде емес, жүрек сүзгісінен өткізіп, қазақ халқына алғысын білдіріп жүрген азаматтар жетерлік. Қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін бойларына сіңірген этнос өкілдері өте көп. Қазақстан барлық этнос өкіліне өз тілін, мәдениетін, салты мен дәстүрін сақтап, дамытуына толық мүмкіндік берді. Қазақ даласынан нәр алып, осы топырақта туғаннан кейін қазақтың ұлттық құндылықтарын бірлесе дәріптеуіміз қажет. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Демек, әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрмет тұтуы тиіс. Әлем таныған ел болу үшін мемлекеттік тілді төрге шығаруымыз керек. Бұл – біздің қастерлі борышымыз, – деді қазақ тілінде еркін сөйлеген ол.
Бұл жиында қоғамдық маңызын жоғалтпаған көптеген проблемалар да қозғалды. Соның ішіндегі ең бастысы – түрлі этнос өкілдері арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, тұрақтылық пен татулықты сақтау. Сәйкесінше, дәл осы ұғымдар Ассамблеяның негізгі міндеті болғандықтан, ауқымды іс-шараның көпшілікке бергені де мол болды деген ойдамыз.