«Президент тапсырмасымен «Қауіпсіз мектеп» жобасы іске асты.Оған 6 млрд. теңге бөлініп, білім ұялары қоршаулары реттеліп, күзет мәселесі шешілді. 200 мыңға жуық бастауыш сынып оқушысы ыстық тамақпен қамтылды. Өңірде 121 білім ұясы күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның 22-сі күрделі жөндеуден өтсе, 63-і ағымдағы жөндеу арқылы реттелетін болды. Жалпы, бір жылда 108 білім нысаны жөнделеді. Бұл – облыс тарихында болмаған жағдай. Осы мәселенің көбін салаға бөлінген қаржыны үнемдеу арқылы шешіп жатырмыз», деген болатын облыс әкім Д.Сатыбалды «Қазинформ»тілішісіне берген сұхбатында. Расында облыста білім саласында ауқымды жұмыстар атқарылып, түрлі жобалар жүзеге асуда. Осы орайда, Оқу жылының қорытындысы, облыстағы білім саласындағы өзгерістер, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру жайлы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос МАХАНБЕТОВПЕН сұхбаттасқан едік. Сұхбаттың бірінші бөлімінде Жандос Маханбетов өңірдегі білім саласындағы тың өзгерістерді айтқан болатын.
Өңірде білікті мектеп директорларының ортасын құруға бағытталған «Көшбасшы» өңірлік мектеп директорлар ассоциациясы мен «Жас көшбасшы» жаңадан тағайындалған директорлар мектебі құрылды.
– Енді балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстарына тоқталып өтсеңіз…
– Биыл Түркістан облысында 45 мыңнан астам бала әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалады. Жалпы жаз мезгілінде облыс бойынша 22 сауықтыру лагері (оның 7-еуі мемлекеттік, 15-і жекеменшік) қызмет көрсетеді. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 444 педагог қызметкер жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, облыстық колледждің 80 студенті практикаға тартылады. Жоғарыда аталған балалардан бөлек 20 мыңнан аса бала ата-аналар есебінен ақылы демалады. «Қазақстан халқына» қоры есебінен өңірдегі 2 лагерьде 3421 бала (Түлкібаста 2000 бала, Төлеби ауданында 1421 бала) демалады. Сонымен бірге, Оқу-ағарту министрлігінің берген нұсқаулықтарының негізінде мектеп жанынан 5 күндік шатырлы және киіз үйлердегі лагерь жұмысы ұйымдастырылады. Оған 10 000 оқушы қамтылатын болады, қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұл лагерьлердің жұмысын қызықты өткізу үшін «Үздік жаздық бағдарлама» байқауын өткізу жоспарланған.
Таулы аймақтарда маусым айында күннің суықтығына байланысты шатырлы және этнолагерьлер жұмыстары шілде айында басталып, тамыз айының 23-іне аяқталады деп жоспарланған.Бұған қоса, 350 мектепте бір мезгіл тамақ беретін мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істейді. Қала сыртындағы лагерьлерде әлеуметтік жағдайына байланысты 35 482 бала бюджет есебінен демалады. Ал, өзгелер үшін маусымдық лагерьлерде жолдама құны 59 594 мың теңгені құрайды, әр ауысымның ұзақтығы 10 күн.
Облысымызда жазғы маусымда барлық мектептерде спорттық командалар жасақталып, әртүрлі ойындар мен жарыстар, спартакиадалар, үйірме жұмыстары ұйымдастырылады. Жасөспірімдердің Отанына, туған еліне деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық тәрбие беру мақсатында Түркістан қаласы мен Отырар, Сайрам, Бәйдібек аудандарындағы тарихи орындарға туристік шерулер мен саяхаттар ұйымдастырылмақ. Оған 41 000 оқушы барады деп жоспарлануда.
Жоғарыда аталған іс-шаралар барысына мониторинг жасап, жұмыстарды бақылауға алу мақсатында барлық құқық қорғау мен құзырлы сала өкілдерінен облыста жұмыс штабы құрылды.Биылғы жазда Отырар, Арыс, Шардара, Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Созақ аудандарындағы жазғы ауа температурасы өте жоғары болады деп күтілуде. Ауа райының , күннің қатты ысуына байланысты , облыстық білім басқармасы бұл аудандардағы оқушылар үшін таулы аудандардан лагерь ұйымдастырған болатын. Олар сонда барып демалады.
– Әңгімеңізге рахмет!