Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет» деді.
Құрылтайда Президент отандастарымызға елдігімізді бекемдейтін тұста қашық болуға тиіс бес мәселені атап көрсетті. Оның біріншісі – нашақорлық. Елімізде мыңдаған адам есірткіге елітіп, тонналап тәркіленіп жатса да, кеселдің кесірі азаймай тұр. Әсіресе, синтетикалық есірткі айналымы шарықтап, жастар арасында өте тез таралып барады. Бұл – қоғамдық қасірет.
Негізі есірткі нашақордың өзіне ғана емес, өзгелердің өміріне де қауіпті. Есірткінің кесірінен есінен танғандардың қолымен қаншама қылмыс жасалып жатыр. Сол себепті Мемлекет басшысы Парламентке есірткі заттарын өндірушілердің жазасын барынша қатайтуды ұсынды.
Бала кезінде компьютерлік клубтардан шықпай, ойын ойнап, от басып, өз тағдырына өзі балта шауып, енді өкініп жүрген жас жігіттердің алды сотталып та кеткен. Маңдайға тиген таяқтан тоқтаған адамнан айналасың. Ал, қой дегенге қоймайтын, құмар ойынға тоймайтындар әлі де көп. Соның салдарынан талай шаңырақ шайқалып, жарты миллиондай отбасы ойран болыпты. Түйткілдің түйіні бір-ақ шешіммен тарқамайды. Тізбекті жалғағандай, олқылық бірінен соң бірі ашыла береді.
Қайда қарасаң да құмар ойынның жарнамасы жар салып, менмұндалап тұрады. Түркістанда өткен жүздесуде парасатты жастар көшелердегі құмар ойындардың жарнамасын алып тастауды және тыйым салуды ұсынды. Жастардың жақсылыққа үндеуі – қуантарлық әрі құптарлық жайт. Мемлекет басшысы лудоманияны ең қауіпті әлеуметтік кесел ретінде атап өтіп, құмар ойынға тәуелділік ойынқұмарды қарызға батырып, отбасынның ойранын шығаратынына, тіпті, суицид пен ұрлық, кісі өлтіру сияқты қылмыстарға итермелейтінін де айтқан еді.
Сарапқа салсақ, елдегі ажырасудың 40%-ы осы құмар ойындардың кесірінен орын алады екен. Тағы бір дерекке жүгінсек, лудомандардың ресми саны 400 мыңнан асып жығылады. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың үшінші отырысында Үкіметке лудоманияға қарсы күрес жоспарын қабылдауды, құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қоюды тапсырды. «Amanat» партиясының бастамасымен лудоманияға қарсы заң жобасы әзірленіп, қабылданды.
Жалпы, букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы 1 триллионнан асып кеткен. Оны жеңіл табысқа еліккендер бала-шағасы мен ата-анасының аузынан жырып алып, өз қолдарымен апарып беріп жатыр. Тіпті, мемлекеттік қызметшілер арасында да шамамен жарты миллион долларын бәске тігіп жібергендер бар. Сондықтан жаңа құжат аясында енді мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлер бәс тігетін болса, қызметінен қуылады. Сондай-ақ, 21 жасқа толмағандарға құмар ойындарды ойнауға тыйым салынады. Онлайн казино мен букмекерлік кеңселердің жарнамалары бұғатталады.
Айта кетерлігі, eGov порталы арқылы да онлайн бәс тігуге кез келген азамат өзіне 10 жылға дейін шектеу қоя алады. Ал, бұған дейін ұтыс ойындарынан ойыны осылғандар букмекерлік кеңселер мен казиноларға кіргізілмейді. Интернеттегі деректерге сүйенсек, 3,5 миллион отандасымыз «қара тізімде» екен. Жаңа заңның жетістіктері мұнымен шектелмейді. Десе де, меніңше, әр ата-ана өз баласын телефонмен жұбатуды доғарса, ойынқұмар болмайды.
Президент БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде екі жылдай талқыланған заңның күшіне енуі азаматтарымызды, ең алдымен, өскелең ұрпақты осы зиянды әлеуметтік дерттен сақтауға мүмкіндік беретінін айтып, орайлы сәтте заң жобасын жедел әрі сапалы әзірлегені үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алғыс білдірген еді.
Жалғасы бар.