ҚОҒАМДЫҚ ДЕРТТЕРМЕН КҮРЕСУ БАРШАҒА МІНДЕТ – 2

Құрылтайда көтерілген тағы бір өзекті мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг, агрессия. Дана бабаларымыз ұрпағын ешкімнің ала жібін аттамауға, қиянаттан аулақ болуға баулыған. Ол тұста жаумен күресетін батыр тәрбиелеуден, елді қорғау мен азаттықтан артық арман болмады. Ал, қазір еріккенде пайдасыз істі ермек қылатын жас та, кәрі де көбейіп кетті. Яғни «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген белең алып барады.

Отбасын асырау, қорғау – ердің ісі. Өкінішке қарай, қазір отбасы мүшелерінің функциялары шатасып кетті. Мұның соңы сананы тұрмыс билейдіге жеткізіп, отбасылық құндылықтар ескерусіз қалды. Несін жасырайық, қоғамда әйел мен баланың құқы жиі тапталатыны өтірік емес. Қанша бала зорланып, қанша ананың қорланғаны белгілі. Жаңалықтардан күнде бір сұмдықты естиміз. «Ұят болады» деген ұғым ұмыт қалғандай. Мәселен, көрші елдің телеарналары жамандық пен ұятсыздықты жария етпейді. Тіпті, әлемде әлеуметтік желісіз өмір сүріп жатқан елдер бар.

Телеарна мен әлеуметтік желі – үлкен идеологиялық құрал. Адам психологиясы «көрсем, білсем» деген қызығушылыққа құмартып тұрады. Елдегі БАҚ беттерінде зорлық-зомбылық, қылмыс, суицид деректері еркін таралып жатыр. Яғни «біреуді зорлап, біреуді қорлап кетіпті» деген ақпаратқа халықтың еті үйреніп, бәзбіреулердің сондай қылмыс жасауға бойы үйреніп кеткен секілді көрінеді. Жалпы, шариғатта кез келген жамандықты ел ішіне таралып кетпесін деген оймен жария етпеуге шақырған. Меніңше, қылмыстық іс-қимылдарды «дәріптеуді» доғарып, Президент айтқандай, сананы түзеу үшін идеологияны реттейтін уақыт жетті. Заң күшейтілгенімен адам өз-өзіне шекара қоймаса, темір торды бір рет көрген адамның тағы да сол қылмысты қайталауға ықтималдылығы жоғары болады.

Қазақстан бала мен әйел құқын қорғау ісінде де қалыс қалып жатқан жоқ. Президент тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг, агрессия қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіске айналғанына ерекше тоқталды. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да – қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуы керек. Мұны әрбір азаматтың және бүкіл қоғамның міндеті деп түсіну қажет. Себебі, бұл – ұлттың болашағына тікелей қатысы бар мәселе» деді Мемлекет басшысы.

Айналамызға бір көз жүгіртіп қоялықшы, қазір елде қоғамдық мүліктен бастап мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрі-бәрін жаппай бүлдіру етек алып кеткен. Көшелерді жарықтандырып, орындықтар орнатып, ойын алаңқайларын қанша салса да, қиратып тастай беретіндердің қарекетіне сөз де шығын. Біреулердің әупірімдеп жүріп, әрең салған үйлерінің терезесін шағып кететіндерге не дерсің?! Олар өздерінің бұл әрекеттерін елге қиянат деп те санамайды. Сондықтан вандализмге де қылмыстық жауапкершілік тағайындалды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда көтерген өзекті мәселелер бойынша заң әзірлеуді тапсырып, олардың біразы қабылданып, күшіне еніп те үлгерді. Мәселен, Қылмыстық кодекске «адам саудасына байланысты қылмыстар» деген жаңа ұғым енгізілді. Яғни адам ұрлау, адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, адам саудасы, оның ішінде кәмелетке толмағандарды сату, жезөкшелікпен айналысуға итермелеу және басқа да қауіпті қылмыстық әрекеттер қамтылған. Енді мұндай қылмысты жасағандар татуласу арқылы қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды. Себебі, адам – мемлекеттің басты капиталы.

Сондай-ақ, кәмелетке толмағанын біле тұра, жезөкшелік немесе сексуалдық сипаттағы қызметке пайдаланғандарға да алғаш рет қылмыстық жаза қатаңдатылды. Себебі, құжатта кәмелетке толмаған қызды сексуалдық сипаттағы қызмет көрсетуге және ондай бейәдепті насихаттау немесе жарнамалауға тарту да қылмыс деп танылады. Заңда алғаш рет вандализм қылмысы сараланды. Яғни айқындалған құрамына қарай әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни араздық себебімен бір топ адам немесе алдын ала сөз байласқан топ жасаса да, әсіресе, әдейі әрі бірнеше рет вандализм жасаса сипатына байланысты жауапкершілік ауырлайды. Қылмыстық жауапкершілік тарихи, мәдени ескерткіштерді, табиғи кешендерді немесе мемлекеттің қорғауына алынған объектілерді, ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы бар заттарды, құжаттарды қасақана жойғаны не бүлдіргені үшін ауыр жаза тағайындалады. Вандализмге барған 14 жастағы жасөспірім де жазаға тартылады. Сондықтан әр отбасы, балаларына қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек екенін ескертіп, үйретуге тиіс.

Мемлекет басшысы тоқталған жағымсыз әдеттердің тағы бірі – ысырапшылдық. Негізі бұл – тек қоғамға емес, Құдайға да ұнамсыз іс. Бүгінде дүние жарысы қызып тұр. Шамасы жетсе де, жетпесе де көрпеге қарай көсілмейтіндер де, тарта жесе тай қалатынын ескермейтіндер де көбейіп кетті. Халық арасында қарызға батып қалды деген сөз жиі айтылады. Шынтуайында, біз бизнесті де кредитке бастап, әлі күнге несие төлеп жүрміз. Банктен алған қаржыны бизнес бастауға бұрдық. Одан қалды үйі тозып тұрса да, қыруар қаржыға телефон алатындар да бар. Тойдың да түрі көбейіп кеткен. Бірінен-бірі қалғысы келмейді. Осының бәрі «пәленше не дейді, түгенше не дейді» дегеннен басталған.

Қазір көрпеге қарай көсілу – уақыт талабы. Теңге тиыннан құралады. Қысқа жібі күрмеуге келмей жатса да, қарызданып, банктерге жем болу қаржылық сауаттылыққа жатпайды.

«Amanat» партиясының бастамасымен екі жылдан бері мыңдаған адам қаржылық тұрғыдан сауаттандырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда жөн сілтеген таза дінде ысырапшылдыққа, адам саудасына, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, вандализмге, құмар ойындардың барлық түріне, жалпы адамға жақпайтын барлық жаман әрекетке тыйым салынған.

Уақытты әлеуметтік желіде текке өткізіп, теледидар арқылы тықпалап жатқан әркімнің қитұрқы идеологиясын бойға сіңіріп, жамандығын жиғанша, елде қабылданып жатқан заңдармен танысып, жан-жақты білімді әрі табысты болуға талпынып, ғылым тауып мақтануға, бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болған пайдалы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *