ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҰЛТТЫҚ ЖОБА АЯСЫНДА ҰТЫМДЫ ШАРАЛАР АТҚАРЫЛУДА

2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту»  пилоттық ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Жобаның аясында негізгі  3 міндет:

-655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу;

-жұмыс істеп тұрған аудандық ауруханаларды жаңғырту және оларды жарақтандыру арқылы 32 заманауи ауданаралық көпбейінді орталық аурухананы ұйымдастыруды қамтитын ауыл халқына шұғыл медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру;

-ауылдағы денсаулық сақтау нысандарын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету  мәселесі іске асырылып жатқаны мәлім.

         «Ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасының әлеуметтік мәні зор. Біз ауыл тұрғындарының 100 пайызын сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз ету туралы айтып отырмыз.

Бұл – мемлекет ретінде біздің міндетіміз. Алайда, бұл – атқарылатын барлық жұмыстың ең аз бөлігі.Сондықтан, жобаның екінші компоненті – ауыр дертке шалдыққандарға және жарақат алғандарға сапалы көмек көрсету уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін көпбейінді ауруханалардың құрылысына қатысты мәселе де маңызды», — деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауда.

«Денсаулық — зор байлық» — дейді дана халқымыз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» — дейді тағы бір нақыл. Бұдан шығатын қорытынды, адамзат баласын бақытқа бөлейтін алғышарт: деніміздің саулығын сақтау — «денсаулық сақшылары» атанған дәрігерлерге, денсаулық сақтау саласының жүйелі жұмысына байланысты. Осы тұрғыдан қарағанда, тұрғындарының сексен пайызы ауылды жерде тұратын Түркістан облысының денсаулық саласының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Қандай өзгерістерге қол жеткізіп отырмыз? Көпшілік көкейіндегі осы сауалдар толғандырып, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Сатыбалды Бауыржан Нұрланұлына жолығып, сұхбаттасқан едік.

— Бауыржан Нұрланұлы, жоғарыда айтып өткеніміздей, қоғамның басты байлығы — адам денсаулығы. Жыл басындағы алғашқы сұхбатымыз болғандықтан, өткенді саралап, келешекке көз жүгіртіп өтсек. Жалпы, денсаулық сақтау саласының қазіргі жағдайы қандай?

— Түркістан облысы бойынша бізде мемлекеттік қырық бес мекеме бар. Оның ішінде орталықтандырылған аудандық, қалалық ауруханалар, облыстық деңгейдегі мекемелер, облыстық балалар ауруханасы, диспансерлер, туберкулез аурулары диспансері бар. (қазір ол фтизиопримология деп өзгеріп кетті ғой.) Сол қырық бес мекеме екі млн-нан астам халыққа қызмет көрсетеді. 2023-жылы атқарылған жұмыстарға келетін болсақ, негізі ауыл денсаулығын жаңғырту ұлттық жоба аясында ауылдық жерлердегі денсаулыққа көп мән беріліп жатыр. Себебі, Түркістан облысы тұрғындарының сексен пайызы ауылды жерде тұрады.

2023-жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша республика деңгейінде бірінші орында болдық. Біздің көрсеткішіміз республика деңгейінде қорытындылар бойынша өте төмен болдық. Бұл ­- жақсы деген сөз. Қан айналымы жүйелері бойынша, аурушаңдық деңгейі, өлім болатын себептері. Бізде, мысалы, онкология бойынша аурушаңдық жоғарылаған. Бірақ, одан өлім, керісінше, төмендеген. Ол нені көрсетеді? Бұл алғашқы медициналық әлеуметтік көмек деп аталады, емханалар деңгейінде ауруды ерте анықтау, скринингтік анықтаулар қолға алынды деген сөз. Яғни, халық арасында скринингтен өту барысында қай деңгейде екенін анықтайды. Айталық, ауру бірінші кезең мен екінші кезеңде анықталатын болса, ол кісілердің өмір сүру ұзақтығы жақсарады. Медицинада оның өмір сүру ұзақтығы бес жылға дейін.

Сонымен қатар, былтыр тек облыста ғана емес, республика бойынша қызылша ауруы өршіді. Қуаныштысы, «қызыл аймақта» болған жоқпыз. Бірақ, шықпады демейміз. Бізде де анықталды. Адамдардың ауырған жағдайлары болды. Бұл орайда, халыққа айтарымыз, алдын алу шараларына селқос қарауға болмайды. Әсіресе, дер кезінде екпе алуға мұқият болған жөн. Осы орайда, өзге дінді ағымдағылар қарсылық білдіріп, кезінде балаларына екпе салдырмауы салдарынан сәбилер ауырды. Бірақ, біз де қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Медиа жоспар құрып, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Учаскелік дәрігерлер үй-үйді аралап, аурудың алдын алу, сақтану жолдарын көрсетіп, түсіндіріп, барлық аймақтар қамтылып отыр. Бүгінгі таңда жүз сексен мыңға жуық бала қамтылды. Қазір қызылша ауруының көрсеткіші бойынша «жасыл аймақтамыз». Дегенмен, «жаман айтпай, жақсы жоқ» — демекші, толық дайындық бар. Қосымша 1032 инфекциялық төсек орын жасақталып қойды. Егер күрт өсім болған жағдайда толыққанды медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік бар.Сонымен қатар, ауылды жерлердегі орталықтандырылған аудандық ауруханалардың, бұрыннан келе жатқан көптеген мекемелердің тозығы жетті. Бүгінгі күн тәртібіндегі осы көкейкесті мәселелерге де ерекше көңіл бөліп отырмыз. Осы бағыт бойынша Жетісай, Сарыағаш аудандарында өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Күрделі жөндеу жұмыстары тиянақталып, біткеннен кейін сәуір айының соңына дейін екі мекеме қайтадан іске қосылады. Аталған екі аудандағы жөндеу жұмыстары аяқталған соң бұл жұмыстар басқа ауданда да жалғасын табады. Негізгі мақсатымыз — төрт ауданда, Жетісай, Сайрам, Сарыағаш, Ордабасы аудандарында ауданаралық көп профильді ауруханаларды бейімдеу арқылы құру.

Неліктен бұл аудандарды таңдап отырмыз? Осы жөнінде түсінік бере кетейін. Жетісай — облыс орталығынан ең шалғай орналасқан аудан. Оған Шардара мен Мақтаарал аудандары жақын. Ал енді, көп профильді ауданаралық аурухана ашылған жағдайда, «КТ», «МРТ», «Ангиограф» сияқты күрделі медициналық тексерулерден өткізетін өте қымбат медициналық құрал-жабдықтар орнатылады. Яғни, осы аудандардың тұрғындары бұрынғыдай облыс орталығындағы немесе Шымкент қаласындағы емдеу орындарына ат арытып, шаршамай, жақын жерден тексеруден өтетін мүмкіндік жасалады.

Бергі жағында Сарыағаш ауданын таңдаған себебіміз, бір-біріне жақын орналасқан Келес, Абай, Қазығұрт аудандарын қамтитын болады. Ал, енді Сайрам ауданы Түлкібас, Ленгер аудандарына іргелес жатыр. Ортадағы Ордабасы ауданы Бәйдібек пен Арысты қамтиды. Бұл көп профильді ауданаралық аурухана болғаннан кейін екінші деңгейлі болады. Ол жерде инсульт орталықтары, перзентхана болады. Бұл заманауи емдеу орындарының ашылуы халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады. Мысалы, медицинада «алтын уақыт» яғни алтынға тең уақыт деген ұғым бар. Айталық, сырқат «инфаркт» алған жағдайда әрбір минут қымбат. Осындай сын сағатта көп профильді аурухана қызметкерлері сырқатты облысқа тасымалдамай-ақ өз көмегін көрсетіп, аман алып қалуға болады. Яғни, адамның өмір сүру ұзақтығын сақтауға септігін тигізеді. Заманауи емдеу орындарының артықшылығы да осында.

 

­-Бұл сын материалда біз кейбір емдеу орындарының өз мүдделерін көздеп, тұрғындардың келісімінсіз, өз беттерімен өздерінің емдеу орнына адамдарды тіркеп алатын заңсыз іс- әрекеті туралы сөз болған еді. Бұл адамдардың құқығына қол сұғу емес пе?

— Бізде әрбір жылы қыркүйектің 15-інен қарашаның 15-іне дейін «емдеу орындарына бекіту науқаны» басталады. Яғни, әрбір Қазақстан азаматы өз еркімен, өз таңдауымен кез келген емдеу мекемесіне барып тіркеледі. Сол кезде әркім халыққа қызмет көрсету орталығынан алған, өзінің цифрлық қолы қойылған ЭЦП кілтпен барып тіркеледі. Қиын жағдайға тап келмеу үшін осындай кілтті алғаннан кейін, оның паролін тез арада өзгертіп алуға кеңес берер едім. Олай дейтінім, өткен жылы «Мына емдеу орны менің рұхсатымсыз тіркеп алды» — деген арыз-шағымдар болды. Оған дейін де болған. Әлі де жалғасып келе жатыр. Бұл мәселе бойынша біз өзіміздің деңгейімізде прокуратура, ішкі істер басқармасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитет сияқты құзырлы орындармен бір емес, бірнеше рет жиналыстар өткізгенбіз. Бірақ, «рұқсатсыз тіркеді» деген арыз-шағым тоқтамай тұр. Әлеуметтік желілерде де айтылып жүр. Осының басты себебі, әлгі тұрғынның жоғарыда айтқан ЭЦП кілтін бөтен біреудің пайдаланып отырғандығында. «Сақтансаң сақтаймын» дегендей, бұл мәселеге әркім өзі мұқият болу керек. Кілтті ашқызғаннан кейін, паролін өзгертіп алу керек. Мақалада айтылғандай, құқығы бұзылған жағдайда сотқа жүгіну керек. Ал, біз өз тарапымыздан, Қазақстанның цифрализация және денсаулық сақтау министрлігіне емдеу орнына тіркелген әрбір адам «FACE ID-ден» тіркеуден өтсе деген ұсыныс тастадық. Өйткені, қазіргі 1414-тен келген хабарлама арқылы тіркелу осындай қырларымен тиімсіз болып отыр. Біздің ұсыныс осы «FACE ID» бойынша.

Жалғасы бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *