ТҮРКІСТАН: ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ ІРГЕЛІ ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДА

Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаев отандық ғылымды дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселе көтеріп, алдағы уақытта атқарылуға тиіс міндеттерді айқындап берген болатын. Атап айтсақ, ең әуелі ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды.

«Бір сөзбен, сіздер сияқты ғалымдар отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі, ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады. Ғылымсыз ел құрдымға кетеді. Ал ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады. Ғылым өркендесе, экономика да өркендейді. Яғни халықтың әл-ауқаты артады. Түптеп келгенде, ғылым азаматтардың тұрмысын – сапалы, болашағын – жарқын етуге тиіс. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» боламыз десек, осы мақсатты жүзеге асыруымыз керек. Мемлекет пен ғылыми қауымдастық бұл жұмысты жұмыла атқарады деп сенемін», — деді Президент Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде.

Президент міндеттеген межеден шығып, отандық ғылымның өрісін кеңейтуге атсылысып жүрген ғылыми ұжымдар мен орталықтар елімізде аз емес. Солардың бірі де біріегейі –  Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Экология» ғылыми зерттеу институты еліміздің  оңтүстік өңірі аймағының экологиялық зардап шегуіне байланысты экологиялық мәселелерді шешу мақсатында 2001 жылдың 1 қыркүйегінде құрылған болатын.

2008 жылдан бастап  «Экология» ғылыми-зерттеу институтын  техника ғылымдарының докторы, профессор Ақбасова Аманкүл Жақанқызы басқарып келеді. Осы жылы  институт ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі табиғи ресурстарды қорғау және пайдалану қызметтеріне қатысты жұмыстар жүргізуге Мемлекеттік лицензиясын (01234Р №0042385) алды.

ҚР ұлттық аккредиттеу орталығы еліміздің техникалық реттеу туралы заңнамаларында белгіленген тәртіппен, ҚР СТ ИСО/ХЭК17025-2007 «Сынақ және калибрлеу зертханаларының құзыреттілігіне қойылатын жалпы талаптарды» негізге ала отырып, институттың «Экологиялық бақылау және химиялық талдау» зертханасын аккредиттеуден өткізіп, 2010 жылдың 18 наурызында № KZ.И.16.0727 Аккредиттеу туралы аттестат берді. Қазіргі уақытта зертхана сапа менеджменті жүйесі бойынша әр бес жылда аккредиттеуден өтуде.

Біз «Экология» ғылыми зерттеу институтының директоры, профессор Аманкүл Ақбасовамен   институттың тыныс-тіршілігі туралы әңгімелескен едік.

  • Аманкүл Жақанқызы, жалпы ғылыми зерттеу институты қандай бағыттарда жұмыс істейді?

– «Экология» ғылыми зерттеу институтының басты мақсаты – биосфера нысандарына түсетін антропогендік қысым деңгейін төмендете алатын, өндіріс қалдықтарын өңдеу мен іске асыруға бағытталған экологиялық тұрғыдан тиімді технологияларды жасау мен оларды өндіріске енгізу.

Табиғи материалдар және антропогендік қалдықтарды өңдеу арқылы алынған белсенді заттар мен басқа да өнімдерді пайдаланып, жаңа геохимиялық кедергілер, ремедиция әдістері арқылы ластанған экожүйелерді залалсыздандыру мен зарарсыздандырудың экологиялық және экономикалық тұрғыдан  тиімді технологиясын жасау. Осы ретте, біз гранттық қаржыландыру негізінде Түркістан – Кентау – Отырар аймағы бойынша  «Қатты тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы екінші реттік шикізаттық және тауарлық өнімдерді алудың экологиялық үйлесімді және тиімді технологиясын жасау және оны  ендіру жұмыстарын жүргізіп келеміз.

Инститтутың ғылыми-тәжірибелік қызметінің негізгі бағыттарына қоршаған ортаны сауықтыру мен қалпына келтіру, табиғи ресурстарды тиімді кешенді түрде пайдалану, биологиялық алуантүрлілікті сақтау, тұрғындар денсаулығына экологиялық тұрғыдан қолайлы жағдай туғызуға сеп болу, дүниежүзілік мұраның тарихи-мәдени және архитектуралық ескерткіштердің тұрақты сақталуына қатысты зерттеу-бақылау жұмыстарын жүргізу жатады.

–Институттың лабораториясы туралы айтып өтсеңіз.

– Біздің институт  2018 жылы ҚР Ғылым Қорының грантын жеңіп алып 100 млн теңге көлемінде қаржы таптық. Бұған    университет тарапынан  20 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, патенттелген  «Экологиялық бақылау және химиялық талдаулар» лабораториясын құрдық. Бұл университетте патенттелген жалғыз лаборатория болып саналады. Тіпті осы өңірдегі ЖОО-ларда мұндай лабораториялар кездесе бермейді. Жуырда медицина факультетінде  «Микробиология» лабораториясы ашылды. Халықаралық ТИКА(Түркия) қорының демеушілігімен құрылған,  бұл  зертхана да бәлкім оқу орнындағы  талапқа сай  екінші зертханаға болуы мүмкін.

– «Экология» ғылыми зерттеу институтының теориялық және тәжірибелік жұмыстарының базасында қандай  ғылыми негізделген технологиялар жасалынды?

–Жоғары сапалы вермикомпост және калифорниялық құрттардың биомассасын алудың әлемдік деңгейдегі белгілі әдістерімен (ұзақтығы 4-6 ай) салыстырғанда жылдамдатылған әдісі негізінде жетілдірілген вермитехнологиясы жасалды. Алынған құрттардың биомассасы ветеринария мен медициналық практикада құстар мен жануарларға профилактикалық, емдік және үйлестірілген тағамдық азық-жемдері ретінде қолданылатын жаңа биологиялық белсенді препараттардың негізі болады. Бұл технология 2016 жылы өзінің зияткерлігін Ресей Федерациясының өнертабыстық патентімен расталды( құжат нөмірі №2577059).

Химия өнеркәсібінің күкірт-перлит құрамдас қалдықтары мен ауылшаруашылығының қалдықтар негізінде белгілі әдістерден ерекшеленетін бірқатар құрылыс материалдарының рецептуралары жасалынды (ҚР инновациялық патенті алынды, құжат нөмірі №30232, жариялану күні 17.08.2015ж., Еуразиялық патент №201500458/26, ЕАПО).

Вермитехнология – биотехнологияның бір бағыты. Вермитехнологияда ауылшаруашылығы қалдықтарын, малдардың қиларын, өсімдіктердің шірінділерін араласырып ферментациядан өткізіп біз оған қызыл калифорниялық құрттарды жібереміз. Процесс нәтижесінде биомасса өндіреміз. Ол биомассаны түрлі мақсатта  пайдалануға болады. Фармация өндірісіне де, ауылшаруашылығына да, малдарға антибиотик ретінде, мал  азығына биологиялық қоспа ретінде қолдануға болады. Бұл препарат өсімдіктердің өсімі мен дамуына өсіруге бейімдейтін қасиетке ие, сонымен қатар, мұнаймен, ауыр металдармен және басқа да экотоксиканттармен ластанған топырақтарды детоксикациялауға жағдай жасайды. Яғни, ауыл шаруашылығының экологиялық таза өнімдерін алуға мүмкіндік береді. Қытайда, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде жауын құрттарының  биомассасында өте жоғары мөлшерде полиқанықпаған майлы қышқылдар болғандықтан  бірқатар құнды емдік қасиеті бар преператтар жасайды. Қытай дәстүрлі медицинасында  жауын құрттарының  биомассасы жас немесе кептірілген, (ұнтақ) түрінде адамның түрлі ауруларын емдеу үшін қолданылып келеді. Біз бұл биомассаны университет Виварийіндегі (Жануархана) жануарлардың жараларын емдеуге қолдандық. Қызыл калифорниялық құрттар негізіндегі биомассадан  инфекциялық ауруларды және ветеринараилық жақпа майын (вазелин) жасап шығардық.  Бұл препаратты жануарларға ғана емес  адамға да қолдануға болады. Өзіміз де қолданып көрдік. Алайда, оған рұқсат алу керек. Рұқсат алу өте машақаты көп (қағазбасты) жұмыс болғандықтан, мұны  әзірге жануарларға ғана қолданып отырмыз. Бұл да патенттелген препарат: («Препарат для лечения трихофитии животных». Авторы: Акбасова А.Д., Саинова Г.А., Аймбетова И.О. Патент на изобретение №32326. Опубл. 31.08.2017.)

Жалғасы бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *