Осыдан 6 жылдай уақыт бұрын Түркістан қаласы облыс орталығына айналғанда шаһардың адам тәнті боларлықтай өзгеретініне сенгендер де, күмәнданғандар да болды. Десе де, осы уақыт аралығында атқарылған және қазіргі таңда жүргізіліп жатқан жұмыстар көкейдегі көп күмәнға нүкте қойды десек қателеспейміз. Себебі, бұл қалада күнде бір іс бітіп, күнде бір нысанның құрылысы басталып жатады. Осыған орай бірер күн бұрын өңіріміздің және еліміздің үш мегаполисінен жиылған БАҚ өкілдері үшін арнайы баспасөз туры ұйымдастырылып, қалада қолға алынған біршама жобалармен таныстық. Түркі елдерінің туристік астанасы атанған тарихи мекендегі «Түркістан – көне мен келешек көпірі» деп аталатын бұл іс-шараны Туризм және меймандостық университеті мен Түркістан қалалық әкімдігі ұйымдастырған.
Баспана – басты мәселе
Баспана проблемасы – Түркістан қаласында да өткір тақырып. Дегенмен, соңғы жылдары қала аумағында жүздеген көпқабатты үй салынып, бірнеше мың түркістандық тұрғын қоныстойларын тойлады. Қазір де мемлекеттік бюджеттің және инвесторлардың есебінен 56 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Соның жиырмасы «Отырар» шағынауданында бой көтерген. 800 пәтерлі, 5 қабатты 20 нысанның құрылысы облигация есебінен басталыпты. Пәтерлерді нарық бағасынан едәуір төмен, дәлірек айтсақ, шаршы метрін 220 мың теңгеден несие арқылы сату жоспарланған. Қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбековтің айтуынша, мұндағы баспаналар жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
– 2020 жылы Түркістанда аумағы 181,8 мың шаршы метрді құрайтын 496 пәтер пайдалануға берілген болса, одан кейінгі үш жылда бұл көрсеткіш 2,3 есеге артып, былтыр 3 933 тұрғынға пәтер кілті табысталды. Жалпы, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер саны 9 есе көбейіп, 3 жылда 10 767 пәтері бар 199 тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегіне 17 мыңға жуық түркістандық мұқтаж ретінде тіркелген. 2023 жылы олардың 684-і, жалпы 3 жылда мұқтаж 1518 адам баспаналы болды. Биыл қалада мемлекеттік бюджет есебінен 32, ал, жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 1800-ден астам пәтерді пайдалануға беру жоспарланған, – деді ол.
«Еңбектің көзін тапқан – бақыттың өзін табады»
Кез келген аймақтың, тіпті мемлекеттің экономикалық тұрғыдан өрлеуіне ықпал ететін салалардың бірі – өнеркәсіп саласы. 2020 жылы Түркістан қаласында бұл салада 15,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілген екен. Ал, былтыр көрсеткіш 25,8 млрд. теңгеге жетіпті. Түркістанда аталған саланың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан кәсіпорындардың бірі – «Asia Brend» жиһаз фабрикасы екендігін айта кетейік. Тірлігі тиянақты кәсіпорын 1,5 гектар аумаққа орын тепкен. Қазір мұнда 150 адам тұрақты жұмыс істеп, 150-300 мың теңге аралығында жалақы алады. Жоба жетекшісі, кәсіпорын басшысы Ұйғын Әбішевтің сөзіне сүйенсек, мұнда жылына 22 мың дана жиһаз дайындалады. Былтыр жылдық тауар айналымы 1 млрд. теңгеден асқан.
Кәсіпкер бұл жобаны өз қаржысымен бастап, кейіннен мемлекеттің қаржылай қолдауы мен жеңілдіктерін тиімді пайдаланып, қажетті техникалар сатып алған. Соның арқасында отандық өнімге сұраныс артып, қазіргі таңда кәсіпорын жиһаздары Түркістан өңірінен бөлек, Алматы, Астана, Шымкент, Қызылорда және Тараз қалаларына да сатылып жатыр екен. Тіпті, ара-тұра Ресей мен Қырғызстанға да экспортталады.
Мәдениет мерейі
Рухани шаһардағы тағы бір жағымды жаңалық – біршама уақыт бұрын Мәдениет сарайының құрылысы басталған болатын. Нақтырақ айтсақ, аумағы 1,13 гектарды құрайтын 500 орынды нысанның іргетасы былтыр қаланған еді. Құрылыс жұмыстары келер жылы толық аяқталып, ел игілігіне берілмек.
Қалалық құрылыс бөлімі басшысының айтуынша, бүгінде облыс орталығында 61 нысан салынуда. Оның 8-і әлеуметтік нысан, 3-еуі саябақ, 20-сы 5 қабатты тұрғын үй және 30-ы инженерлік инфрақұрылым жүйелері. Сонымен бірге, бес бірдей спорт кешенінің құрылысы қарқын алған. М.Тұрсынов көшесінде орналасқан стадион жаңғыртылып, «Парасат» саябағын қайта құру жұмыстары атқарылуда.
Белсенді демалыс саябағы және айналма жол бойынан демалыс аймағы жасақталып жатыр екен.
Жастар жаңа ғимаратта еңбек етеді
Жаңа Мәдениет сарайының жанынан қалалық «Жастар ресурстық орталығына» да арнайы ғимарат салынып жатыр. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Жеңісәлі Төлепбергеновтің сөзіне сүйенсек, жеңіл құрылыс материалдарынан құрастырылатын орталықта демалыс аймағы, стрит-воркаут алаңы, амфитеатр, электронды кітапхана бөлмесі, үйірмелерге арналған бөлмелер, шағын спортзал және көпфункционалды залдар болады. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдының тікелей қолдауымен бой көтерген бұл нысан қаладағы 70 мыңнан астам жас үшін керек-ақ. Алдағы уақытта Жастар орталығы 40 мыңға жуық студент пен оқушыға сапалы қызмет көрсетеді деп күтілуде.
Қарттардың да хоббиі болады
Түркістан қаласында іске асырылып жатқан тың тәжірибелердің бірі – зейнет жасындағы қарттардың салауатты өмір салтын сақтап, өздеріне ұнайтын істерімен айналысуына жағдай жасау мақсатында қолға алынған «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары. Мұндай нысан алғаш рет 2022 жылы «Жеңіс» саябағында ашылып, 774 ардагерге қызмет көрсетілсе, былтыр қызметке жүгінетіндер саны үш мыңға жуықтапты. Сол себепті, қариялардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында жуырда ғана «Бекзат» шағынауданында «Белсенді ұзақ өмір» орталығының алғашқы филиалы ашылды.
– Ғимаратта денсаулықты нығайтуға арналған арнайы бөлмелер, массаж кабинеті, зияткерлік ойындар мен бильярд бөлмесі, тұз шахтасы, жаттығу жасауға арналған бөлмелер мен тігін курсы бар. Мұнда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға күндізгі сауықтыру-демалыс және сүйемелдеу қызметтері көрсетіледі, – дейді қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев.