Ел басшысы мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтың бірі саналатынын жеткізді. Сонымен қатар ұлт руханиятын жаңғырту ісіне қатысты нақты шаралар қолға алынып жатқанын атап өтті.
«Өнер — ұлттың жаны, ал мәдениет — рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу — ортақ парыз» , — деді президент.
Осы орайда, Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен облыс орталығында «Жаз гүліндей жайнаған қала» концерттік бағдарламасы өтіп жатыр. Ашық аспан астындағы әуендер атты жазғы іс-шара «Жеңіс» саябағынан басталған болатын.
Рухани шаһарға келген қала қонақтары мен туристерге арналған шара кештің көңілді өтуіне сеп болмақ. Сондай-ақ қала тұрғындарының кешкі салқынмен қаланы аралап, ән мен күйге бөленуі үшін аталған шараларды түрлі кешендер мен саябақтарда, халық көп шоғырланатын орындарда өткізу жоспарланған.
Бүгінге дейін «Жеңіс» саябағы, Н.Оңдасынов кешені, Халықаралық туризм және меймандостық университеті, «Жібек жолы» саябағы, «Темір жол» вокзалы, «Керуен сарай» туристік кешенінің шоу арена алдында өткізілді. Концерттік шарада «Яссы» халықтық этнофолькорлық ансамблі өнер көрсетіп, «Яссы» би ансамблі мың бұрала биледі. Осылайша тұрғындардың қошеметіне бөленіп келеді.
Ал мәдениет үйінің әншілері «Түркістан» тақырыбындағы туындылар мен көңіл сергітер әндерді әуелете орындап, жиылған жұртқа мерекелік атмосфера сыйлады. Одан бөлек көрермен үшін қызықты ойындар ұйымдастырылу үрдіске айналған. Түркістанның дамуы мен тарихына қатысты сұрақтар қойылып, дұрыс тапқан жандар Мәдениет үйі тарапынан арнайы сый-сияпаттарға ие болып келеді.
Жалпы өңірдің мәдениеті мен рухани әлеміне саяхат жасап, жергілікті тұрғындар мен көрерменге көңіл-күй сыйлайтын шаралар легі тағы да жалғасады. Күндері мен өтетін орны Түркістан қалалық мәдениет үйі парақшасында жарияланып отырады.Сонымен қатар, «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында апта сайын облыстың ір ауданының шығармашылық ұжымдарыны өнерін тамашалауға мүмкіндік тууда. Өткен аптада түркістандықтар Сайрам ауданы өнерпаздарының өнерін «Этно ауылда», «Керуен сарай» кешенінде тамашалаған еді, бұл аптада Сарыағаш ауданының өнерпаздары өз өнерлерін ұсынбақ. Иә, Сарыағашта жемісті еңбек етіп жүрген. өнерлі жастар шығармашыл ұжымдар көп-ақ.
Беларусия Республикасы, Пастава қаласында XXXIV Халықаралық «Звіняць цымбалы і гармонік» фестивалі өтті. Ұлттық аспаптарды дәріптеуге бағытталған байқау 34-ші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы өнер сайысына бірнеше мемлекеттен 12 топ қатысып, бақ сынады.
Түркістан облысы, Сарыағаш аудандық мәдениет үйінің «Саялы Сарыағаш» этно фольклорлық ансамблі де аталған «Ұлттық аспаптар әуені» фестиваліне қатысып, үш бағыт бойынша да үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтсақ, ұлт аспаптар номинациясы бойынша «Саялы Сарыағаш» жүлделі I орынды иемденді. Ал жеке аспапта орындау номинациясы бойынша ансамблдің домбырашысы Ернар Тұрлыбеков I орын, дуэт, трио номинациясы бойынша ансамбль жетекшісі Сәрсен Ахметов, домбырашылар Ернар Тұрлыбеков, Қанат Шекербеков I орынды иеленді. Осылайша үш дүркін жеңімпаз атанып, еліміздің мерейін асқақтатты. Айта кетейік, Сарыағаш аудандық мәдениет үйі жанынан ұйымдастырылған «Саялы Сарыағаш» ұлт-аспаптар ансамблі 1996 жылы құрылған. Ансамбльдің репертуарында халық әндерінен бастап, дәулескер күйшілердің күйлері мен қазақ композиторларының әндері секілді тағы басқа 40-тан астам шығарма бар. 2008 жылы «Саялы Сарыағаш» ансамбліне «Халықтық» атақ берілді. Қазіргі таңда республикалық, облыстық іс шараларға қатысып өнер жоғары деңгейде көрсетіп жүр. Өзбекстан Республикасында өткен «Ұлы Жібек жолы» фольклорлық ансамбльдер фестивалінде бас жүлде иемденген болатын. Сондай-ақ облыста өткізілетін мәдени көпшілік іс-шараларының, салтанатты мерекелік жиындардың, концерттік бағдарламалардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысады. Заман талабына сәйкес «Саялы Сарыағаш» ұлт-аспаптар ансамблі этно-фольклорлық ансамбль болып, халық арасында ұлттық өнердің нәрімен сусындатты, дәстүрлі өнерді насихаттауда өз үлестерін қосып келеді.