Ел Президенті Ұлттық құрылтайда ұлттық бренд, идеология, тарих, сана, мәдениет, тәрбие, жалпы ұлттық құндылықтар мен креативті индустрия, саяси талдау, сараптау, шекаралас аймақтарды дамыту, мемлекеттік қызметкерлерді адалдық пен әділдікке жетелейтін қасиеттер мен істерге кеңінен тоқталды. Түсінгенге әділетті әрі адал қоғам жайында терең мағыналы ой айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтарды ұстану үшін ортақ ұстаным қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:«Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақ-станды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Жер көлемі жөнінен сай келмесе де, Түркістан облысы тұрғындарының саны жағынан басқа облыстардан асып түседі. «Көптің уайымы – көп, аздың уайымы – аз» дегендей, бұқараның саны көбейген сайын өзекті мәселелері де көбейеді.
Өңірде сауда-саттық, өндіріспен айналысатындардың сан соғып қалып жатқандары жасырын емес. Теңгенің құлдырап, доллардың өсуі валюта алыпсатарларының оң жамбасына келгенімен, былайғы жұртты титықтатып жіберді. Олардың қатарында тек тұрмысы төмен бұқара, жұмыссыздар ғана емес, ірілі-ұсақты бизнес өкілдері де бар. Мысалы, мақташылар шаш-етектен шығынға батты. Жылда егін мен жиын-терім науқанында жанар-жағармай бағасының шарықтап шыға келетініне бәрі наразы. Дәл осы уақытта зауыттар да қолдан тапшылық жасап, монополистердің ойына келгенін істейтінін айтып, ұлардай шулап жүрген бір жұрт. Былтыр мақташылар да, жылыжай өсірушілер де банкрот болды. Бірін баға қысса, бірін қыстың қытымыр аязы қысты. Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігі пәленбай жылдан бері мақта сортының сапасыздығын сылтауратудан жалығар емес. Бізге берген жауаптарында да алға тартқан сылтауларының бірі осы.
Кеңінен тарқатсақ, Түркістан облысындағы жалпы егіс алқабының 70 пайызын мақта шаруашылығы құрайды. Сол себепті түстікті «ақ алтынның» отаны санайды. Алайда, біздің өлкеде мақтадан жіп иіріп, мата тоқитын, киім тігетін ірі өндіріс орындары жоқ. Мақта өсірілетін аумақта 1 миллионнан аса адам өмір сүреді. Олардың көбі осы шаруашылықпен күн көреді. Соңғы жылдары өнімге сұраныстың азаюы бағаның төмендеуіне әкеп соқты. Сөйтіп өткен жылы бұл сала құлдырап, соның салдарынан мақта сапасы да төмендеп кетті. Ауыл шаруашылығы министрлігі түріктің қымбат тұқымын ұсынып, тиімсіз іске күш салған. Жергілікті шаруалар қалтасына сай келмеген соң, ол тұқымды сатып ала алмаған. Мақташыларға өткізілген өнім көлеміне қарай субсидия беруді қайта жандандыру және элиталық шитті өзімізде өсіру керек. Өзектілігін жоғалтпаған тағы бір проблема – мақтаны әрі қарай өңдеу ісінің жолға қойылмағаны. Ал, көршілес Өзбекстанның әр облысында бірнеше тоқыма-тігін фабрикаларының барын естен шығармаған абзал. Онда тіпті 22 кілем фабрикасы жұмыс істеп тұр. Ал, ондай фабрикалар бізде екеу-ақ. Сол себепті көрші елдің жеңіл өнеркәсіп саласының шаңына ілесе алмай келеміз. Киім тігу жағынан қырғыздар біздің алдымызда. Бұл да бір депутаттық сауалға себеп болды. Құзырлы министрлікке мақтаның сапасын жақсарту, жаһандық нарықта бәсекелестікті арттыру үшін элиталық тұқымды тиімді бағада сату, шаруалардың шығынын ішінара жабу үшін дайын өнімнің әр тоннасына субсидия төлеу, мақта өнімдерін өңдейтін тоқыма-тігін фабрикаларын ашу ұсынылды. Олар түрік ғалымдарымен бірлесіп, мақтаның заманауи сорттарын дайындау технологиясының енгізілетінін, субсидиялау жүйесін жетілдіріп, ашықтықты қамтамасыз етіп жатқанын айтты. Шымкентте мақта талшығының 40 пайызын өңдейтін 4 кәсіпорынның жұмыс істеп тұрғанын, ал, облыста 2025 жылға дейін тоқыма-тігінмен айналысатын 3 ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылатынын айтты. Бұдан бөлек, өзбекстандық серіктестермен бірлесіп, тоқыма кластері құрылады.
Түркістан облысы – жылыжай шаруашылығы бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің бірі, республика жылыжайларының 67%-ы біздің өңірге тиесілі. Өкінішке қарай, жылыжайлар қаңтарда жауған қалың қарға шыдас бере алмаған. Себебі, жылыжайлардың 94%-ы шаруалардың өз күшімен салынған жеңіл құрылыстар екен. Жылыжайларды стандартқа сай жаңа технологиямен салу үшін қожалықтарға мемлекет тарапынан төмен пайыздық ұзақ мерзімді несиелер беру керек. Мәліметке қарағанда, алдыңғы жылға қарағанда былтыр жылыжайда қызанақ пен қияр өсіру 71,8 мың тоннаға төмендеген. Отандық көкөніс өндірушілердің аздығынан Қазақстан нарығын импорт басып, экспорт көлемінен 10 пайызға асып кеткен.
Негізі облыс көлемінде ірі индустриялық өндірістер жоқ, жергілікті жұртшылық негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірумен айналысады. Мемлекеттен жылыжай өндірісіне төмен, 5 пайыздан аспайтын ұзақ мерзімді несиелер мен гектарлық субсидиялар бөліп, нақты көмек көрсетілгенде ғана жылыжай өндірісі өркендейді әрі бәсекелестікке бейімделеді. Әлемде ауыл шаруашылығымен байыған мемлекеттер баршылық. Олар шаруашылықтардың дамуына қолайлы жағдайлар жасаған. Мысалы, Еуропаның құлпынай өсіретін жылыжайларын тамашалауға туристер ағылып келіп жатады. Агробизнестен АҚШ жерін де, жағдайын да, ақшасын да аямайды. Ал, біздің Үкімет тұрақты нормативтер негізінде нақты қожалықтарға ғана қомақты көмек көрсете алады да, ұсақ шаруашылықтар игіліктерге жетпей жатады. Үкімет «Кең дала», «Агробизнес» әмбебап несиелендіру бағдарламасының аясында жылыжайлардың проблемасын шешетінін мәлімдеді.
Жалғасы бар.