ТЕАТРДЫҢ МАҚСАТЫ ­– ТҮРКІСТАНДЫ ДӘРІПТЕУ

« Театр труппасы жас актерлерден тұрады.  Біз бірнеше қалада кастинг жарияладық. Кастингке  600-дей әртіс қатысып, содан актерлерді іріктеп алдық. Солардың бірі кеше  премьерада басты рөлді сомдаған актриса Айя Шәріп. Труппадағы актерлер  кешегі қойылымдарда Шыңғыс ханның інілерін, 4 баласын, жас меркіттерді ойнады. Сахнада қойылған соғыс картиналарына балет әртістері өздерінің биімен қатысты. Мол технологиялық мүмкіндіктерді қойылымдарға пайдаланып жатырмыз. Бұл жұмыстардың барлығы мамандар арқылы жүзеге аспақ. Біз Астана, Алматы қалаларынан, республиканың әр өңірінен талантты жастарды: сценографтар, хореографтар, актерлерді тартып жатырмыз.  Берісі Қырғызстан әрісі Ресей, Австриядан келіп жұмыс істеп жүр. Музыкалық жетекшіміз талантты  керемет туындылар жазып жүрген композитор Хамит Шанғалиев. «Бөртенің»  музыкасын жазды. Басты рөлдерге үлкен қалалардан  актерлер шақырдық. Бұл үрдіс әлі де жалғасады.

«Бөртені»  қоюға белгілі италиялық режиссер Давиде Ливерморе (Davide Livermore) шығармашылық тобымен бірге шақырылды. Ла Скала, Реджо, Сан-Карло, Рим сахналарындағы қойылымдары арқылы әлемге танылған  режиссер. Театрымыз эксперименттік бағытта болғандықтан бір режиссермен жұмыс істемейміз. Концепциямыз солай бекітілген. Еліміздің театрларынан да, шетелдік режиссерлерді шақырып қойғызамыз. Шетелдік режисерлерді әлі де шақырамыз. Біздің үйренеріміз көп. Өнерде шекара жоқ, өнер тілі – әмбебап тіл. Шетелдік режиссерлерді шақыруымыздың негізі бар. Шетелдік режиссерлерді шақыру арқылы тәжірибе аламыз, шеберлікті шыңдаймыз. Одан  тыс шетелге біздің театрды таныту, Түркістанды таныту сияқты  үлкен  мақсаттарымыз бар» дейді театрдың көркемдік жетекшісі бізбен сұхбатында.

Билет бағасына қатысты сұрағымызға қатысты:

— Жалпы, алғанда билеттер қатты қымбат емес.  «Тикетон» сайтына кірсеңіз билет бағасы 1500-2000 теңгеден басталады. Ал 25 мыңға келсек, ол  сол соманы көтеретін туристерге, қала қонақтарына,  өздерінің кумирлерін көруге асыққанда бағасына мән бермейтін көрермендерге арналған.

Біз өткенде Нұр-Сұлтан қаласында гастрольдік сапармен барып «Бөртенің» премьерасын астаналықтарға қойып қайттық. Билеттер 2000-нан басталып, 25 000 теңге аралығында болды. Сол 350 билеттің 30 орнын ғана 25 мыңнан белгіледік.(Бар болғаны 10 пайыздай ғана. Онда да тек қана премьераға). Билеттер түгел сатылып кетті, тіпті кассаға келіп 50 мыңнан 100 мыңға екі билет тауып беріңіз, деп  келген көрермендер де болды. «Бөртені» көруге Астана, Алматыдан көрермен келіп жатыр. Арнайы осы спектакльді көруге бола елдің басқа өңірінен келіп көріп кетеді. Бұл деген ғажап емес пе?! Оны мен Instagram парақшамда салып жүрмін. Өткенде екі күн «Тикетон» техникалық  ақаулықтарға байланысты жұмыс істемей қалды. Сол күндері желіде хабарласқан көрерменнің тоқтаусыз сұрағынан менің инстаграмым «жарыла» жаздады. «Біз ертерек билет алуымыз керек, одан соң Түркістанға жетудің жолын қарастыруымыз керек. Неге «Тикетеон» істемейді? деп сұрақты жаудыртып жатыр. Мұның бәрі театрға деген зор сұранысты аңғартады.  Міне, осы тараптан қарағанда, оған жұмсалған қаншама еңбек пен төгілген терді есептегенде билет бағасы әділ  деп ойлаймын» дейді Айнұр ханым.

ТҮРКІСТАН ТЕАТРЫ –  ЕЛОРДАДА

Түркістан музыкалық драма театры 2023 жылдың 2-5 шілде аралығында Астана қаласының бас театрларында қойылымдарын көрермендерге ұсынды. Театрдың ашылғалы бірнеше тарихи драманы сахналап үлгерді. Олардың қатарында Д.Исабековтың «Бөрте»,  Е. Аманшаевтың «Қорқыт», А. Нүсіптің «Мағжан», Т. Ахметжанның «Махаббат мұнарасы», Р.Мұханованың «Фариза» және т.б спектакльдері бар.

Гастрольдік сапар барысында Түркістан музыкалық драма театры 2023 жылдың 4 шілдесінде Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры сахнасында жас драматург А. Нүсіптің «Мағжан» тарихи драмасын қойды. Спектакльдің өзекті тақырыбы – Мағжан Жұмабаевтың ағартушылық саласындағы еңбегі, махаббаты, ұлтқа адал қызметі, Сарыарқаны жайлаған аштық (1921-22 жж.). Сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» сахнасында драматургтер Е. Аманшаевтың «Қорқыт», Т. Ахметжанның «Махаббат мұнарасы», Р.Мұқанованың «Фариза» спектакльдері қойылды.

Жуырда «Kazakhstan Ticketon Awards 2024» жеңімпаздары анықталды. Қазақстанның мәдениет, өнер және спорт саласындағы жетінші және ең әйгілі сыйлығы – Ticketon Awards-қа дауыс беру аяқталды. Нәтижесінде Түркістан музыкалық драма театрының «Келіндер көтерілісі» қойылымы өңірлік театрлар арасында үздіктер қатарынан табылып, «Жылдың ең үздік аймақтық қойылымы» номинациясына ие болды. Жалпы дауыс беру бір айға жалғасқан. Оған кез келген қазақстандық қатысқан. Түрлі номинация бойынша барлығы 154 620 дауыс берілген. Осылайша спорт пен өнер саласындағы ең сүйікті, талантты және елеулі өкілдерін таңдады. Жеңімпаздарға 20 сәуірде Алматыда өтетін салтанатты марапаттау рәсімінде арнайы сый табысталады. «Келіндер көтерілісі» спектаклі көрнекті өзбек жазушы-драматургі Саид Ахмадтың ең танымал және табысты шығармаларының бірі болып саналады. Пьеса отыз жыл бұрын жазылғанымен, әлі күнге дейін өзектілігі мен мағынасын жоғалтқан емес. Былтыр ғана Түркістанда жаңа форматта тұсауы кесілген қойылымды көрермен асыға күтеді.

Айта кетейік, аталған театр ұжымы үшінші рет үздіктер қатарында. 2022 жылы «Бөрте» спектаклі «Жыл премьрасы» номиницасын алса, былтыр «Махаббат мұнарасы» «Жылдың ең үздік аймақтық қойылымы» номинациясын иеленген болатын.

ТҮРКІСТАН  ТЕАТРЫ — ЕУРОПАДА

Облыстық мәдениет және туризм басқармасының Түркістан музыкалық драма театры Франциядағы Қазақстанның мәдениет күніне орай өнер көрсетті. Бельфор қаласындағы ұлттық театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосы бойынша қойылған «Қорқыт туралы аңыз» атты пластикалық қойылымы сахналанды.

Екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатында театр ұжымын «GRRRANIT» Халықаралық сахнасының директоры Элеонора Росси шақыртқан болатын. Іс-шара барысында театр директоры Әлімхан Мырзахан сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірі.Айта кетейік, «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық қойылымы Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма XXVIII Республикалық фестивалінде «Айырықша пластикалық шешім» номинациясының, ҚР Мәдениет және Өнер саласындағы «ҰМАЙ» тұңғыш ұлттық сыйлығының «Үздік балет спектаклі» номинациясында финалист, Әзербайжан Республикасында Әзербайжан мемлекеттік ұлттық театрының 150 жылдығына және жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына, сондай-ақ ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымына 30 жыл толуына орай өткен І Халықаралық театр фестивалінде «Ең үздік пластикалық қойылым» номинациясы және ҚР «ҰМАЙ» екінші ұлттық сыйлығының «Хореографиялық өнер» номинациясында «Үздік заманауи хореография спектаклі» сыйлығының иегері атанған. Спектакльдің қоюшы-режиссері – белгілі Ресейлік балетмейстер, өнертанушы Константин Семенов. Композиторы – дарынды жас композитор Хамит Шанғалиев. Көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова.

– Астана қаласындағы гастрольдік сапарымыз сәтті болды. «Бөрте» премьерасы аншлагпен өтті. Билеттерге сұраныс жоғары болды. Театр әкімшілігінің рұқсатымен студенттер мен жастарды біз текпешектерге де отырғызуға мәжбүр болдық.  Көрермендер қойылымнан соң, әлеуметтік желі  арқылы да ыстық ықылас, лебіздерін білдіріп жатыр. «Неге екі ақ күн қойылды?, дегендер де болды. Бірақ ол театрдың да өз жоспары, репертуары  бар.  Кейде қатты тойып кеткеннен, аздап тоймай қалған, тәтті дәмнің ауызда қалғаны да дұрыс қой. Сол сияқты «Бөртені» көре алмай қалған нұр-сұлтандықтар Түркістанға келіп жатыр. Мұның бәрі Алланың бізге берген мүмкіндігі, сыйы, екіншіден әулие бабамыздың желеп-жебеуі, сосын осында жасалған үлкен еңбектің жемісі. Қазақта: «арық айтып, семіз шық» деген сөз бар. Жоспар көп. Оның көбі қаржыға, уақытқа  байланысты. Болашақтың еншісінде, әрине. Біз келесі жылға 2 пьесаға тапсырыс бердік. Екі-үш пьесаны сатып аламыз деп отырмыз.

Италияның  Генуя  қаласындағы Ұлттық академиялық театрынан шақырту алдық. Италия тарапы тур жасаймыз деп жатыр. Алла жазса, бірнеше қалаларын гастрольдік сапармен аралап қайтамыз деген жоспар бар. Жоғарыда  труппа жас актерлерден құралғанын айттым.  Біз әлі шаранасынан жаңа шыққан жас бала іспеттіміз. Тәй-тәй қадам басқан балдырған, тап-таза, сәби жүректі жас труппа. Бұғанасы қатпаған жас театр болсақ та үлкен жүкті, міндетті алып жүру бұйырды. Ол – қайта өрлеу үдерісін өткізіп жатқан жаңа Түркістанның руханиятына үлес қосу. Осы ретте  қолдау танытқан жерлестерге, түркістандықтарға алғысым шексіз. Instagram желісі арқылы көптеген көрермендеріміз хабарласып ыстық ықыластарын білдіріп жатыр. Қаланың ақсақалдары, зиялы қауым, ел ағалары ризашылығын білдіріп, батасын беріп кетті. Осындай ниеті дұрыс, өнерді түсінетін,  адамның еңбегін бағалайтын ел ағалары бар, өнерді сүйетін жастары бар Түркістан қаласының халқына бек ризамын, дейді театрдың көркемдік жетекшісі..

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *