ТҮРКІСТАН: АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІН ДАМЫТУ БОЙЫНША БІРҚАТАР ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке еліміздегі экономикалық саясаттың жаңа моделін қалыптастыруға басымдық беруді тапсырған еді. Осы орайда ауыл шаруашылығы саласында кездесетін кедергілер мен оларды жою, экономиканың негізгі драйвері саналатын саланы дамыту мәселелеріне үн қосып жүрген сала ардагері, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Агро кеңес беру» орталығының жетекшісі Нұрлыбек Боранбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Нұрлыбек Нұрманұлы, көпті көрген тәжірибелі маман ретінде айтыңызшы, ауыл шаруашылығы саласына қатысты Түркістан өңірінде қандай проблемалар бар?

– Түркістан облысының құрылғанына 5 жылдан енді асты. Сондықтан да өңірдің барлық саласында шешімін табуы тиіс мәселелер мен соңына дейін жеткізілуі тиіс бастамалар көп. Солардың ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерге тоқталар болсақ, аймақта агротехнология талаптары орындала бермейді. Агрокешен саласында білікті кадрлар жетіспей жатады, тұқым шаруашылықтары жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұр, сапалы тұқым жеткіліксіз… Облысымыз «ақ алтынымен» әйгілі өңір болғандықтан, мақта маңайында да даулы мәселелер жетерлік. Мақта өсіретін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің (АШТӨ) техникамен жабдықталуы өте нашар, мақтаны өндірудегі кластерлік жүйе мен технологиялар трансферті де қалыптаспаған.

Одан бөлек, қазір аймақта жердің де құнары төмендеп барады, бұл ретте ауыспалы егіс жүйесі дұрыс сақталып отырған жоқ, өйткені, көптеген дақылдар бір танапқа монодақыл ретінде өсіріліп келеді. Егіннің сусыз өспейтіні белгілі, ал, өңірде суармалы ағын су жеткіліксіз. Ал, біздің облыста осы мәселенің шешімін табу үшін суаруда инновациялық қорды үнемдеу технологияларын қолданып жатқан жоқ. Салдарынан суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы жылдан-жылға нашарлап барады. Ол аздай көлденең және тік ұңғымалар істен шығып, жүйелі қолданбағандықтан суармалы жерлер сортаңданып жатыр. Соның салдарынан кейбір суармалы жерлер айналымнан шығып, тастанды танаптардың үлесі артып кетті. Дренаж жүйелері де істен шыққан, жерасты сулары жер бетіне шығып босқа ысырап болуда. Егістік алқаптарда зиянкестер еселеп көбейді, карантиндік өсімдіктер, арамшөптер егіс алқаптарын басып кетті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша қазіргі таңда кәсіпорындар мен көкөніс қоймалары да жетіспейді. Міне, салада осындай қордаланған проблемалар шаш-етектен.

– Сөзіңіз аузыңызда, өңірімізде қанша көкөніс қоймасы бар? Олардың сыйымдылығы қандай?

– Облыста 37 көкөніс қоймасы бар, олардың сыйымдылығы – 79480 тонна.

– Тұқым шаруашылықтары жойылып барады деп қалдыңыз…

– Мақта тұқымы сапасызданып кеткен. Бұрын 2000 жылдан бастап осы мәселе жоғары деңгейде көтеріліп, мақтаның өнімділігі мен тұқымдық шиттің сапасын жақсарту мақсатында 2009 жылы арнайы сапалы тұқым дайындайтын зауыт азық-түлік корпорациясының құрамында «Қазақстан мақтасы» АҚ құрылған еді. Олар жылдық қуаттылығы бес мың тонна сапалы тұқым дайындайтын, халықаралық стандартқа сай шиттердің түгін химиялық тәсілмен түсіретін соңғы үлгідегі зауыт еді. Бірақ, ол небәрі екі-үш жыл жұмыс істеді де, тоқтап қалды.

Осы зауытты мүмкіндік болса қайта іске қосу керек. Барлық тұқым шаруашылықтары тұқымдық шитке арналған мақтасын осы зауытқа өткізіп, сапалы тұқымдық шит дайындауларын міндеттеу қажет. Егер де «Қазақстан мақтасы» АҚ іске қосылса, тұқым шаруашылықтарын сол зауытқа өткізуге міндеттеуді дұрыс шешім деп ойлаймын. Әрине, агроқұрылымдарды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету, одан жиналған жоғары репродукциялы шитті мақта тұқымын арнайы бунтта жинауға мән беру керек.

Бүгінгі таңда мақта шаруашылығында жер жырту, сор шаю секілді агротехникалық шаралар мерзімінде жүргізілмейді, сапалы тұқым тапшы, егіс алқаптарының мелиоративтік жағдайы нашар, ауыспалы егіс әдісі сақталмайды, мақта талшығының шығымы мен сапасының төмендігі өзекті проблемаға айналды. Біздің ойымызша, бірнеше жылға арналған аймақтық «Мақта саласын дамыту» бағдарламасын қабылдау қажет. Өйткені, мақта өнеркәсібі мен тоқыма кластерін дамыту барысында мемлекеттік қолдау шараларын енгізіп, ірі мақта өңдеу зауыттарының жанынан мақта талшығын терең өңдеу цехтарын, фабрикаларын құруға мүмкіндік ашылып, жіп иіріп, трикотаж, басқа дайын бұйымдар шығаруды жолға қойса, өңірдегі жеңіл өнеркәсіп саласы дамыған болар еді.

– Ал, мал шаруашылығы бойынша не айтасыз? Өңірімізде бұл сала қалай дамып жатыр?

– Облысымызда мал шаруашылығын дамытуда төрт кедергі бар. Атап айтқанда, өнімділігі төмен мал тұқымдары өсіріледі сондай-ақ, мал азығымен қамтамасыз ету жағы да жеткіліксіз. Сонымен қатар мал дәрігерлік жұмыстарының деңгейі мәз емес. Мұны реттеу үшін жергілікті малдың геномдық тұқымын жақсартып, жергілікті малды асылдандыру қажет. Асыл тұқымды малдардың аталық ұрықтарын пайдаланып, жергілікті малдарды қолдан ұрықтандырған дұрыс. Мәселен, басқа елдерден мал тасымалдау шығынды көп қажет етеді, сонымен бірге әкелген малдың жерсінуі де қиын. Ал, асыл тұқымды мал ұстаудың тиімділігі мол. Бұрынғыдай жеген шөбі мен азығын ақтамайтын сиыр малын ұстаудың қажеті жоқ. Оның орнына шығынды көп қажет етпейтін шетелдік, отандық құнды аталық ұрықтарын пайдаланатын кез келді. Мысалы, Абердин – Ангус, Гольштин, Сементал, Ақбас тұқымдары. Бұдан бөлек, соңғы жылдары ірі агроқұрылымдардың ұсақталып кетуі салдарынан жүргізілетін зооветеринарлық шаралар мен мал тұқымын асылдандыру селекциялық жұмыстары да мүлдем ескерусіз қалды.

Тоқетері, мал шаруашылығы саласында жоғалып бара жатқан ірі қара малдардың генофондын сақтап, тұқымдық құрамын жақсартуды қолға алып, жергілікті малды негізге алып асылдандыру керек. Қой шаруашылығы саласы соңғы жылдары мүлдем ескерусіз қалды.

Осы орайда ғылыми негізде қой шаруашылығын дамыту жүйесін ұсынған болар едім. Ол үшін шопандардың кәсіби статусын заңмен белгілеу керек. Бізде малды бағатын шопан, ал, жиындар мен фестивальдерде төрде отыратын, марапат алатын шаруашылық төрағалары. Кәсіптік-техникалық арнайы оқу орындарында шопан кадрларын даярлауды қолға алу керек.

Сонымен қатар өңірлердің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты бейімделген қой тұқымдарын анықтау керек. Қой шаруашылығын дамыту концепциясын бір ауданға пилоттық жоба ретінде  енгізуді ұсынар едім.

Жалғасы бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *