«АУЫЛДА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫ ЖАҢҒЫРТУ» ПИЛОТТЫҚ ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ӨҢІРДЕГІ МЕДИЦИНА САЛАСЫНДА ӨЗГЕРІС КӨП

Түркістан қаласындағы тері аурулары диспансеріне қатысты мәселе де шешімін күткен, өзекті мәселе деп қараған жөн. Өйткені, үш жүз мыңдай халқы бар қалада бұрын шағын болса да, тері ауруларын емдейтін мамандандырылған, арнайы диспансер бар еді. Қазіргі таңда ол жабылып қалды. Не себеп? Түркістандықтар ауруханада жатып ем алу үшін Шымкентке баруға мәжбүр. Бұл саладағы кадрлар да тапшы бізде. Менің қолымдағы мәлімет бойынша, қалада бұл бағытта үш қана дәрігер-маман жұмыс істейді. Олардың өзі де жастарды әскерге шақырулар кезінде әскери комиссариатпен екі ортада жүреді. Олардың қабылдауына түсу қиямет-қайым. Дамыған елдер өлшемі тері ауруының жоқтығымен өлшенетінін ескерсек, бұл мәселеге мықтап көңіл бөлетін кез жеткен сияқты.

— Түркістан қалалық орталық аурухана құрамында 16 төсек орындық стационар және үш дәрігер амбулаторлық қабылдау жүргізлген болатын. СОVІD-19 пандемиясы кезінде уәкілетті органның бұйрығымен стационарлық төсек-орындар жабылып, амбулаторлы үш дәрігер штаты қалалық емхананың құрамына өткізілген болатын. Дерматовенерологиялық стационарлық көмекті орталықтандыру мақсатында төсек орындар Шымкент қаласындағы облыстық дерматовенерологиялық диспансерге берілді. Ауруханада консультативті-диагностикалық қызмет бөлімшесінде жоғары санатты дерматовенеролог дәрігер амбулаториялық қабылдау жүргізеді.

Ал, жалпы, дерматолог мамандар тапшылығына байланысты сауалыңызға былайша жауап берер едім.

Дерматолог мамандарға сұраныс бар. Бірақ, жоғары оқу орнын жаңа бітірген мамандардың бұл мамандыққа құштарлығы жоқ. Өздеріңізге белгілі, университет бітірген мамандар резидентурада оқыған кезде әрбір студент қалауына қарай «узкий профильді» яғни бейінді мамандықты таңдайды. Сол кезде дерматолог пен фтизиатрияны, пульмонологияны таңдамайды. Не үшін таңдамайды? Бір жағы аурудың жұғу қаупі бар екені, аурумен тығыз байланыс болатынын қаламайды. Екіншіден, мамандар арасында актуальді емес. Бұл салаға барғысы келетіндер аз. Сондықтан да маман тапшылығы бар. Мұның алдын алу бойынша бұған дейін болмаған түрлі қадамдар жасап жатырмыз. Былтыр облыс әкімі атынан резидентураға 60 грант орын бөлгенбіз. Бірақ, бізге, өкінішке орай, отыз жеті-ақ адам түсті. Биыл 139 грант бөлуді жоспарлап отырмыз. Тағы да бұл жердегі қиындық, осы мамандықтарға оқимын дейтін маман табу. Оның ішінде жаңағы жоғарыда айтып өткен дерматолог, фтизиатр сияқты бейінді мамандықтар бар. Тағы бір қиындық, конкурстан өтіп, резидентураға түсу үшін қажет 75 балл жинау оңай емес.

Алайда, Түркістан облысында жалпы тәжірибелі дәрігерлерге қатысты, кейбір бейінді мамандармен қамтылу мәселесінде қиындық жоқ. Наурыз, сәуір, мамыр айларында әрбір жоғары оқу орындарында «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өткізіледі. Осы кезде біз жәрмеңкелерге қатысып, өзімізге керек мамандарға сұраныс-ұсыныстар тастаймыз. Талапкердің оқу ақысын төлеп оқытамыз. Бірақ жас маман кем дегенде үш жыл келісім-шарт жасаған мекемеде жұмыс істеуі керек. Ауылдық жерде жұмыс істеген жағдайда жас маманға әлеуметтік жеңілдіктер жасалады. Бір сөзбен айтқанда, біздің мақсатымыз, қалайда маман кадрлар мәселесін дұрыс жолға қою.

Портал мәселесіне байланысты дәрігер қабылдауында барғанымызда «орын жоқ» дегенді жиі естиміз. Ал, ауруханада палаталардың бос тұрғанын көреміз. Бұл бюджетпен бекітілген аурулар санының, игерілген, бөлінген медициналық қызмет түрі мен дәрілердің шектеуіне (лимитіне) қатысты ма? Неге қатысты? Бұл бағытта олқылықтар бар деп ойламайсыз ба?

— Ауруханада жоспарлы стационарлы емге жатқызу (портал) бойынша шешімін күткен мәселе бар деп ойламаймын. Әрбір емдеу мекемесі өзінің қаржысын жыл басында жоспарлайды. Портал мәселесі осыған байланысты жүзеге асырылады. Аурухана МӘМС қоры тарапынан берілген жоспарды орындаған соң, порталмен жоспарлы ауруханаға жатқызу тоқтатылады. Қала тұрғындарына Түркістан қалалық орталық ауруханасынан басқа мемлекеттік тапсырыспен 3 мемлекеттік емес аурухана, атап айтқанда, «Талғат» клиникасы, «Ақмарал» ауруханасы және Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Клиника-диагностикалық орталығының стационарлары барлық бейіндер бойынша МӘМС жүйесінде портал арқылы жоспарлы стационарлық көмек көрсетеді.

Қазіргі қоғам мемлекеттік және жеке меншік емдеу орындарының бәсекеге түскен шағы. Соған сәйкес медицина қызметкерлері де өз таңдауын жасайды. Ол оның құқығы. Дегенмен, бірнеше жерде еңбек ететін дәрігерлер бар. Осы орайда мемлекеттік мекемедегі белгілі бір дәрігердің тегін қызметін пайдаланудың өзіндік қиындықтары бар. Олардың кестесіне оңайлықпен түсе алмайсыз. Себебі, кейбір дәрігерлердің мемлекеттік емханадағы орнынан демалыс алып, сол күндері жекеменшік клиникада қабылдау жасаған фактілерін көріп жүрміз. Бұған бақылау жасай аласыздар ма?

— Медицина маманы өзінің негізгі жұмысының бір күндік сағат жұмысының уақытын өтегеннен кейін, келесі қосымша жұмыспен айналысуына болады. Алайда, негізгі жұмыс пен қосымша жұмыс бір-біріне кедергі келтірмегені дұрыс.

Тағы бір түркістандықтардың білгісі келіп отырған мәселе, екі мың орындық үлкен медициналық кешен салынып жатыр. Қашан пайдалануға беріледі?

— Түркістан қаласында 570 төсек орындық көпсалалы аурухана құрылысына Түркістан қаласы, 160 квартал, 357 жер телімінен 15,63 га. жер анықталып, «TURKESTAN» арнайы экономикалық басқарушы компаниясы» АҚ-ның атына рәсімделген. 2023 жылдың 10 шілдесінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне «ATM Turkistan Hospital» ЖШС-нен көпбейінді аурухана құрылысы бойынша жеке серіктес тарапынан жобаның бизнес-жоспары ұсынылды. Респуликалық МЖӘ мемлекеттік жекешелік әріптестік. Тапсырыс беруші «ATM Turkistan Hospital» ЖШС Құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталған, 2024 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарлануда.

Сонан соң, бұл орталық соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен жабдықталады деп жоспарлануда. Оны игеретін мамандар бар ма? Бұл мәселе шешімін қалай таппақ?

— Иә, Түркістан қаласында 570 төсек орындық көпсалалы ауруханасы соңғы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталатын болады. Мамандар даярлануда, 2023 жылы облыс әкімінің қолдауымен 37 медицина мамандары бейінді мамандық бағытында резидентураға түсіп грант иегері болды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1-наурызында «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде» Республикамызда жоғарғы медицина оқу орнын бітіріп келген түлектерге бос орындар ұсынылатын болады.

— Ал, сол кешеннен жоғарыда айтқан тері аурулары диспансеріне орын бұйыра ма? Аурудың жақсысы жоқ. Дегенмен, тері ауруы да жеңіл-желпі қарайтын сырқат емес.

— Денсаулық сақтау желісінің нормативіне сәйкес келмейді. Сол себепті қарастырылмаған. Медициналық көмек қажет болған жағдайда телемедицинаны пайдалана отырып қызмет көрсетілетін болады.

 

Сұхбат соңында халыққа қандай өтініш-тілек айтар едіңіз?

— Бірінші күн тәртібінде тұрған мәселе — медициналық сақтандыру. Бізде екі млн. халық болса, соның төрт жүз мыңнан астамы сақтандырылмаған. Көпшілігі оның маңызын түсінбейді. «Маған оның не керегі бар? Медициналық көмекті онсыз да көрсетіп жатыр ғой» — деп ойлайды. Бірақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шұғыл жағдайларда ғана көмектеседі. Ал, жоспарлы түрде өтетін скринингтар, профилактикалық тексерулер, жылдық тексерулер оған енгізілмеген. Оның бәрі бекер ойластырылмаған. Ауруды ерте кезеңде анықтауға көмектесетін шаралар. Әсіресе, балаларды уақытында тексеруден өткізіп отырса, аурушаңдық деңгейі, өлім-жітім әлдеқайда төмендейтін еді. Тағы бір айта кететін нәрсе, бізде жылжымалы медициналық кешен деген бар. Ол әр аудан деңгейінде елді мекендер мен ауылдық округтерге барып қызмет көрсетеді. Облыста осындай он екі автобус, үш «Камаз» жұмыс істейді. Олар ақпан айында жұмыстарын бастады. Қараша айының соңына дейін жұмыстарын жалғастырады. Халықты сол алдына барып тұрған жылжымалы пунктке зорға шақырып келтіретін жағдайлар бар. Келген күннің өзінде дәрігердің берген нұсқаулықтарына бейқамдық танытады. Мемлекет халық денсаулығы үшін қыруар қаржы бөліп, алдына әкеліп тұрған игілікті дұрыс пайдаланса деймін. Өйткені, әр адамның денсаулығы — ұлттың саулығы.

Бауыржан Нұрланұлы, келелі сұхбатыңызға рахмет!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *