Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда түркі елдерінің бірлескен арнайы экономикалық аймағын құруды тапсырған еді. Бұл – облыс үшін игілігі мол іс. Мемлекет басшысының бастамасын ТМҰ қатысушылары да қолдап, Самарқанд қаласында өткен саммитте «TURAN» АЭА тұжырымдамасы бекітілді. Осыған сәйкес Түркістандағы қолданыстағы «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы мен «TURAN» АЭА-ның аумағын қосу көзделген-ді. Өйткені, ТМҰ-ға мүше мемлекет бизнесмендеріне ерекше мәртебе беріліп, өңдеу өнеркәсібіне қатысты барлық қызмет түрлеріне рұқсат етіледі. Индустриялық алаң халықаралық деңгейде болғандықтан бизнестің өсіп-дамуына жайлы жағдай жасалады. Олар тіпті даулы мәселелерді шешуде халықаралық сотқа жүгіне алады. Рухани астанада туризммен қатар экономикалық дамуға да жол ашу керек. Осыған байланысты «TURAN» АЭА құру мен оның қызметін атқару бойынша «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» және «Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР Заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет. Президенттің бұл жөніндегі тапсырмасына екі жылдан асып барады. Алайда, елеусіз-ескерусіз қалғандай, бұл мәселеге әлі күнге нақты ешкім білек сыбана кіріспеді. Қандай жоба іске асса да, көпшіліктің кәдесіне жараса игілігін ел көреді деп мұны да депутаттық сауал етіп жолдадым.
Үндістанның медицинасы да, фармацевтикасы да күн сайын дамып жатыр. Қазір үндістандықтар көптеген салада әлемде жетекші орынға ие. Үндістанда рак ауруларын емдеуге ерекше маңыз берілген. Үндістанның клиникаларында әр пациентке дәрігердің нұсқаулығымен жеке-дара препараттар дайындап беретін фармацевтикалық орталықтар жұмыс істейді. Біздің елден бауыр циррозы, асқазан жарасы, өкпе құрты дертін асқындырып барғандар елге сауығып оралып жатыр. Бұл – медицинаның мықтылығы мен дәрі-дәрмек сапасының өте жоғары екендігінің дәлелі. Ал, сол Үндістан фармацевтикасына қажетті шикізат жан-жақтан жеткізіліп жатыр. Оның арасында контрабандалық жолмен Үндістан, Пәкстан, Иран, Ауғанстан, Қытай асып жатқан Қазақстанның сасық кеурегі мен қызыл миясы да бар. Елімізде сасық кеуректің оннан аса түрі өседі. Бізде елеусіз және құнсыз болғанымен ол шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Өнімнің келісі 100-150 долларға бағаланады. Сасық кеурек 5 жылда бір гүлдеп, 10 жыл өмір сүреді. Қызыл мия да сол шамалас. Сасық кеурек онкологиялық ауруларға таптырмас ем болғандықтан сұраныстан түспейді. Іргедегі Өзбекстан мен Тәжікстан бұл өсімдікті өздерінде өсіруге кірісті. Косметикалық, парфюмериялық өнімдер шығаратын елдерде қажетті гүлдердің плантациясы болады. Біз қолда бар алтынның қадірін білмей, дермене, мия, кеуректің тамырымен қопарып, тонналап тонап жатқандардан қорғай алмай жүрміз. Керек десеңіз, қызыл мия «Қызыл кітапқа» да енбеген.
Үшеуі де дәрілік өсімдіктер тізбегіне жатады. Сасық кеуректі теруге рұқсат берілмеген. Дермене жусаны – тұқымы құрып бара жатқан бағалы дәрілік өсімдік. Заңда олардың популяциялары мен қауымдастықтарының жойылуына жол берілмейтіні, қатаң белгіленген тәртіпте қорғалатыны жазылғанымен, қоршалып та, қорғалып та жатқан жоқ. Мияны Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізу, осы үш дәрілік өсімдіктің қорларын анықтауды, өңдеуге және өндіруге дайындауды, шикізатын экспорттауға тыйым салуды, тұқымын сақтау және көбейту шараларын күшейтуді, фармацевтикалық мақсатта қолдану үшін Оңтүстік өңірде арнайы плантациялар салуды Үкіметке тапсырдық.
Табиғат байлығын қорғау дегеннен шығады, Семей орманы резерваты өртенгенде не атқарушы билік, не сол ағаш, тау-тасты, дәрілік өсімдіктерді ұрлайтындарда жауапкершілік пен жанашырлықтың жоғын, салғырттықты байқадық. Бұл салада да реттейтін мәселелер өте көп екен. Апатты жағдай орнамаса, төтенше жағдайлар мен орман шаруашылығының, табиғи парктердің ақиқаты ашылмас еді. Статистикалық мәліметке сенсек, Қазақ-станда жылына әртүрлі себептермен 12 мың өрт орын алады екен. Соңғы 3 жылда 33 мыңдай апаттан 207 983 адам зардап шегіп, 4 кісі опат болған. Жылына 400-дей отандасымыздан көз жазып қалып жатыр екенбіз. Төтенше жағдайлар қызметінде өрт сөндіру көліктері, авиациялық тікұшақтар, апаттарды барлау құрылғылары мен құрылымдары жетіспейді. Осының салдарынан мыңдаған гектар орман алқабы өртеніп кеткен. Шын мәнінде, көптеген мекеменің құрылымын қайта қарап, реттеу қажет сияқты. Өйткені, қазіргідей жаз маусымында кез келген аймақтан апат орын алған аумаққа қосымша күш тартудың өзі қауіпті. Неге десеңіздер, абайсызда өрт шығатын болса, әр өңірдің өз қызметі өздеріне қажет боп қалуы бек мүмкін. Сол себепті әр облыстың өрт сөндіру қызметі түрлі жағдайларға сақадай сай болуы тиіс. Алапат өрт кезінде 51 техника мен 190 адамның күші ешнәрсеге жетпейді. Бізге белгілісі, өрт сөндірушілердің күні ескі көліктерді жөндеумен өтіп жатыр екен. Сол сияқты көп жылдар бойы құтқарушы қызметкерлердің еңбегі еленбей, бұл салада да жемқорлық белең алған. Осыларды ескере отырып техникалық базаны жаңалауға, қызметкерлер санын көбейтуге ден қою қажет.
Ормандарда өрт бақылау мұнаралары жоқтың қасы. Өткен 5 жылда ен далада 500 рет от тұтанып, 1,5 млн. гектар жер қызыл жалынға оранған. Ал, құзырлы министрліктің есептеуінше, төтенше жағдайлар қызметінің 73 пайызы қажетті техникалармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонда олар бес қаруы сай болса да, өртті ауыздықтауға қауқарсыз ба? Демек, бұл есептің барлығына жіті тексеру жүргізу керек.
Әлемде суы мен нуы көп елдер баршылық. Әсіресе, мұхит немесе теңіз жағалауларында, орман айналасында, тау етегінде тұратын жерлерде арнайы құтқару қызметі күндіз-түні қауіпсіздікті күзетеді. Және де олар заманауи техникамен жабдықталған. Барлық облыстарда, аудан, қалаларда ауылдық округтер мен елді мекендерді өрт сөндіру техникасымен қамтамасыз ету, орманшылардың штатын кеңейтіп, жалақысын көтеруді, оларды орман аумағын өрттен бақылап жүретін дрондармен қамтамасыз етуді, бұқара демалысқа жиі баратын ормандар мен ірі өзен-көлдердің басында арнайы құтқару қызметін құруды; әуеден бақылау үшін арнайы тікұшақтардың санын көбейтуді, орман, тауларға апаратын жолдар салуды, барын сапалы етіп жөндеуді Үкіметке депутаттық сауал етіп жолдадық.
Зейнет жасын төмендету – көпшілік талабы
Сайлау алдында тұрғындармен кездесу барысында ең көп көтерілген мәселе – жұмыссыздық пен зейнет жасын төмендету. Абай хакім қырық екінші қара сөзінде: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді?» дейді. Көптеген жобаларға қыруар қаржы бөлінгенімен, олар іске аспай қалған. Соның салдарынан жұмыссыздық жойылмай отыр. Ауылдарда жұмыс орындарының көптеп ашылуын қолға алу керек. Қазір кей әкімдіктер мыңдаған адамның жұмыспен қамтылатынын жарнамалап, қисынға келмейтін іспен айналысуда. Және жұмыс істеудің жөні осы екен деп қара жұмысшылар мен мектеп мұғалімдерін, дәрігерлерді алпыстан асқанша жұмысқа жегіп қоюға да болмайды. Зейнет жасын 55-ке дейін түсіру – қалың бұқараның талабы. Өзекті мәселені Үкіметке жолдап, депутаттық сауалға жауап күтіп жүрміз.
Министрліктердің көптеген сауалдарға салғырт қарауы депутаттардың наразылығын тудыруда. Үкіметтің де, Үкімет мүшелерінің де, аймақ әкімдерінің де кандидатурасын мақұлдайтын депутаттар. Әртүрлі деңгейдегі атқарушы билікті халықтың мәселесіне ат үстінде отырып алып, жүрдім-бардым қарауына жол берілмейді. Онсыз да министрлер мен әкімдерге сенуден қалған сайлаушылар тек депутаттарға үміт артып отыр. Менің өзіме күніне қанша адам ауылдың проблемасын айтып келіп жатады. Депутат болудағы мақсатым да халықтың қалаулысы деген абыройлы атаққа кір келтірмеу, сенім үдесінен шығу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Әділетті Қазақстан орнату үшін азаматтарға бірінші кезекте адалдық керек. Бізде де елге адал және әділ қызмет етуден басқа ой жоқ. Адалдық үстемдік етпей, әділдік салтанат құрмайтынын ұмытпаған жөн.
Қайрат БАЛАБИЕВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты