ЕКІ ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ БАУЫРЛАСТЫҚ ДОСТЫҚТЫҢ ОЗЫҚ ҮЛГІСІН КӨРСЕТКЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы, профессор, доктор Нуман Куртулмуштың қатысуымен «ХХІ ғасырдағы түркі әлемінің орны» тақырыбында кездесу өтті.

Жиынға Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы бастаған Түркияның мемлекет қайраткерлері, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, университеттің Өкілетті кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек пен ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова бастаған басшылық құрам, оқытушы-профессорлар мен студенттер қатысты.

Халықаралық қазақ-түрік университетіне арнайы келген қонақтар алдымен «Атамекен» ұлт-аспаптар ансамблінің өнерін тамашалап, «Түркі дүниесі» тарихи панорамалық мұражайын аралады және университеттің лебіздер кітабына қолтаңбаларын қалдырды.

Бұдан әрі негізгі жиын басталып, университеттің Өкілетті кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек сөз алды.

«Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атын иеленген білім шаңырағына арнайы келген Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш мырза бастаған қонақтарымызға, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мырзаға және өзге де бауырларымызға университет ұжымы мен студенттері атынан ризашылығымызды білдіремін. 1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Дәл осы Ұлы Ұлттық Мәжіліс парламентінде Түркия Республикасы бауырлас мемлекеттің тәуелсіздігін алғаш болып мойындады. Бұл өте жүрек тебіренетерлік оқиға еді. Осы оқиғадан кейін араға бірнеше ай салып, қос елдің бауырластығы мен ынтымақтастығы нәтижесінде халықаралық университетіміз құрылды. Қазіргі таңда 90 мыңнан астам түлегіміз дүниенің әр бөлігіне тарап, түркі әлемінде өте маңызды лауазымдарда қызмет етіп жүр» деген Мұхиттин Шимшек халықаралық оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы қысқаша ақпарат берді.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстан мен Түркия арасында берік қатынас орнап, ортақ құндылықтарымыз тереңдеп, рухани-мәдени байланысымыз беки түскенін атап өтті.

«Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзіңізді арнайы қабылдап, екі елдің стратегиялық серіктестігін арттыру бағытындағы жоспарлар пысықталды. Әсіресе, Түркістан шаһарын көне келбетін сақтай отырып, жаңа бағытта дамытуда Түркияның қосқан үлесі зор. Түркістан қаласы тек Қазақстан үшін емес, күллі Түркі әлемі үшін тарихи және географиялық тұрғыдан үлкен маңызға ие» деген облыс әкімі Қазақстан, оның ішінде Түркістан облысы мен Түркияның жүзеге асқан ортақ жобалары туралы кеңінен баяндады.

Қадірменді қонақ, Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы  Нуман Куртулмуш өз тілегін жеткізіп, екі ел арасындағы бауырластық жайлы баяндады.

Алқалы жиын соңында Нуман Куртулмушқа Өкілетті кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек пен ректор Жанар Темірбекова университет атынан сый-сияпаттар табыстап, иығына шапан жауып қонақжайлылықтың үлгісін көрсетті. Сондай-ақ, дәстүр бойынша құрметті қонақтар Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің жасыл алаңына көшет отырғызды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *