ТҮРКІСТАН: ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ДЕҢГЕЙІН ТӨМЕНДЕТУ БАСТЫ ПАРЫЗ

Бүгінде мемлекет халықты жұмыспен қамту бағытына ерекше назар аударып отыр. Бұл мәселе тұрғындарының 70 пайыздайы ауылды жерлерде тұратын Түркістан облысы үшін айрықша маңызға ие. Сол себепті облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстың жүйелі әрі сапалы түрде орындалуын өзі бақылап отырады.Бұл бағытта елімізде бірнеше бағдарлама жүзеге асырылуда. Алайда, бізде еңбекке қабілетті, бірақ жұмыссыз жүрген азаматтардың көбі ресми тіркеле бермейді. Тіпті, мұндай бағдарламалар туралы мүлде білмейтіндер де аз емес. Сосын бұл мәселені құнттамайтын азаматтар да аз емес. Жұмыс табылатынына күмәнданатындар да бар.  Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаевадан жұмыспен қамтуға қатысты мемлекеттік бағдарламаларды оқырмандарымызға тағы бір түсіндіріп беруін өтіндік.

Әсия Құралқызы, мемлекеттік бағдарламалар өңірдегі еңбекке қабілетті жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға қаншалықты септігін тигізуде?  

– Жұмыспен қамту – өте өзекті проблема. «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» осы мәселені түбегейлі шешу мақсатында қабылданған. Соның нәтижесінде былтыр Түркістан облысында 109 716 жұмыс орнын ашу жоспарланса, барлығы 133 620 жұмыс орны ашылып, жоспар 121,8%-ға орындалды. Атап айтқанда, 93 422 адам тұрақты, 40 198-і уақытша жұмысқа орналастырылды. Бұл – тәуір көрсеткіш.

Ұлттық жобалар аясында  іске асырылатын инфрақұрылымдық жобалар бойынша  5 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Нақты 432 жобаны іске асыру нәтижесінде 3 651 адам (73%) жұмысқа тартылды. Жұмысқа орналасқан 3 623 адаммен электрондық еңбек келісімшарты (ЭЕК) түзіліп, 3 485 адамға (95%) міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ) аударылды.

«10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын құру» бағдарламасы бойынша 22 595 жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда нақты 32 913 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.

«Еңбек» бағыты бойынша 2023 жылы 91 521 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 54 406 адам (жоспар – 44 729 орын) тұрақты жұмысқа жолданды. Жұмысқа орналасқан адамдардың 81,9%-ына МЗЖ аударылып, олардың 74,7%-ымен ЭЕК түзілген. Ал, 37 115 адам (жоспар – 32 910 орын) уақытша субсидияланған жұмыс орындарына жолданды. Жұмысқа орналасқан адамдардың 97,9%-ына МЗЖ аударылып, 96,4%-ымен ЭЕК түзілген. Сонымен, өңіріміз бойынша

5 275 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 18 600 адам қоғамдық жұмыс орындарына, 9 007 адам «Жастар практикасы», 2 130 адам «Алғашқы жұмыс орны», 2 103 адам «Күміс жас» жобалары бойынша жұмысқа жолданды.

«Ауыл аманаты» жобасы бір жылдың ішінде ауыл-аймақтағы жұмыссыздық мәселесін шешуге қаншалықты ықпал етті?

– Өткен жылы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау аясында жаңа бизнес-идеяларды дамытуға нақты 1 687 адамға грант берілді. Олардың бәрі жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркелді. Cонымен қатар, 594 жасқа былтырдан бастап жеңілдетілген 2,5 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін шағын несие беру жоспарланды. Бүгінгі таңда конкурстық комиссияда 986 үміткердің бизнес-жобасы қаралып, 633 адамға шағын несие беру бойынша шешім шығарылды. Статистикалық мәліметке сәйкес, 2023 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,0%, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,7%, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,2%-ды құрады.

Былтыр республика халқының саны 20 миллионға жетті. Демографиялық өсімге шетелден келген қандастарымыздың да қосқан үлесі аз болмаса керек…

– Әрине. Өткен жылы облысқа 855 отбасы, 1 263 этникалық қазақ қоныс аударып, қандас мәртебесін алды. Оның ішінде Өзбекстаннан – 1 216, Ауғанстаннан – 11, Тәжікстаннан – 11, Ресейден – 10,  Түркіменстаннан – 7, басқа да мемлекеттерден 8 адам келді. Этникалық қазақтардың басым көпшілігі негізінен өңіріміздің халқы тығыз орналасқан аймақтарына орналасты. Атап айтқанда, Сарыағаш ауданына – 429 адам, Ордабасы ауданына – 206, Қазығұрт ауданына – 188, Келес ауданына – 108, Сайрам ауданына – 69, Түлкібас ауданына – 64, Жетісай ауданына – 49, Мақтаарал ауданына – 52, Төлеби ауданына – 34, Шардара ауданына – 23, Түркістан қаласына – 24, Кентау қаласына – 10, Арыс қаласына – 5, Бәйдібек ауданына 2 адам  қоныстанды. Олардың басым көпшілігі арнайы оқу орындарын бітірмеген, сондықтан құрылыс саласында жұмыс істеп жүр. Бірқатары сауда-саттықпен және ауыл шаруашылығымен  айналысады. Жалпы, 797 адам немесе қандастардың 63,1%-ы еңбекке жарамды. Оның ішінде 17 адам жалдамалы жұмысшы, 580-і өзін- өзі жұмыспен қамтып отырса,  87-сі жұмыссыз, 113 адам басқа да санат сапында. Еңбекке жарамды  64 адамның білімі жоғары, ал, 334-і орта кәсіптік білім алған. Ал, 384 адам мектеп бітірген,  15 адамның орта білімі жоқ.

Біз  шетелдік жұмыс күшіне әлі де мұқтажбыз ба? Көкейде жүрген тағы бір сұрақ, «Украинадан қашқандар Қазақстанды паналап отыр» деген қауесет қаншалықты рас? Біздің облысқа қанша босқын келді?

– ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 541 бұйрығына сәйкес Түркістан облысы бойынша 2023 жылға шетелдік жұмыс күшін тартуға 170 квота (І санат – 6,  ІІ санат – 44, ІІІ санат – 88, IV санат – 32)  бекітілді. Бөлінген квота негізінде өткен жылы 23 кәсіпорын мен ұйымға 133 шетел азаматына жұмыс істеуге рұқсат берілді.

Бүгінгі таңда, берілген рұқсат мерзімі аяқталмаған 129 шетелдік азамат 23 кәсіпорында жұмыс істеп жүр. Шетелдік жұмыс күшіне рұқсат алғаны және ұзартқаны үшін 87,8 млн. теңге салық алымы төленген.Ал, босқын мәртебесін беру рәсімі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Босқын мәртебесiн беру туралы өтiнiш хатты тiркеу мен қарау қағидаларын бекіту туралы» 2022 жылғы 7 сәуірдегі №118 бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Облысымызда 2 шетел азаматына (2 отбасы) пана іздеуші куәлігі (2 адам Украина елінен) және 10 шетел азаматына (4 отбасы) босқын куәлігі берілді. Оның төртеуі Украинаның, алтауы Ауғанстан Ислам Республикасының азаматтары. Осындай өтініштерді қарау барысында комиссия заңға сәйкес шешімдер шығаруда. Қосымша тексерулер қажет болған жағдайда бір жылға дейін мерзімін ұзартуға болады. Алдағы уақытта шағым немесе сот істері орын алған жағдайда заңға сәйкес пана іздеген адамдарды елден шығарып жіберуге жол берілмейді. Босқын мәртебесін беру бойынша құрылған комиссия пана іздеушілердің құжаттарын, олар берген ақпараттардың шынайылығын анықтап, жан-жақты зерделеп, басқа мемлекеттік органдарға сұрау салып, бірге жұмыс жүргізіп келеді.

Былтыр қараша айының алғашқы жартысында Түркістан облысы делегациясының құрамында Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының аудандары мен елді мекендеріне көшіп барған жерлестеріміздің хал-жағдайымен танысып қайтқан едік. Көпшілігі сонда тұрақтап, теріскейді түлетіп жатыр екен…

– Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтыр республика бойынша 6 727 квота бөліп, қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 7 өңір белгіленген болатын. Олардың қатарында Абай, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары бар. Бөлінген квота негізінде Түркістан облысынан 475 отбасы, 1 953 адам қоныс аударды. Оның ішінде еңбекке жарамдысы 890 адам болса, оның 716-сы тұрақты жұмысқа орналасты.

Атап айтқанда, Павлодар облысына 165 отбасы (827 адам), Солтүстік Қазақстан облысына 212 отбасы (786 адам), Абай облысына 8 отбасы (23 адам), Ұлытау облысына 7 отбасы (37 адам), Шығыс Қазақстан облысына 27 отбасы (86 адам), Қостанай облысына 54 отбасы (190 адам) қоныс аударды.

Еңбексүйгіш, табиғаттың қатал сынынан қаймықпайтын түркістандықтар солтүстік өңірлерге тез бейімделіп жатыр. Бұл – қуанышты жағдай.

Иә, бүгінгі қоғамда жұмыссыздық өте өзекті де маңызды мәселе. «Елімізде жұмыссыздық азаймай отыр. Жаңа жұмыс орындарын ашу өте баяу жүріп жатыр, саусақпен санарлықтай. Сондықтан біз бұл мәселеге жіті көңіл бөлуіміз қажет», — деген  мемлекет басшысының алаңдаушылығы орынды, әрине.

«Жұмыссыздық – кез келген мемлекеттің алдында тұрған маңызды мәселе. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, еліміздегі жұ­мыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрап отыр. Алайда көп категориядағы адамдар бұл көр­сет­кішке ілікпей қалуы ықти­мал. Өмір шындығында бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Себебі статистика ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарды ғана есепке алады. Ал тіркелмей жүргендері қаншама? Біріншіден, осы жұмыссыздықтың салдарынан қоғамда маргиналдардың саны артады. Өмірлік құндылықтарын, бағдарын жоғалтып алған жастар, қоғам мүшелері көбейеді. Екіншіден, жұмыссыздық отандастарымызды ішімдікке, нашақорлыққа салыну сынды девиантты әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Жұмыссыз қалған халықтың бір бөлігі уақытын дұрыс ұйымдастыра алмай қалады. Басқа түскен ауыртпашылықтан шығудың жолын зиянды әрекеттерден іздейді. Кейін бұл әрекеттер созылмалы мәселеге де айналып шыға келеді. Үшіншіден, жұмыссыздық адамдарды заңнан аттауға, қылмыстық әре­кеттер жасауға итермелейді. Төр­тін­шіден, бұл жағдай кедейліктің артуына, прекариаттар табының көбеюіне жол ашуы мүмкін. Прекариаттар дегеніміз – ереуілге, көтеріліске шығуға мейлінше құлықты, өзге күштердің манипуляциясына тез еріп кететін, тұрақсыз тап саналады», деген еді  Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты әлеуметтанулық зерттеулер департаментінің эксперті  Жанар Нақыпбаева.

«Жұмыссыздықты, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керек. Жоғары оқу орындарын, колледждерді бітірушілер, әсіресе білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрқашан бола бермейді» деп баса айтқан болатын ел президенті Қ.Тоқаев.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *