Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл сайын дәстүрге айналған Жолдауын Парламент сессиясының ашылуында жариялаған болатын. Билік тармақтарының барлық өкілдері бас қосқан жиында Президент жұмыстың бағыт-бағдарын айқындап, жаңа міндеттер жүктеді. Ел президентінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауы жаңа стратегиялық құжат ретінде елдің экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған.
Жолдаудың басым бағыттары бәсекеге қабілетті орта қалыптастырады, жаһандық үрдіске сай дамуға жол ашады. Президенттің бәсекелестікті арттыру және корпоративтік несиелеуді ұлғайту үшін шетелдік банктерді тартуға баса назар аударуы бизнес үшін капиталдың қолжетімділігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болмақ. Несиеге қол жеткізуді ілгерілету кәсіпкерлік пен бизнесті кеңейтуде маңызға ие. Бұл өз кезегінде экномикалық өсуді ынталандырады. Шағын және орта кәсіпкерлік – кез келген экономиканың тірегі. Президент Тоқаевтың осы салаларды қолдау жөніндегі ұстанымы мақтауға тұрарлық.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу керектігін айтты. Сонымен қатар, еліміздің туристік әлеуетін пайдалану, тау-кен саласын басқару жүйесін жуық арада жаңғырту сынды маңызды мәселелерді де көтеріп, істерді ілгерілету бағыттарын баяндады. Тағы бір маңызды мәселе – қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту бағытына тоқталды. Бұл сала дамыған елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқарады. Жолдауда бұл мәселенің айтылуы бірден назарымды аударды. Негізі қорғаныс өнеркәсібі кешені – ауқымды сала. Көп елде қорғаныс және азаматтық мақсатта өнім шығаратын компаниялар елдің индустриялануына әсер етеді.
Елімізде ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Мемлекет басшысы Жолдауда агроөнеркәсіп кешеніне нақты серпіліс қажеттігін баса айтты. Осылайша жауаптыларға алдағы үш жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуді тапсырды. Кәсіпкерлерді өнім өндіруге ынталандыру үшін салық саясатын қайта қарау қажет деді. Президент әсіресе ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжайларды дамыту сияқты келешегі зор бағыттарға басымдық беру қажеттігін жеткізді. Табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ соңғы пайдалану өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін жасыл экономиканы дамыту бағытында атап өтіп, қазіргі уақытта сарқылуға ұшыраған ресурстарды үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған тапсырмаларын берді. Жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатқан бүгінгі әлемде көліктік транзит саласында көптеген өзгерістер орын алуда. Жолдауда Президент Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқандығын айтып, көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану керектігін айтты. Бұл салада экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналмақ.
«Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет» — деді Мемлекет басшысы. Алдағы уақытта Балаларға арналған «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізіліп, мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылатын болады. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік тууда. Қазір еңбек нарығында ауқымды өзгерістер болып жатыр. Алдағы уақытта цифрлы экономиканың рөлі арта түспек.
Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыз көруі керек. Бұл – принципті мәселе. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз” деп Мемлекет басшысы айтқандай экономикалық реформаларының жол картасы көрсетілген Жолдау азаматтардың әл-ауқатына, экономиканы әртараптандыруға, тұрақтылыққа, технологиялық жетістіктерге және тиімді басқаруға басымдық береді.
Ғалымжан ХУДИЯРОВ,
Түркістан қалалық мәслихат депутаты.