Жер көлемі жөнінен сай келмесе де, Түркістан облысы тұрғындарының саны жағынан басқа облыстардан асып түседі. «Көптің уайымы – көп, аздың уайымы – аз» дегендей, бұқараның саны көбейген сайын өзекті мәселелері де көбейеді. Оның үстіне әрісі 50-60, берісі 30 жылдан бері пайдалана-пайдалана тозығы жеткен, жаңалауды қажет ететін дүниелер де жетіп артылады. Әлеумет ділгір болып отырған мәселелер – керегі сол баяғы мектеп, аурухана, емхана, жол, газ, су, жарық, жұмыс орындары. Сайлау алдында сайлаушылармен кездесіп, базыналарын тыңдадық. Енді сол бойынша жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Ауыз толтырып айта кетер бір жаңалық, мектеп, ауыз су, газ мәселесінің оң шешімін тапқаны.
Облыста 125 ауылда тіршілік нәрі болмай суды сатып алып келсе, өзгелерде йоды, тұзы шамадан тыс көп, одан қалса құрттап кеткен су ішуге мәжбүр болып отырғандар да бар. Құбыр жүргізілсе де, су жеткізілмегендері тағы бар. Мұндай келеңсіздіктер Ордабасы, Отырар, Жетісай, Келес, Қазығұрт, Мақтаарал, Созақ, Түлкібас, Шардара, Сайрам, Төлеби, Сауран аудандары мен Арыс, Түркістан, Кентау қалаларында белең алған. Құрылысы әлдеқашан аяқталса да, пайдалануға берілмеген. Бұған су көздерін барлау мен жобалық-сметалық құнының дұрыс жасалмауы, мердігерлердің он екіде бір сайманының болмауы, нысанды эксплуатацияға беру кезінде жауапты бөлім басшыларының кемшіліктерге көз жұма қарауы сияқты факторлар бірден-бір себеп. Салғырттықтың салдарынан ең соңында опық жейтін халық. Судың сапасыздығынан нешетүрлі аурулар асқынып кеткен. Сол сияқты Арыстағы Жиделі, Монтайтас, Дермене ауылдық округтеріндегі су құбырлары да, 3-К-1 каналы да, қаланың орталық жылу қазандығы да күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл жұмыстарға жалпы
5 млрд. теңгеден астам сомаға жоба жасалған. Қаржыландыруды республикалық бюджеттен күтеміз. Осылардың бәрін ескере отырып, ең алғашқы депутаттық сауалдардың бірін ауыз су тақырыбына арнадым.
Нәтижесінде Үкімет 2024-2025 жылдарға арналған арнайы бағдарлама аясында Түркістан облысына қарасты 113 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етіп, 204 ауылдағы тозығы жеткен су құбырларын жаңалайтынын жеткізді. Биыл 66 нысанның құрылысы жүргізіледі. Оған бюджеттен 17,4 млрд. теңге бөлінді. Атап айтқанда, қалаларға – 3,2 млрд. теңгеге – 12, ауылдарға – 14,2 млрд. теңгеге 54 жобаның жұмысы атқарылады. Оның ішінде 46 нысан ағымдағы жылы аяқталса, қалған 20 нысан алдағы жылы пайдалануға беріледі. Қазір аудан, қала әкімдіктері жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеп жатыр. Бұл жұмыстар аудандық немесе сумен жабдықтау мекемелерінің инвестициялық бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады деп күтілуде. Сондай-ақ, сумен жабдықтау нысандарын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіру бойынша әр тоқсан сайын ауыз су сынамалары облыстық санитарлық-эпидемиологиялық басқарманың зертханаларында тексеріледі. Жалпы алғанда, Түркістан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жалғасын тауып, Үкіметтің бақылауында болады. Келешекте Үкімет ауыз су тапшылығы мен кіріптарлықты болдырмаудың жолдарын қарастыруы қажет.
Жаз маусымында туындайтын тағы бір проблема – ағын су. Оңтүстікте жыл сайын миллион гектардың айналасында егін салынады. Оның жартысына жуығы суармалы,
30 пайызы Жетісай, Мақтаарал аудандарына тиесілі. Десе де, ағын су тапшылығынан ала жаздай титықтап шығады. Жылыжайы көп Сарыағашта да осындай жағдай. Өзбекстаннан Сырдария өзені арқылы егіс алқаптарына тарайтын «Достық» трансшекаралық магистральды каналына механикалық тазарту жүргізу керек. Тазарту жүргізілмегендіктің салдарынан су көлемі 3 есеге азайып кеткен. Су құмға сіңіп кетпесін деп өңірдегі магистральды каналдар мен су қоймаларын жөндеп, су ресурстарын басқаруды автоматтандыру, суармалы жерлерге мелиоративтік мониторингті күшейту, ағын суды үнемдеу технологиясын енгізу Үкіметке ұсынылды.
Қазақстан Республикасын газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасы бекітілгені белгілі. Өткен жылы елімізде 11 миллион 600 мыңдай абонент газбен қамтамасыз етілген. Ал, Түркістанда 368 ауылдың тұрғындары «көгілдір отынға» жарымай келеді. Облысты түгел табиғи газбен қамтуға 75 млрд. 200 млн. теңге қажет екенін де Үкіметке жеткіздім. Сондай-ақ, 2022 жылы газдандыру бойынша 584 млн. теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу байқауы өткізілгенімен, 2023 жылы бюджетті нақтылау кезінде қаржыландыру белгісіз себептермен қысқартылған Арыс қаласына қарасты Байырқұм, Көкжиде, Жиделі, Аққала елді мекендеріндегі жағдайды да көтердім. Үкіметке депутаттық сауал жолдап, облыс бойынша жауабын алдық. Арыстағы аты аталған ауылдар 2024-2026 жылдары газдандырылмақ. Ал, облыста биыл 6,9 млрд. теңгеге осы бағытта 22 жоба іске асырылады.
Тұрғындар саны 2 миллионнан асты
Түркістан облысында жыл сайын 40 мыңдай нәресте дүние есігін ашады. Бұл дегеніміз, әр жаңа оқу жылында 40 мың бала мектеп табалдырығын аттайды деген сөз. Осыдан-ақ білім ошақтарына деген өткір ділгірлікті байқаймыз. Өңірдегі мектеп мәселесін шешу бойынша депутаттық сауал жолдаған соң, бұл мақсатқа Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен 344 млрд. 600 млн. теңге бөлінді. Бұйырса 2024-2025 жылдары облыста 63 мектеп пайдалануға беріледі. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылы 29 мектептің құрылысын бастап 2024 жылы, ал, 34 мектептің құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы аяқталады. Яғни 2023 жылға – 54,6 млрд., 2024 жылға – 116,8 млрд., 2025 жылға 173,2 млрд. теңге қарастырылған. Сонымен қатар, «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен өңірдегі 11 мектептің құрылысын аяқтау үшін 11,6 млрд. теңге, бұдан бөлек ағымдағы жылы жалпы сипаттағы трансферттер аясында 37 білім ұясының құрылысына 22,6 млрд. теңге берілді. Қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуы мен мектептердің дер кезінде пайдалануға берілуін қадағалауда ұстаймыз. Бұлайша 344 млрд. 600 млн. теңгенің бірден бөлінуі бұрын-соңды болмаған жаңалық. Осының арқасында облыста мектеп салу ісі жанданып сала берді. Айта кету керек, ауыл арасында қатынап оқитын оқушыларды тасымалдау үшін арнайы автобустар аудандарға үлестірілді.
Тұрғындар саны көбейген сайын әрбір ауылда амбулаториялық пункт ашып, оларға тәжірибелі дәрігерлерді тартудамыз. Қазір әр амбулаторияға бір-бір жедел жәрдем көлігінің қажеттілігі туындап жатыр. Өйткені, жүкті әйелдер мен ауыр сырқаттанған науқастарды аудан орталығы тұрмақ, ауылдық округтің өзіне жеткізудің өзі мұң боп жатқан аймақтар жетерлік. Оның үстіне жоғарыда айтылған сапасыз ауыз су тұтынатын ауылдарда ішек, бауыр, бүйрек аурулары асқынып, көпсалалық аурухана салу күн тәртібінде тұр. Мысалы, шардаралықтар сол санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін Шардара су қоймасының суын ішіп отыр. 60 мыңнан астам тұрғыны бар Арыста бір мезгілде 500 науқас қабылдайтын емхана ғимаратының құрылысына қажетті 3,2 млрд. теңге бөлінетін болды. Бұл жөніндегі депутаттық сауалға Қаржы министрлігі 2024-2026 жылдарға бағытталған лимиттер негізінде қаржыландырылатынын хабарлады.
Жалғасы бар.