ТҮРКІСТАН ТЕАТРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ҚОЙЫЛЫМДАР ҚОЮДА

Түркістан музыкалық драма театры 2021 жылдың мамыр айында ашылған болатын. Осы жылдың қазан айыннан бастап алғашқы премьераларын көрерменге ұсынды. Ол Д.Исабековтің «Бөрте» пьесасы бойынша қойлыған  тарихи  драма болатын.

«Өнер –  ұлттың жаны, ал мәдениет –  рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу ­ ортақ парыз» , — деді президент. Мемлекет  басшысы мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтың бірі саналатынын жеткізді. Сонымен қатар, ұлт руханиятын жаңғырту ісіне қатысты нақты шаралар қолға алынып жатқанын атап өтті. Осы реттте , Түркістанда мәдениет пен өнердің туын көтеріп, еліміздің рухани дамуына үлес қосып келе жатқан мәдениет ошақтарының бірі Түркістан музыкалық драма театрының          шығармашылығы туралы тарқатып айтсақ деген едік.

«БӨРТЕ» ДРАМАСЫ ­– ТЕАТРДЫҢ ВИЗИТ КАРТАСЫ

Қазір Түркістан музыкалық драма театрының репертуарында 11 спектакль бар. Дулат Исабековтың «Бөрте» спектаклі – Қазақстан Республикасы мәдениет және өнер саласындағы «Ұмай» тұңғыш ұлттық сыйлығын, II халықаралық «Исабеков әлемі» атты театр фестивалінің бас жүлдесін және «Театр сыншыларының бірлестігі» ұйымдастырған «Сыншылар жүлдесін» жеңіп алды. «Ticketon.kz» сервисінің 10 жылдығына арналған «Тикетон премия- 2022» байқауында «Жылдың үздік премьерасын» жеңіп алды және театр актрисасы Айя Шәріп «Бөрте» рөлі үшін «Жыл актрисасы» атанды. Талаптан Ахметжанның «Махаббат мұнарасы» қойылымы 2023 жылы «Ticketon.kz» сервисі ұйымдастырған байқауда «Жылдың үздік аймақтық спектаклі» номинациясы бойынша топ жарды.

– Халқымыз баланың азамат  болып жетілуі, тұлға ретінде толысуы оның тәрбиесінен, бесігінен дейді. Осынау киелі бесік іспеттес рухани орталықтың негізі бүгінде жәдігер шаһарда қаланып жатыр. 2018 жылы қалаға облыс орталығы мәртебесі берілгенде  қаулы қабылданып,  көне қалаға жаңаша келбет берер мәдени нысандар көптеп салынды. Тарихы терең Түркістан шаһары жаңа тұрпатта көркейіп, зор қарқынмен дамуда.  2021 жылы  мамыр айында Елбасы  Н.Назарбаев келіп театрымыздың  тұсауын кесті. Ашылу салтанатына қатысып, ұжыммен кездесті, театрдың бағыт-бағдары туралы ойын айтып,   ақ батасын берді. …Иә, театр туралы сөз болғанда осында  90-жылдардағы қиын кезде Алматыдай әсем қаланы тастап туған жеріне келіп, шәкірт тәрбиелеп, театр ашқан Р.Сейтметов  туралы айтпай кетуге болмайды. Түркістанда тұңғыш театр өнерін қалыптастырған, із қалдырған сахна саңлағы Райымбек Сейтметовтің еңбегі ерен. Алғашқы премьерамызда басты рөлдердің бірін Сейтметовтің шәкірті Ержан Нұрымбетов ойнады. Ержанның  сондай талантты сахна саңлағының тәрбиесін алғаны көрініп тұрды.

Бізге осы театрды басқару жөнінде ұсыныс түскен кезде көп ойландық. Қазақта: «қанжығаң көтере алмайтын нәрсеге қол салма, көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» деген сөз бар. Десек те, өнер саласында тәжірибе алмасудан өткеніміз, бұған дейін азды-көпті жасаған дүниелерімізді  ескеріп «Керегесі қағылып жатқан өнер ордасына жаңашылдық, тың бағыт алып келулерің керек. Рухани қаламызды биік мәдени деңгейге көтеруге қызмет етіңіздер» деп басшылықтан сенім білдіріп, ұсыныс түскен соң келісім бердім.

…Мұнда маған алғашқы  келген күннен бастап  ұнағаны жан тыныштығы. Киелі мекен деп текке айтылмағандай. Алғашқы премьера кезінде қарбаласты болды, уақытпен санаспай  жұмыс істедік. Таксимен көп жүреміз. Сол кезде қарапайым такси жүргізушілерінің өзі бізге бәйек болып: үлкен жұмыс істеп жатырсыздар, бірі шайын, бірі балын ұсынып, премьераның сәтті өтуіне ниеттестігін білдіріп жатты. Мұның бәрі меніңше, елдің театрға, өнерге деген құрметі. Театрға алғаш келген бір көрермен көзіне жас алып, қатты толғанды. Біз ол апайдың сөзін жазып алдық та. Осылай, жергілікті халықтың жылы күтіп алуының өзі бізді серпілтті, жігерлендірді. Осындай көне, тарихы терең шаһарда  жаңа тұрпаты шаһардың қайта өрлеуі еліміз ғана емес, түркі әлемі деңгейінде мәні  зор бағдар,  бір спектр болып отыр. Біздің театрымыз «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деген мәртебесіне сай өнер ордасы болады. Театрдың басты  ерекшелігі осында»,- дейді бізбен сұхбатында театрдың көркемдік жетекшісі А.Көпбасарова.

Өткен жылы Жазушы-драматург Дулат Исабековтің 80 жасқа толған мерейтойына орай ІІ халықаралық «ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ» атты театр фестивалі өткен болатын. Аталмыш шарада Аустралия, Түркия, Грузия сынды мемлекеттен келген театрлармен қатар еліміздің үш театры жазушының меройтойына байланысты пьесаларын сахналады.

Белгілі драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтің 80 жас мерейтойына орай, Алматы қаласында 13-17 қазан аралығында өткен II халықаралық «Исабеков әлемі» театр фестивалінде Түркістан музыкалық драма театры сахналаған «Бөрте» спектаклі бас жүлдеге ие болды. Бір автордың пьесалары бойынша өткен фестивальге алыс-жақын шетелден – үш, Қазақстаннан үш театр қатысқан болатын. Ел мәдениетінің елеулі оқиғасы болған шараға келушілер қатары көп болды.

Бөрте – әлем тарихындағы ұлы қайраткерлердің бірі, Шыңғыс ханның бірінші әйелі. Бөртеге арналған тұңғыш шығарманың қазақ сахнасында қойылуы да «тұңғыш» екенін атап айту керек. Спектакльде өжет те қайсар, ажарлы да ақылды, батыр да батыл, бір басында драмасы мен трагедиясы жетіп артылатын қайсар әйел Бөрте ханымның ғұмыры баяндалады. Қойылым декорацияның шынайылығымен, сахналық киімдердің тартымдылығымен, реквизиттерді шеберлердің арнайы дайындауымен ерекшеленеді.

«Бөрте» спектаклінің режиссері – италиялық Давиде Ливермор, көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова, композиторы – Хамит Шанғалиев, әдеби редакторы – Шынар Омарова, ғылыми кеңесші – тарихшы, Нұрлан Атығаев. Рөлдерде – Еркебұлан Дайыров, Лейло Ақназар, Әділ Ахметов, Қонысбек Бекайдаров, Зәмзагүл Бекайдарова, Алихан Идрышева, Нартай Сауданбекұлы, Ақбота Рахат, Әшім Ахметов, Толқын Нұрбекова және Түркістан музыкалық драма театрының әртістері ойнады.

« Қазір нарық  бізде  шамадан тыс толы: теледидар, интернет, YouTube желіcі т.б. Адамдардың көретін дүниесі көп. Бірақ нарықтың өз заңы бар. Бәсекелістікте жол табу керек. Мысалы, сырттан келетін туристерді айтпағанда, өзіміздің базбір көрермен (жастар жағы) тарихи дүниелерді қабылдамауы мүмкін. Қайтпек керек? Біз, әлбетте жаңа  мультимедия технологиясын енгізе отырып, креативті дүниелерге құлаш ұрдық. Президент Қ.Тоқаевтың «Креативті индустрия» деген бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама текке жасалып жатқан жоқ. Өйткені, уақыт талабы өзгеріп жатыр. Толассыз ақпараттық тасқын, ақпараттың ұшқырлығы адамның қабылдауына өзгеріс енгізіп жатыр. Күннен күнге театрлар өзгеріске ұшырауда. Бұл бір жағынан қиын, екінші тараптан оны қабылдамасқа болмайды.Experinse деген термин бар шетелде. Эксперимент жасау арқылы көптеген театрлар жаңа бағытқа жол салып жатыр. Біз де  сол Ресейдің озық театрларының,  жақын шетелдік режиссерлердің  тәжірибесін қарадық. Ресейде де, Еуропада да бізге қарағанда театр есіктері бұрынырақ ашылған.  Сондықтан да солардың тәжірибесіне жүгініп, жаңа форматтағы, эксперименттік бағыттағы театр жасауды қолға алып жатырмыз. Бұл өнер ордасының ерекшелігі және концепциясы – перформативті театр атануында. Яғни, қазақстандық қана емес, түркі әлеміне ортақ мемлекеттердің актерлері де келісімшарт негізінде осында жұмыс істей алады. Жаңа технология мен тарихты ұштастыра отырып    эксперименттік  бағытта біз «Бөрте» қойылымын қойдық. Белгілі драматург Д.Исабековтің «Бөрте» пьесасын алып, 2 жылға келісімшарт жасастық. Екі жылға дейін ешбір театр бұл шығарманы сахналамайды. Бұл пьесаны жаңаша бағытта қою үшін  эксперимент  элементтерін қолдандық. Мультимедия технологияларын қолдана отырып, ерекше эффектілер беруге талпындық.Өзінің ақылымен, даналығымен ел есінде қалған аналарымыздың бірі де бірегейі Шыңғыс ханның Қоңырат тайпасынан алған жары –  Бөрте. Бөрте образы – бұған дейінгі әдебиет пен сахнада көрініс тапқан көпшілікке таныс әйелдер бейнесінен бөлек, ел билігіне араласқан рухты, парасатты тұлға. Осындай тарихи тұлғалар арқылы, олардың дара бітімімен, айшықты келбетін сомдай отырып, көрерменге рухани азық сыйлауға тырыстық. Жалпы, бұл шығарманың идеясы терең. Мәңгілік ел болу, елдік тұтастықты дәріптейді».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *