2023 жылы 17 маусымда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысындағы сөзінде Президент киелі Түркістанды «қазақтың рухани астанасы» деп нақты шегелеп айтып, қалаға ерекше мәртебе беру жайлы заң қабылдау жөнінде тапсырма берген еді. Осы тапсырма негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңының жобасын әзірлеп, Қазақстан Республикасының «Ашық нормативтік құқықтық актілері» порталының сайтында қоғамдық талқылау үшін жариялаған болатын.
Осы ретте облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойғанына байланысты заң жобасына сай «Ерекше мәртебе – дамудың жаңа серпіні» атты қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің зиялы қауым өкілдерімен кездесуі өтті.
— Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының Түркістан қаласына ерекше мәртәбе беру туралы ұсынысы бойынша арнайы заң жобасы әзірленіп, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. Бүгінгі жиын арқылы «Ерекше мәртебе — дамудың жаңа серпіні» тақырыбында пікір алмасамыз. Аталған заң жобасының қабылдануы қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен нысандарына, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіл әлемдік мұра ретінде қорғау аумағында орналасқанын білесіздер. Сондай-ақ заң жобасы арқылы мәдени мұраны сақтау және жаңғырту, дәстүрлі қолөнерді дамыту, Түркістан қаласын туристік орталық ретінде өркендету көзделуде, — деді қала әкімі.
Ең алдымен қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов Заң жобасы шеңберінде көзделген өзгерістер бойынша баяндама жасады. Осы ретте ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында қала тұрғындарының назарына аталмыш баяндаманы ұсынып отырмыз.
— Бүгінгі басқосуымыздың арқауы болып отырған жаңа Заң жобасы аясында бірқатар шешімдер қабылданып, тиісті шараларды жүргізуге мүмкіндік береді. Ерекше мәртебе Түркістан қаласына не бермек?! Ең алдымен осыған тоқтала кетейік. Аталған Заң жобасының мазмұнында «Осы Заң Түркістан қаласына Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы деген ерекше мәртебе беру үшін тарихи-мәдени негіз ретінде Түркістан қаласының бірегей мұрасын сақтауға, зерделеуге және ілгерілетуге қатысты кешенді тәсілді іске асыру үшін ерекше реттеу мен қала құрылысын регламенттеудің құқықтық негіздерін белгілейді», — деп жазылған.
Жалпы ереженің белгіленген І тараудың баптарында Заңның қағидаттары белгіленіп, тарихи – мәдени мұраларымызды қорғауға, пайдалануға, жаңғырту үшін жағдай жасауға, сақтауға басымдық беру, қорғаудың заманауи әдістеріне негіздеу, әрбір қабылданатын шешімнің ғылыми және экономикалық негізділігі болуы атап көрсетілген. Ясауи кесенесі мен қорғау аймағындағы ғылыми жұмыстарды жоспарлауға және басқаруға қатысты кешенді тәсілді қолдану және дәстүрлі қолөнер әлеуетін дамыту. Сондай-ақ Түркістан қаласын маңызды халықаралық рухани-мәдени және тарихи орталық ретінде дамыту және ілгерілету осы заң аясында жүзеге асыруға мүмкіндік беретін болады. Бұл туралы шаһардағы мемлекеттік және жергілікті басқарудың ерекшеліктері деп аталатын 2-ші тарауда қарастырылған.Алдағы уақытта Түркістан облысы және Түркістан қаласы жергілікті атқарушы органының құзыреті т.б. баптарда осы заң аясында жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірнеше қағидалар мен ережелер қабылданып, жұмыс жасайтын болады. Аталған құжат Түркістан қаласының Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тиімді институционалдық орта құру үшін уәкілетті органдардың сондай-ақ жергілікті өкілді атқарушы органдардың құзыретін кеңейтуге бағытталған. Жаңа Заң жобасы шеңберінде жерді пайдалану құқығын беру, туристік қызметті жүзеге асыру, Түркістан қаласының археологиялық ескерткіштерінің резерватын қалыптастыру және басқа да мәселелер бойынша қосымша құзыреттер беру ұсынылады.
Туризм саласы бойынша туристік бизнес өкілдерін мемлекеттік қолдау бағытында бірқатар қолдаулар көзделген. Атап айтар болсақ:
Туристік қызмет объектілерін, яғни, туристерге арналған қонақ үйлер салу және қайта жаңарту кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу (Субсидия мөлшері – 10%-ды құрайды. Кәсіпкерлік субъектілері қонақ үйдің толық құжаттарын ұсынуы тиіс (пайдалануға беру актісі, Жобалық-сметалық құжаттама, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы, фото-бейне материалдар, өтініш);
Кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу (Субсидия мөлшері – 10%-ды құрайды. Жобалау-сметалық құжаттамасы бойынша сараптама қорытындысында көрсетілген ӨҚҚ құрылысының құнынан);
Туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне, яғни, автомобиль көлік құралдарын сатып алу жөніндегі шығындардың бір бөлігін өтеу (Субсидия мөлшері – 25%-ды құрайды. Туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектісі ретінде туроператор, турагент немесе гид қызметкерлері қарастырылады. Автокөлікке қойылатын талаптар: жүргізушінің орнын қоспағанда, сыйымдылығы сегізден астам отыратын орны болуы және техникалық стандардтарға сәйкес болуы тиіс. Субсидия алғаннан кейін туризм саласында туристерді тасымалдауды ұйымдастыру міндетті);
Кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін өтеу («ҚР кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 30 сәуірдегі № 34-VII ҚРЗ. Заңына сәйкес субсидиялау сомасы ай сайын 83 300 теңге мөлшерінде);
Сонымен қатар киелі шаһарда қолөнершілерді қолдау мақсатында қала аумағында қолөнер саласындағы шеберлер үшін шығындардың бір бөлігін жергілікті бюджеттен субсидиялау қарастырылған:
— қолөнер бұйымдарын жасау үшін өндірістік үй-жайды жалға алу;
— қолөнер тауарларын сатуға арналған коммерциялық үй-жайларды жалға алу;
— қолөнер тауарларын дайындау үшін шикізатты сатып алуға арналған шығыстар;
— сатып алу шығындары жабдықтар үшін қолөнер бұйымдарын дайындау;
— коммуналдық қызметтер.
Айта кетейік, субсидия мөлшері туристік қызмет саласындағы мемлекеттік қолдау шараларының ұқсастығы бойынша 10%-дан 25%-ға дейін өзгереді. Қолөнершілердің қызметі аясында осы аталған негізгі шығындар қамтылады. Аталған қолдаулар арқасында қолөнер саласын дамытуға өз септігін тигізеді.
Жалғасы бар.