ТҮРКІСТАН: ТАҒЫЛЫМ МЕН ТӘРБИЕ БАСТАУЫ — АҚСАҚАЛДАР АЛҚАСЫ

Киелі Түркістан қаласы — қазақ елінің тарихында қасиетті орны бар, ұлттың ұйысуында біріктірушілік рөлі үлкен, екі ғасыр бойы қазақ хандығының астанасы болған, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алыстан мұнартқан көк күмбезіне бүкіл әлем қызыға көз тіккен көне шаһар екені бағзы заманнан белгілі. Халық арасында «Әзіреті Сұлтан» аталатын киелі мекенде құл Қожа Ахмет Иассауи бабамызды айнала қоршап 21 хан,52 батыр, 19 би, 8 сұлтан,200- ден астам шешендер, би- көсемдер, бір сөзбен айтқанда, қазақ тарихында орны бөлек тұлғалар мен киелі бабаларымыз, бүкіл қазақтың әруағы  жатыр десек қателеспейміз. Түркістанның киесі мен қасиетін бабаларымыз бүкіл жан- дүниесімен, ішкі түйсігімен сезіп білген.

Ол тарихшылар тарапынан дәлелденіп те отыр.» Сауран», » Сарайшық» сияқты қаншама қалалар жойылып кеткенде Түркістанның қаншама қырғынға төтеп беріп , Ұлы Жібек жолында қасқайып тұруының өзі тегіннен- тегін емес. Әуелі киелі қаланың 1500-жылдық  мерейтойын өткізіп, рухани астана  атандық. Бүкіл түркі әлемінің тұмарына айналдық. Енді, міне, облыс мәртебесіне ие болғанымызға да алтыншы жылға аяқ басты. Ол аз дегендей, биыл бүкіл түркі жұртының туристік астанасына айналып, наурыз мерекесінің аясында  таңдай қақтырар қаншама іс- шаралар өткізіліп жатыр. Халықаралық әуежайымыздан өзге жұртқа арман болған Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшақтар ұшуда. Мұның бәрін баяндап отырған себебім, әрбір адамзат баласы бір көруге құштар болып отырған бойтұмар қаламыз өз атына сай болу керек. Түлеп-түрленген сырт келбетіне, ішкі жан-дүние байлығымыз, мәдениетіміз, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз сай болуға тиіс.Түркістанның топырағына табаны тиген жан ұлттық құндылығымыздың сыр-сипатын бірден сезінгені дұрыс. Бұл жолда еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін үлес қоса береміз. «Өлмеген құлға болды жаз», — демекші көктем маусымы да келіп жетті.

Әрбір жыл мезгілінің өз ерекшелігі бар. Бүкіл жер-дүние шаттанып, түлеп- түрленген, күн мен түннің теңесетін шағы — наурыз мейрамы биылғы жылы ерекше жағдайда тойлануда. ҚР Мәдениет және ақпарат Министрлігінің шешімімен 14-23 наурыз аралығы «Наурызнама» онкүндігі болып жарияланып, төл мерекемізді тойлаудың ұлттық бояуға қанық , жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға арналған іс- шаралар өткізілуде. Қай жағыңа қарасаң да «Ұлыс оң болсын!», «Ақ мол болсын!» — деп  ұлттық киім киіп, жадырап-жарқыраған бір адам.

Сондай- ақ, Түркістанға «Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы» мәртебесінің берілуі туризм саласының ілгерілеуіне ғана емес, туристердің жергілікті жердің руханиятымен, мәдениетімен танысуына, кәсіпкерлік пен экономикасының дамуына зор үлес қосатын маңызды оқиға.

Осыған орай туристік маусымның ашылуына байланысты іс- шаралар өткізіліп, облыстық туризм әлеуеті көрсетілді. Ұлттық спорттық ойындар мен алуан түрлі сайыстары өткізілді. Облыстың өнер ұжымдары, фольклорлық ансамбльдер концерттер мен қойылымдар көрсетті. Түркістан және Жамбыл облыстарының ақындары арасында «Төрлет, наурыз, төріме» атты республикалық командалық айтыс түркістандықтардың көңіліне шуақ төккен мерекелердің бірі болды.

