ӨҢІРДЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫ АЙТАРЛЫҚТАЙ ДАМУ ҮСТІНДЕ

Ел Президентінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке еліміздегі экономикалық саясаттың жаңа моделін қалыптастыруға басымдық беруді тапсырған еді. Осы орайда ауыл шаруашылығы саласында кездесетін кедергілер мен оларды жою, экономиканың негізгі драйвері саналатын саланы дамыту мәселелеріне үн қосып жүрген сала ардагері, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Агро кеңес беру» орталығының жетекшісі Нұрлыбек Боранбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Өңірімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін тағы не істеу қажет деп ойлайсыз?

– Ең бірінші, ауыл шаруашылығын дамытудағы басым бағыттарға тоқталсам, егін шаруашылығын әртараптандырып, агротехнологиялық жүйелерді өндіріске ендірген дұрыс. Қарқынды бау шаруашылығын дамыту да тиімді, сондай-ақ, тамшылатып суару әдісін қолдануды кеңінен пайдаланғаннан ұтылмаймыз және жылыжайларды да көбейту қажет. Оған біздің облыстың климаты өте қолайлы. Сондай-ақ, жеміс-жидек пен көкөніс қоймаларының да сыйымдылығын арттыра түсумен қатар логистиканы дамытуды да ұмытпаған абзал. Нөльдік терең қопсыту технологиясы енгізілсе, Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дами түсер еді.

– Қазіргі таңда облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Агро кеңес беру» орталығының жетекшісісіз. Айтыңызшы, өзіңіз жоғарыда атап өткен проблемалардың шешілуіне сіз жетекшілік ететін орталық қаншалықты көмектесіп жатыр?

– Біздің орталықтың агроөнеркәсіптік кешен бөлімінде бірқатар ауқымды пилоттық жобалар бар. Барлығының мақсаты облысымыздағы ауыл шаруашылығы саласындағы проблемаларды оңтайлы түрде шешуге бағытталған. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кәсібін жетілдіре түсу барысында кәсіпкер кездесетін кедергілермен күресу, оның алдын алу үшін тиімді шешім шығаруларына қажетті көмек көрсетеміз. Шаруалардың өз кәсібін жетік меңгеруіне біліктілігін шыңдауға көмектесіп, агросаланы жетілдіре түсу бағытында жұмыс істеп жатырмыз.

Сондай-ақ, түрлі дақылдардан мол өнім алу үшін олардың технологиялық ерекшеліктерін ескерудеміз. Сол себепті шаруаларға «ашық алаңдар» ашуды жөн санадық.

Жобамыз қолдау тапқан соң оны бастау үшін алдымен топырақты агрохимиялық сараптаудан өткізіп алдық. Республикалық топырақ зерттеу орталығының басшысы Жәнібек Ақбармен кездесіп, агрохимиялық зерттеу зертханасының қолжетімді болуын қарастырдық. Осы мақсатта зертхана ашылып, қазіргі таңда егістік жерлерден әкелінген топырақ сынамаларын зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аталған саладағы кемшіліктерге  мән бере отырып, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бастамасымен біздің орталық құрылды. Ондағы мақсат – әр дақылдың технологиялық ерекшеліктерін ескеріп,  демонстрациялық алаңдар ашып, тәжірибе ретінде шаруаларға ұсыну.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен агрохимиялық зерттеу зертханасы ашылды. Соңғы жылдары  шаруалардың кәсіби біліктері төмен болуы салдарынан  агротехнология талаптары сақталмай топырақтың құнары азып, пайдалы микроэлементтер  жоғалып кетті. Өкінішке қарай, ғылыми негізделген ауыспалы егіс жүйесі өндіріске ендірілер емес.

Ғалымдардың пікірінше, болашақ мол өнімнің негізі егістік танаптарды күзде жыртып, өңдеуден бастау алады. Фермерлерге әр ауданның және ауыл округтерінің  топырақ-климаттық жағдайына, өсірілетін дақылдардың биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес кеңес бере алсақ, бұл болашақ мол өнімнің кепілі болар еді. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда шаруалар топырақ өңдеуді өз дәрежесінде ғылыми негізделген жүйеде жүргізе алмай келеді.

Біз осы проблемаларды шешу мақсатында  Сайрам ауданындағы «Нұр көл» шаруашылығына қарасты базада демонстрациялық алаң құрдық. Ол алаңда егістік аймағында нөльдік терең қопсыту, жер өңдеу технологиясы ендірілді. Осы арқылы өндірістік шығындар 35-40%-ға дейін азайды, ол өз кезегінде топырақтың құрылымын жақсартады және қара шіріндінің (гумыс) құрамын байытуға мүмкіндік береді. Себебі, мұнда егілген дақылдардың өнімділігі 30-40 пайызға дейін көбейді. Бұл бір. Екіншіден, Ордабасы ауданындағы «Рамазан» агрошаруашылығы базасында да мақта өсіру бойынша демонстрациялық алаңдар ашылды. Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің пилоттық жобаларымыздың өндірістік бағыты бар. Онда ең бірінші мақта дақылын өсіруге көбірек көңіл бөлінеді. Мәселен, бір гектар жерден алатын мақтаның түсімділігін арттырып, химиялық тыңайтқыштарды лажы болса қолданудан бас тартсақ, толықтай органикалық тәсілге көшсек дейміз.

Жалпы, Түркістан облысында мақта саласын дамытуда көпжылдық бағдарлама әзірлеу қажет. Бұдан өзге, Отырар ауданындағы «Марғұлан» шаруа қожалығында да бақша дақылдары мен жүгеріні органикалық негізде өсірудің дұрыс болатындығына көз жеткіздік. Жетісай ауданындағы «Ералиев» ШҚ базасында жеміс-жидек пен жүзім, Шардара ауданында балық өсіріп отырған «Хамит» АӨК шаруашылығы мен Сауран ауданындағы «Тұран» ӘКК шаруашылықтарының барлығын кооперация тәсілімен шаруаларды біріктіру арқылы нарыққа шығаруды мақсат етіп отырмыз. Облыстағы бірнеше базалық шаруашылықты озық технологиялармен қамтып, өндіріске енгізсек, нәтиже көп күттірмейді. Сонымен қатар, маман кадрларды оқытып, өңірдің агроқұрылымын, ауыл шаруашылығы саласын алға сүйрейтін, жаңа жобаларды іске асыратын тетіктерді де қарастырып отырмыз.

– Біраз адамда жылыжайдың өнімдері химикатпен өскен, денсаулыққа зиян деген пікір қалыптасып қалған сияқты. Осылай күдіктенуге негіз бар ма?

– Мен мұндай пікірлермен  келіспеймін. Әрбір бағбанның арманы – жылыжай салу. Жылыжайда бағбандықпен жыл он екі ай айналысуға болады. Жақсы жылыжайда қыстыгүні күй таңдағыш дақылдардың өзі жеңіл өседі. Бірақ, ғимаратты үздіксіз жылумен қамтамасыз етіп отыру керек. Себебі, жылу болмаса бір түннің ішінде еккен барлық дақылдарыңыз үсіп кетеді. Сондықтан жылыжайда жылу жүйесі, судың берілуі, жарықпен қамтамасыз ету мәселелері оңтайлы шешілуі қажет. Іс мұнымен де бітпейді. Сіз жылыжай салсаңыз, ең бірінші кезекте адамдарды жұмыспен қамтисыз, екіншіден, халықты ең қажетті көкөніспен жыл бойы арзан бағада қамтамасыз ете аласыз. Жылыжайдың жыл сайын кесте бойынша топырағы ауыстырылып отырады. Сондықтан адам денсаулығына зиянды деген сөз жай ғана жел сөз. Ол жерде мөлшерден тыс химикат берілмейді. Тек жылыжайда ғана емес, барлық егістік алқаптарында тыңайтқыштар мен дәрумендер мөлшерімен беріледі және барлығы тексеріліп отырады.

– Әңгімеңізге рахмет! Бастаған жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан

Ерболат АЙНАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *