ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫНДА КИЕЛІ ШАҺАРҒА ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕ БЕРІЛМЕК

Жуырда ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды. Заң жобасы Мемлекет басшысының Түркістан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленді. Айта кетейік, Түркістан облысы әкімі аппараты Түркістанға ерекше мәртебе беру жөніндегі заң жобасына бірқатар ұсыныс енгізген. Заң жобасына қатысты ұсыныстарға Түркістанның тарихи келбетін, ескерткіштерін сақтау, халықаралық туризм орталығы ретінде дамыту тармақтары енгізілген. Жаңа Заң жобасында қазақ халқы мен Түркі елдерінің мәдени-тарихи құндылықтарына басымдық беру, мәдени-туристік жобаларды жүзеге асыру да көзделген. Сәулет және қала құрылысы, транспорт және жолдар, туризмді дамыту, абаттандыру мәселелері де қаралған.

Осыған орай зиялы қауым өкілдері өз ой-пікірлерімен бөлісуде.

Құрылыс саласы бойынша шаһар аумағының қала құрылысы регламентін, Түркістан қаласының дизайн-кодын, сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын бекіту бойынша өкілеттіктер берілетін болады. Қала аумағына құрылыс салу мәселелерін қарау және үйлестіру үшін шаһар басшысы Түркістан қаласының қала құрылысы кеңесін құрып, қала аумағында сәулет-қала құрылысы, монументалды-көркемдік безендіру мәселелері жөніндегі ұсынымдарды қарайды және енгізеді. Қала құрылысы кеңесі туралы ережеге сәйкес өзге де функцияларды іске асырады.

Мәдениет саласы бойынша аталған Заң жобасы шаһар аумағында орналасқан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің пайдаланылуы мен күтіп-ұстау тәртібіне орай мемлекеттік бақылаумен қоса бірқатар жобаларды жүзеге асырады:

Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерінің жай-күйін анықтауды, есепке алуды, сақтауды, зерделеуді, пайдалануды және мониторингтеуді қамтамасыз етеді;

Шаһардың экономикалық және әлеуметтік даму жоспарларында жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінде есепке алуды, сақтауды, зерделеуді, ғылыми-реставрациялау жұмыстарын және археологиялық жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды көздейді;

Қала аумағында орналасқан материалдық емес мәдени мұраны қорғауды қамтамасыз етеді;

Шаһар аумағында орналасқан барлық санаттағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының жобаларын әзірлейді;

Барлық санаттағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің күзет аймақтарына іргелес аумақты салу кезінде қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді;

Қала аумағында орналасқан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінде жоспарланатын ғылыми-реставрациялау жұмыстарының ғылыми-жобалау құжаттамасын қарайды және келіседі;

Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерінде археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асырады, — дейді Мұхтар Ақжігітұлы өз баяндамасында.

Жиын барысында облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, ҚХА жанындағы қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбдіхан Әбдіқадіров, қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Мақсұт Атанбаев, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бектас Шірікбаев, «Ахыска-Тұран» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Усейн Медедов, қалалық өзбек этномәдени орталығының басшысы Райымжан Қошқаров, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және өзге де зиялы қауым өкілдерінен біраз ұсыныс-пікірлер айтылды. Сонымен қатар, басқосуға арнайы қатысқан облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым және Үкіметтік емес ұйым өкілдері пікірлерін ортаға салып, қала дамуының ендігі мүмкіндіктері мен жоспарлары туралы сөз қозғады.

Шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков заңның негізгі мақсаты — Түркістан қаласының мемлекеттік маңыздылығы ерекше екендігін еліміздің рухани әрі тарихи-мәдени орталығы ретінде таныту, қасиетті қаладағы тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау мен қорғауға басымдық беру, қала экономикасының негізгі драйверлерінің бірі — туризм саласын дамыту болып табылатындығын айта келіп, күн тәртібіндегі мәселе бойынша ой-пікірлері және ұсыныстарын ортаға салып бөліскендері үшін қатысушыларға алғысын білдіріп, жиынды қорытындылады.

Жиын соңында «Ерекше мәртебе – дамудың жаңа серпіні» тақырыбында өткен кездесуге қатысушылар тарапынан қаланың атауынан бастап, туризм саласындағы мәселелер талқыға түсті және осы бағыттарда бірқатар ұсыныстар айтып, ҚР Парламентінің қарауына ұсынылып отырған заң жобасын толығымен қолдай отырып, ол бойынша заң шығарушы органы оң шешім қабылдайтындығына сенімдерін білдірді. Айта кетейік, жаңа Заң жобасы Түркістанның еліміздің рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасуының, сондай-ақ оның мемлекеттік маңызын танудың құқықтық негіздерін белгілейді. Сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық дамуы мен туристік әлеуетін арттыруға тың серпін беріп, септігін тигізері анық. Жергілікті атқарушы билікке кең ауқымды мүмкіндік беретін жобаны түркістандықтар ерекше ықыласпен қабыл алып, қолдау білдіріп отыр.

Түркістан облысында өңірдің туристерге қолжетімділігін және жайлылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Былтыр туристік жолдарды жақсарту үшін 10,6 млрд теңгеге 7 жоба жүзеге асырылды. Ал биыл туристік жолдар бойынша 17,6 млрд теңгеге 19 жобаның іске қосылуы күтілуде. Өткен жылы облыстың туризм саласына 53,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 25 нысан қолданысқа беріліп, 366 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде тұрақты – 167, уақытша – 199. Биыл 20 млрд теңгеден асатын 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Осы арқылы 473 жаңа жұмыс орны ашылады.

Туристерге қосымша өнімдерді ұсыну мақсатында ірі жобалар қолға алынған. Соның бірі Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында жеке инвестиция есебінен «Қолөнер орталығы» жобасы іске асырылуда. Жоба құны 5,5 млрд теңге. Ал аумағы 2,5 гектар. 25 архитектуралық нысаннан тұратын кешенде қонақүйлер, сауда нүктелері, қолөнер шеберханалары мен дүкендері қамтылған. Ірі жобалар қатарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы «Күлтөбе» ескі қалашығын бюджет есебінен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Түркістан қаласында аумағы 11,8 гектар жерге аквапарк, вилла аймақтары қамтылған бес жұлдызды қонақүй салу жоспарлануда. Жоба құны – 190 млн АҚШ доллары. Бұл бағытта инвесторлармен келіссөздер жалғасады. Ұлттық спорт түрлеріне шетелдік туристердің қызығушылығы артып келеді. Сондықтан Түркістанда ұлттық ойындарды және туризмді дамыту мақсатында 99,3 гектар аумаққа «Ипподром» нысаны салынады деп жоспарлануда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *