Алпыс жылдық тарихы бар Түркістан қалалық орталық ауруханасы — киелі шаһарымыздағы емдеу орындарының қарашаңырағы. Осы уақыт аралығында бұрынғы қала орталығындағы әуелі аудандық, кейін қалалық болған аурухана қаншама өзгерістерді, тарихи кезеңдерді бастан кешірді. Мыңдаған адамның өміріне дәнекер болды. Қаншама білікті мамандар адам өмірін қорғау жолында білімі мен білігін сарп етті. Көне аурухана көзге ыстық, көңілге жақын. Бұрынғы көзкөргендер үшін бұл ғимараттың әрбір кірпіші сөйлеп тұрғандай. Дегенмен, алға басқан заман ағымына сай әрбір сала дамып, өркендеп келеді. Солардың қатарында Түркістан қалалық орталық ауруханасының жаңа ғимаратқа көшіп, модульді емдеу орнына айналып, жаңаша үлгіде жұмыс атқарып жатқанына да үш жылдың жүзі болды. Емдеу мекемесінің тек мекен-жайы жақсарып қана қойған жоқ, материалдық-техникалық базасы нығайып, жоғары емдеу технологияларына да қол жеткізілді. Бұрын Түркістан ғана емес, тіпті облыс аумағында да жасалмаған ем түрлері қолданысқа еніп, жергілікті халықты қуанышқа бөлеп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Жүйелі түрде жоспарлы скринингтерді, екпелер жүргізу, халыққа уақытылы сапалы медициналық көмек көрсету қажет. Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, зертханаларды жоғары технологиялық жабдықпен жарақтандыру мәселелері және денсаулық сақтау саласының басқа да түйінді бағыттары ерекше бақылауда болуы тиіс» деген Жолдаудан бастау алған Мемлекет басшысының тапсырмаларының жергілікті жерде жүзеге асуының нақты көрінісі деуге болады.
Аурухананың жаңа белестері туралы Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері, терапевт-профпатолог Берденов Бекзат Тұрғанәліұлы бізге берген сұхбатында қуана бөлісті:
— Аурухана өте жоғары деңгейге көтерілді мақтаныш етіп айта аламыз. Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына жасалып жатқан қамқорлықтардың, білікті мамандардың, жұдырықтай жұмылған ұжымның арқасында керемет жетістіктерге жеттік. Осыдан біршама уақыт бұрын Түркістанда осындай жаңалықтар болады десе, сенер ме едік?! Қаншама күрделі операциялар жасалып жатыр?! Өзіңіз ойлаңызшы, құлағы мүлде естімейтін адамдарға есту қабілетін орнына келтіріп жатырмыз. Технология күннен-күнге дамып келе жатыр. Алла тағала біз арқылы шипа беріп жатыр науқастарға. Бұрынғыдай жылдап, айлап кезекке тұрып, республика деңгейінде портал күтпейді, бізге келіп емделеді. Аяғының буынын ауыстырады. Жүрекке операция жасайды. Бізге келеді мына тұрған жерден. Біз оларға операция жасаймыз жүрекке. Жүрек қайтып соғып жұмыс істеп кетеді. Керемет емес пе? — дейді бас дәрігер.
Сырт көрінісі, жабдықталуы керемет емдеу орнын, мұнтаздай таза сырқаттар жатқан палаталарды, дәрігерлердің жұмыс кабинетін, соңғы үлгідегі медициналық жабдықтарды, орта және кіші буын медицина қызметкерлерінің мәдениетті қызметі мен ықылас-мейірімін көріп сүйсіндік. Егер өткен жылғы көрсеткіштердің есебіне қысқаша тоқталсақ, 2023-жылы мұнда 17084 сырқат тәуліктік стационар бойынша ем алған. Соның ішінде шұғыл жағдайда түскендері — 8793 болса, жоспарлы түрде — 10656 науқас дәрігер көмегіне жүгінген. Стационар алмастырушы, яғни күндізгі стационар бойынша — 1789 сырқат емделсе, 307 науқас реабилитациялық, 172 сырқат паллиативті көмекке жүгінген.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Мархабайұлы Байдуалиев ұжыммен кездесу барысында қала тұрғындарына қолжетімді және сапалы стационарлық медициналық көмекті арттыру мәселесін алға қойған болатын. Мекеменің медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуіне де баса назар аударған еді. Біздің аурухана басшысымен әңгімеміз осы бағытта өрбіді.
— Бекзат Тұрғанәліұлы, Модульді аурухананың ашылғанына екі-үш жылдың жүзі болды. Сіздермен арнайы сұхбаттасудың сәті бүгін түсіп отыр. Жаңа үлгідегі ауруханада жаңа технологиямен жаңаша жұмыс істеп жатқан емдеу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігін көріп шықтық. Құтты болсын! Сырт көрінісі, жабдықталуы керемет орындағы жұмыстарыңыз жемісті болсын! Сіздердің жетістік-теріңіз, алған асу, бағындырған биік-теріңіз жөнінде кеңірек білгіміз келеді. Қандай жағдайда жұмыс істеп жат-қандарыңызды таратып айтып берсеңіз?
— Қазіргі таңда көптеген іс-шара атқарылып жатыр. Бүгінгі таңдағы жұмысымызды денсаулық сақтау саласы басты назарда ұстап отырған «Жүз қадам» атты ұлттық жобаны негізге, басшылыққа алып, соның аясында көптеген жұмыстарды жүргізіп келеміз. Атап айтқанда, аурухананың міндетіне кіретін қызметтері бар. Тек Түркістан ғана емес, бірегей жақын жатқан аудандарды да қамтимыз. Жалпы айтқанда, үш жүз-төрт жүз мыңдай халыққа денсаулық сақтау саласындағы қызметтер көрсетеміз. Ол қандай қызмет екенін жеке-жеке атап өтетін болсам, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызмет, стационарлық көмек, дәрігерге дейінгі көмек, консультативті-диагностикалық көмек, паллиативті көмек түрлері бар. Сонымен қатар күндізгі стационар, травматологиялық пункт жұмыс істейді. Аурухана құрамында он бес бөлімше бар. Хирургиялық-терапиялық бөлімшелерде күніне жиырмадан отызға дейін ота жасалады. Жоспарлы түрде келетін науқастарға, шұғыл келетін науқастарға ота жасалады. Сондай-ақ, түрлі-түрлі технологияларды енгізіп жатырмыз. Біздің негізгі мақсатымыз — бір орында тұрмау, ары қарай осы саланы дамыту. Осыған орай медицина саласындағы заманауи технологияларды енгіздік және ол өз жемісін беріп отыр. Арыға бармай-ақ, соңғы екі жылдың көлемін алатын болсақ, қарапайым тілмен айтқанда, республикалық деңгейдегі, жоғары технологиялық оталарды, арнайы мамандандырылған оталарды, бір сөзбен айтқанда, өңірлердегі оталардың түрлі саладағы барлық түрлерін жасап жатырмыз десем артық айтқандық емес. Мысалы жүрек саласын алайық. Бұл жобаны, яғни жүрек қызметін нақты жолға қойғанымызға алты ай болса, осы уақыт аралығында жүрекке бес жүзге жуық сәтті оталар жасалды. Оторинолорингология саласында құлаққа, мұрынға оталар жасап жатырмыз. Жоғары технологиялы оталар бар ішінде. Осы орайда, түрлі жағдайлар болып тұрады ота жасалғаннан кейін. Құлағы мүлдем естімейтін науқас құлағы естіп кеткенде, бала-шағасының үнін алғаш рет естігенде түрлі күйге түседі. Тірек-буын саласына да тоқталып өтейін. Тірек-буын аурулары, түрлі аурулардың салдарынан әсіресе, ковидтен кейін ұршықтың никрозы — тізе буыны, жамбас буыны аурулары жиілеп кетті. Бұл ауруларға ота жасауды жыл басында ғана қолға алдық. Ұзақ уақыт бойы жоспарлап жүргенбіз. Міне, осы сала бойынша жыл басынан бері он шақты адамның буынын ауыстырдық. Адамның буынын басқа буынға ауыстырамыз. Америкалық және қытайлық екі түрлі өндірушілер бар. Бәрі де сәтті шықты. Сондай-ақ жақ-бет хирургиясы бөлімінде көбінесе, балаларға ота жасалады. Балаларда туа біткен түрлі аномалиялар, яғни, туа біткен ақаулар немесе сыртқы факторлардың әсерінен бет-сүйектері, жағы сынып, жарақат алған балалар бар. Осындай науқастарға пластикалық оталар жасаймыз. Әдетте айына он — жиырма ота жасалады. Сонда жылына қанша ота жасалатынын есептей беріңіз. Урология саласында да жетістігіміз көп. Несеп-зәр жүйесінде несеп-тас аурулары, туа біткен ақаулар да бар, стриктура, гидролейкоз-гидронефрозбен келген науқастарға стент қояды. Терапия бөлімінде емнің барлық түрлері бар. Офтальмологиялық, микрохирургиялық бөлімшелер де озық технологиямен жұмыс жүргізеді. Мұнда көзге де ота жасалады. Линза қойылады.