Ал, енді, наурыз мерекесі күндері облыстық ақсақалдар алқасының тікелей өздері өткізген шараларының біріне тоқталып өтсем, біз 15-наурыз-«Қайырымдылық күнінде» дәстүрлі қайырымдылық акциясын өткіздік. Бұл күні әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы, жалғызілікті, жалғызбасты 42 отбасыға азық-түлікті тегін тараттық. Азық-түлік себетінде бір қап ұн, макарон, күріш, құмшекер, пісте май, шәй, картоп, сәбіз, пияз сияқты көкөністер бар. Бір отбасына шамамен бір айға жетерлік азық- түлік. Бұл жолы жомарттық танытып, демеушілік жасаған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ- нің ректоры Жанар Аманкелдіқызы Темірбекова басқарып отырған ұйымшыл ұжымы.   Қайырымдылық акциясына жоғары оқу орнының басшылары мен өкілдері қатысып, мөлтек аудан төрағалары тізіммен ертіп келген отбасыларға азық-түлік таратып, игі тілектерін айтты. Алғыс-баталарын алды. Бұл бір қарағанда, қатардағы дүние сияқты болғанмен, көпбалалы отбасына, жәрдемге мұқтаж жандарға едәуір көмек..Көпшілікке белгілі, биылғы наурыз мерекесі айлардың сұлтаны — Рамазан айымен тұспа-тұс келіп, қос ұлық оқиғаны қатар бастан кешіп жатқан жайымыз бар.

Сондықтан да ең алдымен, барша мұсылман қауымының  қасиетті рамазан айында  ұстаған оразалары қабыл болсын дегім келеді. Ал, енді мен әңгімемді, сонау 2000-шы жыл, киелі Түркістанның 1500 жылдық тойынан бастасам деп отырмын. Өйткені, осы біздің қоғамдық ұйымның негізі сол кезде қаланды десем де болады.

Оған дейін Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі өзіне лайықты беделді ұйымдардың бірі ретінде жұмыс істеп жатты. Дегенмен ардагерлер кеңесінің құрамына Ұлы Отан соғысына қатысқандар және соған теңестірілгендер кіретін еді. Керемет жұмыс атқарып жатқанмен осы қоғамдық ұйымды кеңейте түссек деген ой келді. Әрбір сөздің өз мән-мағынасы бар. «Ардагер» деген сөздің көтеріп тұрған өз жүгі бар. «Ақсақал» деген сөз де халық ұғымында қадірлі. Ақсақалдардың сөзіне ден қоямыз, ақсақалдардан бата аламыз. Сондықтан да өзіміздің ата-бабадан қалған дәстүрімізге байланысты ақсақалдар алқасын құруды ұйғардық. Бұл ардагерлер кеңесіне қарсы құрылатын ұйым емес, тек өз ереже талабы бар қоғамдық ұйым. Осы мәселемен сол кездегі қала әкімі Өмірзақ Әметұлына өтініш жасап, қала әкімі шешім шығарды. Түркістан қалалық ақсақалдар алқасы құрылды. Бірақ, заң талаптарына сай тек біз 2005 жылы ғана ресми тіркеуден өттік.

Бұл орайда талас тудырған біздің жарғымыздағы «Кез келген кәмелетке толған азамат қоғамға мүше бола алады» — деген қағида болатын. «Ол өзі ақсақалдар алқасы болса, оған қалай жастар мүше бола алады?» — деген дүдәмал ойлар болды. Алайда араға уақыт сала біз бұл талабымызға қол жеткіздік. Қазір біздің құрамымызда қарт қарияларда, жас жігіттер де, қыз-келіншектер мен әйелдер де, кәсіпкерлер де бар. Ондағы ойымыз жастар қауымы қарттар атқара алмайтын біраз жұмыстарды жастық жалынмен орындап шығады деген ой еді. Облыстық әділет департаменті тіркеп, 2005 жылы жұмысымызды ресми түрде бастадық. Мұндағы біздің ең алғашқы атқарған жұмысымыз, 18 ге толған кез-келген азамат ақсақалдар алқасының жарғысын мойындап, жұмыс істеуге уақыты болатын болса арыз жазу арқылы біздің қоғамдық ұйымға мүше бола алады. Вахталық жұмыспен істейтін жастар көптеп келді. Үй шаруасындағы әйелдер де бізге қол көмегін тигізе бастады. Бізге тек ғана бюджет қызметкерлері мүше бола алмайтынын ескертіп айттық. Өйткені олардың тікелей өз жұмысы бар. Біз жұмысымызды мөлтек аудандарға бөлуден бастадық. «Отырар», «Сауран», «Шауғар», «Яссы», «Батырлар», «Жаңа ауыл», «Баянауыл», «Бірлік», «Бекзат» т.б. сияқты он мөлтек ауданға бөлдік. Арнайы жиналыс жасап, төрағасын, төраға орынбасарларын сайладық. Және оның құрамына учаскелік инспектор мен сол ауылдағы мешіттің имамын мүше еттік. Жастардан бір белсенді жасты да мүше ретінде қостық. Сонымен бірге ережемізге сай педагогика саласында басқару жұмыстардында еңбек еткен бір ана немесе бір қария мүше болу керек. Сөйтіп, 5-7 адамнан олардың басқарма мүшелері сайланады. Олар мөлтек ауданның барлық жұмысын өздері төраға сайлап қадағалай алады. Және бұл он мөлтек аудандарда төрағалардың жеке кеңселері бар, қажетті жағдайда тұрғындар сол жерге келіп ұсыныстарын айта алады.

Ал енді бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан қайырымдылық іс-шарасының қалайша бастау алды. 2017 жылы сол кездегі Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевқа тағы бір ұсыныспен кірдім. Оған себеп болған қоғамымызда күн сайын өсіп бара жатқан қымбашылық. Азық-түлік бағаларының қымбаттауы, көптеген отбасыларының әлеуметтік жағдайының төмендігі, жалақыларының аздығы. Осы отбасыларға қалайша көмек беруге болатындығы қабырғамызға батып, қайырымдылық дүкен ашу жөнінде шешімге келдік. Қала әкімі бізді қолдады. Алайда, оның өз қиындығы бар екенін де айтып өтті: «қиындығы сіздің жинаған азық-түлігіңіз бен киім-кешегіңіз екі жүз мың халқы бар мына қалада бір аптада жоқ болады. Біз Шымкент қаласына мұндай дүкендерді ашып көргенбіз. Соңы айқай-шуға ұласып, біраз әңгіме туғызған», — деді ол. Алайда, біз өз дәлелімізді айттық. Тек рұқсат берсе, ғимарат бөлсе, жұмысты жүргізетіндігімізге сендірдік. Осылайша біз бос тұрған ескі ғимаратты жөндеу арқылы дүкенді болды. Және жұмысымызды жолға қоюды бірден өзіміз сайлаған он мөлтек ауданның төрағаларына тапсырдық. Екінші қадамымыз мешіттерге т.б. ұйымдарға ақпарат тараттық. Осындай іс-әрекеттердің нәтижесінде бір айдың ішінде 20-30 мыңдай киім-кешек жиналды. Бұл киімдердің арасында жаңасы да, киілгені де бар. Біздің хабарландыруымыздан кейін көпшілік біздің дүкенімізге киім-кешек т.б қажет дүниелерді әкеле бастады. Тіпті кейде қораптардың алдына жазып дүкеннің сыртына қойып кетеді. Сондағы таң қалғанымыз, түнімен дүкеннің сыртында тұрған затқа бірде-бір адам тиіспейді. Осы бір ғана мысалдан халқымыздың жүрегіндегі иманды көргендей керемет риза болдым. Сөйтіп біз айына төрт рет тұрмысы төмен, көпбалалы, жалғыз басты отбасыларға жәрдем бере бастадық. Тек киіммен ғана емес, он түрлі азық-түлікпен де көмектестік. Барлығы мөлтек аудан төрағалары ұсынған тізім бойынша, қалыптасқан тәртіппен таратылып отырды.

Жалғасы бар.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *