Президент міндеттеген межеден шығып, отандық ғылымның өрісін кеңейтуге атсылысып жүрген ғылыми ұжымдар мен орталықтар елімізде аз емес. Солардың бірі де біріегейі – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Экология» ғылыми зерттеу институты еліміздің оңтүстік өңірі аймағының экологиялық зардап шегуіне байланысты экологиялық мәселелерді шешу мақсатында 2001 жылдың 1 қыркүйегінде құрылған болатын.Қазіргі уақытта зертхана сапа менеджменті жүйесі бойынша әр бес жылда аккредиттеуден өтуде. Осы тұста «Экология» ғылыми зерттеу институтының директоры, профессор Аманкүл Ақбасовамен институттың тыныс-тіршілігі туралы әңгімелескен едік.
- Аманкүл Жақанқызы Институтта жүзеге асырылып жатқан тағы да қандай іргелі істер бар?
Кейінгі үш жылда Ғылым қорының комерцияландыру бағыты бойынша берілген ғылым грантын жеңіп алып осы бағытта іргелі жұмыс істедік. «Қызыл калифорниялық құрттардың дәрумендірілген биомассасы мен ақуызды азықтық вермиқоспаларды гранула түрінде өндіру» атты жоба аясында жұмыс істедік. Жоба нәтижелі аяқталды. Қор тарапынан берілген қаржы игеріліп, патенттелген заманауи өндірістік цех жүйелі жұмыс істеп жатыр. Енді келісімшарт бойынша жұмыс істеп, өндірілген өнімдерімізді нарыққа шығарып содан қаржы табуымызға болады. Иә, бұған дейін біршама сатуды жолға қойған едік. Әзірге тоқтап тұр. Бұрын жақсы өтті, себебі азықтық қоспаның килосы 400 теңге болатын, қазір өзіндік құнының өзі 780 теңге дейін көтеріліп кетті. Себебі, оны өндіретін шикізат қымбат. Соған байланысты бағасы да өсті. Қазір де аздап сатып жатырмыз.
Верми технология жүргізген кезде калифорниялық қызыл құрттары ауылшаруашылығы қалдықтарын: көңді, өсімдік шірінділері мен қалдықтарын бойына сіңіреді, жейді былайша айтқанда, содан шыққан шығарынды биомасса «биогумус»деп аталады. Биогумус немесе вермикомпос деп аталады. Биогумус – жерді өңдеуге, топырақты, егістік жерлерге тыңайтқыш ретінде пайдаланады. Ол топырақтың тозуын тежейтін пайдалы тыңайтқыш. Жемдік қоспаға қарағанда биогумуске көбірек сұраныс бар, әрине. Бірақ, мұны да ұйымдастырып, жарнамасын келістіріп сату жағын ұйымдастыратын маман болмай тұр бізде. Отырар ауданымен көгалдандыру-абаттандыру жұмыстары бойынша бірқатар шаруашылық келісімшартымыз бар. Қазір олардың топырағын суын, зерттеп жатырмыз, алдағы уақытта ағаштарды егетін кезде «биогумусты» пайдаланып, жарататын боламыз. Сол себепті, әзірге азын-аулақ көлемдегі сұраныстарға қызықпай, ұстап отырмыз.
Институт сондай-ақ, биоорганикалық тыңайтқыштар, мелиорантты тыңайтқыш, т.б өнімдер шығарады. Жаңақорғандағы Күкірт қышқылы зауытымен («СКЗ-U» ЖШС) 2012 жылдан бері келісімшартпен жұмыс істеп келеміз. Біз зауыттың қалдықтарын кәдеге жаратып утильдеу жүргіземіз. Тыңайтқыш миллерантын аламыз. Зауыт бізге жылына 2,5 млн т көлемінде қаржы аударып тұрады. Күкірт перлитті қалдығы, өте пайдалы қалдық. Оны алып сумен, әкпен қайнатып ағаштарды күтіп-өңдейтін күкіртті-әк сығмасын жасаймыз. Осы тұнбаны Ботаникалық бақта, университет кампусындағы ағаштарды күтуге, түрлі аурулар мен зиянкестерден қорғауға арналған ерітінді ретінде пайдаланылады. Біраз сарғайған, зиянкестерден зардап шегіп «ауырып қалған» ағаштарды сол тұнбамен өңдеп-емдеп, қалпына келтіруге болады. Бұл әрине, бір жағынан институт жүргізіп жатқан зерттеулер болса, бір жағынан сол зерттеу нәтижелерінің тіршілікте, шаруашылыққа енгізіліп жатқан нәтижелері. Бізге егіс және бау-бақша шаруашылығы жиі бойынша сұраныс болады. «Жақсы екен, тиімді екен, бірақ ақшамыз болмай тұр» деп, азын-аулық алып кетеді. Осы ретте, ылғи айтып жүрмін: өнімдерімізді сату, аграршыларға арзандау бағада жетуі үшін мемелекет тарапынан субсидияланатын болса, тиімді болар еді. Біз тек шығарып беріп отырамыз. Азықтық (жемдік) қоспадан әзірге 2 тонна дайын өнім бар, бигумус болса да дайын тұр. Сұраныс болса, қайтадан алып тағы да шығаруымызға болар еді. Қысқасы, негізінен екі жоба бойынша жұмыс жүргізудеміз: биомасса, биогумус және азықтық (жемдік) қоспа. Бірі ауылшаруашылығы өндіріс үшін таптырмас тыңайтқыш болса, екіншісі мал азығы жемдік қоспа (малдың ағзасына пайдалы дәрумендермен байытылған) экологиялық таза өнім, екеуі ле аграрлар үшін өте тиімді, пайдалы дүниелер.
Жаңақорғандағы Күкіртқышқылы зауыты («СКЗ-U) мен Ащысай түсті металл комбинаты қалдықтарын пайдалана отырып, түрлі декоративті құрылыс материалдарын жасадық. Университет алдындағы алаңқайға төселген плиткалар магистрантымыз Дилара Әзиханованың магистрлік диссертациясы зерттеулерінің өндіріске ендірілген нәтижесі. Ол плиталар біздің институттың зертханасында жасалды. Патенттелді. («Состав для изготовления декоративных тротуарных брусчаток и бортовых камней» Акбасова А.Д., Курбаниязов С.К., Азиханова Д.К., Есенбаева Ж. Заявка №2018/0195.1 от 26.03.2018.). Міне, осының бәрі институт мамандарының ізденісі, зерттеулердің нәтижесі. Институт ауласында шағын жылыжай құрғанбыз. Сол жылыжайдың қабырғасын да біз пластик ыдыстарға түрлі өндіріс қалдықтарын толтырып, пластик ыдыстармен қалап шықтық. Өндіріс қалдықтарын да, тұрмыстық қалдықтарды да негізі кәдеге асыруға болады. Жүргізген жобалар бойынша баспадан кәітаптарымызды шығардық. Институт қызметкерлері еңбектер жазып, баспадан шығарумен ғана шектелмей, ол зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізіп жатырмыз.
- Қандай мәселе сізді ойландырады?
– Шүкір деп айталық, университетке де, министрлікке де алақан жайған емеспіз. Өз мәселемізді өзіміз шешуге тырысамыз, көп жағдайда шаруашылық есеппен, келісмшартпен жұмыс істеп жатырмыз. Жуырда Қызылорда облысынан гербицид алуға тапсырыс алдық. Қазір сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Тапсырыс беруші мекеме жол түсетін аумақтардағы өсімдіктерді жоюды тапсырды. Сол өсімдіктерді тамырымен құрту үшін гербицид құрамын жаңартып жасап жатырмыз. Жұмысты Бесарық елді мекенінің топырағын зерттеуден бастадық. Көгалдандыру жұмыстарына қатысты зерттеулер мен талдаулар жасаймыз.
Біздегі басты мәселе ғылыми-өндірістік зерттеу нәтижелері бойынша шығарған өнімдерімізді, зерттелген технологияларымызды жарнамалап, сату жағын жолға қоятын мамандар жетіспей тұр. Нәтижелі, өндіріске енгізілген зерттеу жұмыстарымыз бар, цех жұмыс істеп тұр, тек коммерцияландыру жағы ақсаңқырап тұр.Ғылымды коммерцияландыру бүгінгі нарық заманының басты талабы екені белгілі.
–Тарихи-мәдени нысандардың тұздануы деген мәселе жиі сөз болып жүр…
– Иә, біздің институт «Түркістан аймағының тарихи-архитектуралық ескерткіштерін тұрақты сақталуын ұзарту мен қорғауға бағытталған құрылыс конструкцияларын тұзсыздандырудың, жоғары сапалы реставрациялық материалдар алудың жаңа жолдары мен әдістерін ұсыну» атты Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тұздануын зерттеу жұмысына қатысуда. Алматыдағы «Қазқайтажаңғырту» РМК-мен бірге, инженер-физиктермен бірлесіп зерттеу жасаймыз. Мәскеудегі Үлкен театр ғимаратын, Франциядағы тарихи ескерткіштерді физикалық әдіспен тұздануын тежеген екен. (Обратный электро осмоспен істеуге болады екен). Біз Арыстанбаб кесенесін де тұздан тазалағанбыз. Бірақ ол кесененің жағдайы мүлде бөлек, дәл алдында тұзды суы бар құдық бар. Сол тұзды судан тұз көтеріледі. Ясауи кесенесінің тұздану процесі бөлек. Кесенеде жерасты суларының көтерілу процесінен кондесация болады. Оның үстіне бұрынғы желдету көздерін жауып тастаған көрінеді. Бірақ мұның шешімі бар, әлгі физикалық әдісті қолданып тұздануын тежеуге болады. Бұл жұмыс алдағы уақытта жалғасады. Өңірдегі экотуризмді дамытуға үлес қосу да біздің қызметімізге кіреді.
— Сұхбатыңыз үшін көп рахмет. Өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бағытында жүргізіп жатқан жұмыстарыңызға табыс тілеймін!