2022 жылы 27 қыркүйекте Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан рухани астана деген мәртебеге лайық» деген ұсыныс жасаған болса, 2023 жылы 17 маусымда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысындағы сөзінде Президент киелі Түркістанды «қазақтың рухани астанасы» деп нақты шегелеп айтып, қалаға ерекше мәртебе беру жайлы заң қабылдау жөнінде тапсырма берген еді. Осы тапсырма негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңының жобасын әзірлеп, Қазақстан Республикасының «Ашық нормативтік құқықтық актілері» порталының сайтында қоғамдық талқылау үшін жариялаған болатын.
Жуырда ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды. Заң жобасы Мемлекет басшысының Түркістан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленді. Айта кетейік, Түркістан облысы әкімі аппараты Түркістанға ерекше мәртебе беру жөніндегі заң жобасына бірқатар ұсыныс енгізген. Заң жобасына қатысты ұсыныстарға Түркістанның тарихи келбетін, ескерткіштерін сақтау, халықаралық туризм орталығы ретінде дамыту тармақтары енгізілген. Жаңа Заң жобасында қазақ халқы мен Түркі елдерінің мәдени-тарихи құндылықтарына басымдық беру, мәдени-туристік жобаларды жүзеге асыру да көзделген. Сәулет және қала құрылысы, транспорт және жолдар, туризмді дамыту, абаттандыру мәселелері де қаралған.
Осыған орай зиялы қауым өкілдері өз ой-пікірлерімен бөлісуде.
— Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет Түркістанға ерекше мәртебе беру бойынша заң жобасын әзірледі. Парламент Мәжілісінің қарауына ұсыну үшін қаулыға қол қойылды. Заң жобасын дайындау өткен жылы басталып, түрлі форматта талқылаулар өткізілді. Жұмысшы топтың мүшесі ретінде барлық деңгейдегі талқылауларға қатыстым. Бұл оқиға — тек өңір жұртшылығы немесе ел тұрғындарының ғана емес күллі түркі халықтары үшін жағымды жаңалық болары анық. Түркістанға ерекше мәртебе беру бастамасы – тарихи шаһар үшін өте маңызды. Ал ол қалай жүзеге асуы керек? Мән-мағынасы, негізгі идеологиялық және экономикалық бағыттары қандай болады? Бұл әбден екшеліп, арнайы құжаттар арқылы рәсімделуі тиіс. Ал ол үшін тарихшылар, археологтар, руханият саласының өкілдері, туризм саласының білгірлері, заңгерлер, ясауитанушылар, сәулетші-архитекторлар мен Түркістан жанашырларының, ғалымдар мен зерттеушілердің пікірі өте маңызды.
Арнайы құжат қаланы рухани-мәдени және тарихи орталық етіп қалыптастыру мен дамытуға бағытталып, мемлекеттің маңызын танудың құқықтық негіздерін белгілейді. Олардың карта-схемалары жасалады. Тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды қорғау, түпнұсқалығын сақтау, басқару және ғылыми зерттеулер жүргізу жүйесі құрылатын болады. Мәдени мұралар мен қолөнерді жаңғыртуға да септігін тигізеді. 2021 жылы Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасы атанса, 2024 жылы Түркістанға «Түркі әлемінің туристік астанасы» статусы берілді. Заң жобасы туризм бағытын да ілгерілетуді көздейді.
Ең маңыздысы — қала аумағында аталған санаттағы объектілерге қауіп төндіретін құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. Сондай-ақ Түркістанның археология ескерткіштерінің резерваты құрылатыны құптауға тұрарлық. Мұндай жауапкершілігі мол шешімдер жаңарған, болашағы жарқын әрі мақсаты айқын Түркістанды одан әрі көркейте түседі, — дейді облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.
Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласының сәулетін жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Шаһардың келбетін одан әрі көркейтуге тұрғындар да өз үлесін қосуда. Осы орайда өңір тұрғындарына белгілі медиатор, қоғам белсендісі Бақытжан Жармаханұлының ұсыныс-пікірін ұсынып отырмыз.
Қуанышты жағдай, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасын ҚР Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды. Осы Заң жобасына сәйкес — Түркістан қаласы Қазақстан Республикасының рухани және тарихи орталығы ерекше мәртебесіне ие және Түркістан облысының әкімшілік орталығы болып табылады, сонымен қатар Заңның міндеті — ҚР рухани және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының жұмыс істеуі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу әрі қала қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындап беру. Аталған құжат қабылданған жағдайда, оның ережелері киелі Түркістан қаласының тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен үйлері және басқа да объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағында орналасқан ескерткіштерді басқарудың, сақтаудың, олардың тұтастығын қолдаудың оңтайлы жүйесін құруға мүмкіндік береді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аймағында биіктігі жеті метрден асатын және тарихи-мәдени ескерткіштермен ауқымы әрі түр-түсімен үйлеспейтін объектілердің құрылысына жол берілмейді.
Заңның талаптарына сәйкес негізгі мақсат:
— Түркістан қаласының еліміздің рухани және тарихи-мәдени орталығы ретіндегі ерекше мемлекеттік маңыздылығын тану;
— Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау басымдығы;
— Түркістан қаласы экономикасының негізгі драйверлерінің бірі ретінде туризмді дамыту үшін жағдай жасау болып табылады.
Түркістан қаласының аумағында тарихи-мәдени мұра объектілеріне қауіп төндіретін құрылыс және басқа да шаруашылық қызметтердіі жүргізуге тыйым салынады. Тарихи-мәдени ескерткіштер мен ғимараттардың өзара тұтастығын сақтау және қорғау мақсатында Түркістан қаласының археологиялық ескерткіштерінің резерваты құрылатын болады, — дейді Түркістан қаласының Құрметті азаматы Бақытжан Бейсембаев.
Киелі қаланың бірыңғай қайталанбас сәулет стилі бар. Бүгінгі таңда салынып жатқан жаңа нысандар мен тұрғын үйлердің қасбеттері белгіленген талапқа сай бой көтеруде. Жеке кәсіпкерлерден тұрғын үйлер мен инвестициялық жобаларды бір үлгіде, ұлттық нақышта безендіруді талап етіледі. Облыс әкімінің тапсырмасымен жаңа нысандарды орта ғасырлық сәулет өнеріне сай, ұлттық нақышты ұстана отырып, шаһардың ерекше бірегей келбетін сақтау қатаң бақылауға алынған. Сондай-ақ салынатын ғимараттар халыққа ұзақ жылдар бойы сапалы әрі жайлы қызмет етуі үшін әрбір жоба егжей-тегжейлі қаралады.
Шаһардың дизайн-коды, яғни құрылыс салу нормаларының стандарттары мен белгілі бір үлгі, ережелері сақталуы тиіс. Бұл талап тек ғимараттар мен тұрғын үйлердің ғана емес, сондай-ақ көгалдандыру, абаттандыру, тас төсеу, жарықтандыру, аялдамалар, шағын сәулеттік пішіндер мен орнатылған орындықтарға да қатысты.
Бұл бағыттағы жұмыстардың барысында өзге елдердің тәжірибесі де ескеріледі. Қоғамдық талқылау болады. Көпшілік пікірі ескеріледі. Ұсыныстар мен тілектер қаралады. Аталған тәжірибе облыстың аудан, қала, елді мекендерінде де қолданылмақ. Ауыл келбетін жақсарту бағытындағы ұсыныстарды меншік иелеріне ұсыну қарастырылуда. Бірыңғай үлгі өңіріндегі тұрғын үйлердің шатырына, жол желісіне, жарықтандыру, жарнамаларға, шағын сәулет нысандарына да қолданылмақ.
Осы ретте облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойғанына байланысты заң жобасына сай «Ерекше мәртебе – дамудың жаңа серпіні» атты қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің зиялы қауым өкілдерімен кездесуі өтті. Шаһар басшысының төрағалығымен өткен алқалы мәжіліс аталған заң жобасында көзделген ерекшеліктерге арналды. Заң жобасы Мемлекет басшысының Түркістан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді. Мәртебелі жиынға Түркістан қаласының аумағында жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың, этномәдени орталықтардың, діни бірлестіктердің басшылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңестердің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және туризм саласының қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Жалғасы бар.