ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ҮЛГІДЕГІ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНА ЖАҢА ЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫНА КӨШУДЕ – 2

Алпыс жылдық тарихы бар Түркістан қалалық орталық ауруханасы — киелі шаһарымыздағы емдеу орындарының қарашаңырағы. Осы уақыт аралығында бұрынғы қала орталығындағы әуелі аудандық, кейін қалалық болған аурухана қаншама өзгерістерді, тарихи кезеңдерді бастан кешірді. Аурухананың жаңа белестері туралы  Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері, терапевт-профпатолог Берденов Бекзат Тұрғанәліұлы бізге  берген сұхбатында  қуана бөлісті:

Бүгінгі жеткен жетістіктерімізді бір сөзбен немесе бір сұхбаттың көлемінде жеткізу мүмкін емес. Ең бастысы, Түркістан халқы үшін денсаулық сақтау саласында бүгінгі таңда жасалып жатқан медициналық жетістіктер ұшан-теңіз. Бұрын республикаға, өзге де өңірлерге барып алатын көмекті таяқ тастам, қол созым жерде алудың маңызы зор. Біз соған қуанамыз. Адамдарға осындай қуаныш сыйлай алғанымызға қуанамыз.

— Бекзат Тұрғанәліұлы, енді осы заманауи медициналық технологияларға жан бітіретін де мамандар. Сіздерде кадр мәселесі қалай шешілуде?

— Ауруханамызда жалпы алты жүзге жуық адам жұмыс жасайды. Шамамен, оның 120-130-ы дәрігерлер. Дәрігер мамандарымыздың бәрі білікті. Олардың арасында келісім-шартпен сырттан келіп жұмыс жасап жатқан дәрігерлер де бар. Ең бастысы, бұл саланы дамытатын байлығымыз — ол білікті маман кадрлар, соның ішінде дәрігерлердің алатын орны ерекше. Сондықтан дәрігерлерге жағдай жасалған. Қарапайым айлықтан бастап, басқа да тұрмыстық жағдайлар жасап отырмыз. Мәселен, жоғарыда айтып өткен жобаға байланысты бағдарламамен келген төрт дәрігерімізді үймен қамтамасыз еттік. Жалпы менің принципім, жұмысты талап етпес бұрын қызметкерлерге әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасау керек. Сонда күнделікті тұрмысы жақсы қызметкер ештеңеге алаңдамай жақсы жұмыс істейді. Мәселен, ол жалақы болуы мүмкін. Қарым-қатынас болуы мүмкін. Психологиялық жағдайды бәрін байқап, агрессиялық түрлі факторлар болса жойып, жақсы жұмыс істеуге жағдай жасағанда, нәтижесі де оң болмақ. Сонда жоғары нәтиже болады.

Жалпы, бүгінгі таңда ауруханамызда еңбек етіп жүрген маман кадрларымыздың қай-қайсысы болсын өз ісіне шын берілген жандар. Өз істерінің маманы. Бұл өмірдегі басты байлық — адамдар денсаулығы. Біздің қолымызға ең қымбат — адам өмірі сеніп тапсырылып отыр. Сондықтан да әрбір дәрігер осы жауапкершілікті сезіне отырып жұмыс жасайды. Осындай таңдаулы дәрігерлеріміздің бірқатарын атап өтетін болсам, іскер, білікті орынбасарларым, тек облысқа ғана емес, өз біліктілігімен республикаға танымал өте мықты жетекші маман, құлақ-мұрын дәрігері Қонысова Гүлжан Абуталипқызы, өз ісінің маманы, уролог-дәрігер, Абдиев Сапарали Адамбекұлы, Елеусизова Бахыт Қабланқызы, Астана қаласынан арнайы шақыртып алған ННМЦ жетекші интервент-хирург, интервенциялық кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Усманов Бекзат Мамаджанұлы, Қарағанды қаласынан келген хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Түймебаев Абай Амантайұлы, жақ-бет хирургі, жоғары санатты дәрігер Қанағат Қожамжаров, Шымкент қаласынан келген урология бөлімінің меңгерушісі Бердикулов Нұржан Тұрлыбекұлы, Алматы қаласынан келген ревматология бөлімінің меңгерушісі Исраилова Шахноза Хасаниддинқызы өз істерінің маманы. Қалалық ауруханада бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі дәрігерлер қатарында терапевт Камагүл Мәдиқызын, травматология бөлімінің меңгерушісі Жайлау Зұлқарнайұлын, невропатолог Халуа Тасболатқызын, инфекционист Мутабар Бекқызы Шерметованы бүкіл Түркістан халқы біледі. Міне, осындай білімді де, білікті мамандарымызды халқымыздың нағыз денсаулық сақшылары дер едім. Тағы бір айта кететін нәрсе, біз дәрігерлерімізді Түркия, Ресей, Израил мемлекеттерінің жетекші медициналық орталықтарында шеберлігін шыңдауға, кәсіби біліктілігін арттыруға жіберіп, өзара тәжірибе алмасып отырамыз. Түрлі тағылымдамалар, шеберлік сағаттарын өткіземіз. Оған білікті ғалым-мамандар шақырамыз. Үнемі ізденіс үстіндеміз, — дейді Бекзат Берденов.

Бас дәрігер орынбасары Сапарали Адамбекұлы Абдиевпен аурухананы аралау барысында емдеу орнының қызметі туралы алынған қосымша мәліметтерді сөйлетіп көрейін. Басшы орынбасарымен бірге жүрген аз уақыттың ішінде дәрігерлер қауымының қауырт, қарбалас жұмысының куәсі болдым. Шымкент қаласынан келген жоғары санатты уролог-дәрігер күнделікті жұмысын атқарып та, маған ақпар беріп те үлгеріп жатты:

— Жалпы біздің аурухана тәуліктік, стационар алмастырушы көмек көрсетеді. Жоғары технологиялық, арнайы мамандандырылған, паллиативті көмек көрсетеді. Сонымен қатар, ақылы қызметтер бөлімі де бар. Ақылы ем алам деген тұрғындар болса, осында ем алады. Жалпы, жаңа басшымыз айтып өткендей, ауруханамызда он бес бөлімше жұмыс істейді. Оның ішінде хирургиялық бейін бойынша жеті бөлімше, терапиялық бейін бойынша сегіз бөлімше бар. Жаңадан ашылған он алты төсек орындық ревматологиялық, эндокринология, нефрология бөлімі терапия бөлімінің құрылымында жұмыс атқарады. Одан бөлек 2019-жылдан бері жиырма төсек орындық инсульт орталығы жұмыс істейді. 2023-жылдың қаңтар айынан бастап жылжымалы ангиограф жүйесі іске қосылған. Ол жерде түрлі рентгенхирургиялық, эндоваскулярлық оталар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда жаңа ота түрлері қосылды. Сондай-ақ, ортопедия, жақ-бет хирургиясы, ревматология, интервенци-онды кардиология бөлімшесі ашылып жатыр. Осыған орай емдеу жүйесінің жа-ңа технологияларын меңгерген маман-дар еліміздің түрлі мегаполистерінен, Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды қалаларынан келіп жұмыс істеп жатыр. Олардың негізгі мақсаты — Түркістанның денсаулық сақтау жүйесінің дәрежесін көтеру, тұрғындарды басқа мекемелерге жіберіп сандалтпау. Қазір барлық медициналық көмек түрін өзімізде көрсете аламыз, — дейді.

Түйін:

408 орындық модульді жаңа үлгідегі «Түркістан қалалық орталық ауруханасы» ШЖҚ МККҚ емдеу орнында болған бір күнімізде осындай жаңалықтардың куәсі болдық. Біз мұнда атқарылып жатқан медицина саласындағы озық қызметтердің кейбірі туралы ғана аз-кем әңгіме қозғадық. Түркістандық дәрігерлеріміздің алар асуы, бағындырар биігі алда екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Әйтпесе, өңіміз түгіл түсімізде есітіп көрмеген «диабеттік табан» синдромына аяқ тамырларының артериографиясы, баллонды ангиопластика отасы, жүректің кенеттен тоқтап қалу қаупі жоғары пациенттерге отаның жоғары технологиялық-инновациялық әдісі, құлаққа кохлеарлық имплант орнату, тірек-буындарын ауыстыру жоғары технологиялық оталарын Түркістанда жасалады деп кім ойлаған?!

Міне, бүгінгі медицина жетістігі. Емі шипалы, қолы жеңіл дәрігерлер қауымының жетістігі!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *