ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ ӨҢІРЛІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ШЫНАЙЫ ҚАЖЕТТІЛІК ЕКЕНІНЕ БАСА МӘН БЕРЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  еліміздің саяси тұрақты, экономикасы қуатты дамуы үшін сыртқы факторлар мен ішкі  мүмкіндіктерді ескере отырып, көрші елдермен  үндестіктер  жүйесінің маңызына ерекше назар аударып отырады.

Астана қаласында өтетін «Орталық Азия + Жапония» саммиті алдында ел Президенті Қ.Тоқаев өзінің жаңа мақаласын жариялады. Әлемдегі бүгінгі ахуал жан-жақты ескерілген мақалада Президент Орталық Азия ренессансы жөнінде ой қозғайды. Дамудың жаңа кезеңіндегі аймақтың рөліне тоқталып, тарихы ортақ Орталық Азия мемлекеттері халықтарының бейбітшілік пен ынтымақтастықты сақтауда бір-біріне қолдау көрсетіп келе жатқан ортақ ұстанымына басымдық береді. Сонымен қатар, қазіргі геосаяси жағдайда Орталық Азияның халықаралық аренада саяси салмағы арта түскеніне, әсіресе, «ОА плюс» диалог алаңдарының оң әсеріне, оның ішінде өзара ықпалдастыққа қызығушылық танытушылар саны көбейе бастағанына назар аудартады. Бұл дегеніміз осы алаңдарды пайдалана отырып, идеяларды ілгерілетуде ұтымды тәсіл болмақ. Біздің елімізде табиғи ресурстар жетерлік, ал, инновация үшін өңірдің ашық болуы ел экономикасының қарқынды дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Айта кетейік, бұл орайда ежелден ауылы аралас, қойы қоралас отырған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан елдері бір-бірімен кез келген туындаған проблемаларды бейбіт жолмен шешуде ілкімділік танытып отыр.

Экономикалық даму, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері Орталық Азия мемлекеттерінің өркендеуінің басты қағидаты болып қала береді.

Даму дегенде, бірінші орынға қоғамдық сана, ізгілік деген мәселелер қойылса керек. Әйгілі ғұлама Әл-Фарабидің қайырымдылық, мейірімділік жөніндегі еңбектеріндегі ізгілік қасиеттер жанашырлыққа, бір-біріне туған бауырдай қол ұшын созуға жетелейді, ықпалдастықты тереңдете түседі, қажет десеңіз мемлекеттік қорғаныс саласында бірлесіп, ақылмен әрекет жасауға алып келеді, халықтардың бір-біріне жақын болуға ұмтылысы байқалады.

Мемлекет басшысы осы мақаласында «Біздің экономикаларымыз бірін-бірі толықтырып отырады» деп бірлескен экономикалық жобалардың тиімді болатындығына назар аудартты. Мақалада ең көп қолданылған сөздер – елдер – 31, мемлекет – 27, экономика – 26, халық – 25, саяси, аймақ, ынтымақтастық 15 рет кездеседі. Мәселе ненің төңірегінде екендігі осы кілтті сөздерден-ақ көрініп тұр. Мемлекет басшысының көздегені елдердің ынтымақтастықта дамуы, әсіресе, көлік-логистика және транзит хабтарға басымдық беру, су, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ ұстанымдарын шешу жолдарын қарастыру, ғылым-білім саласында ортақ филиалдар ашу.

Мемлекет басшысы өңірлік ынтымақтастықтың шынайы қажеттілік екеніне баса мән береді. Мақала өзара ықпалдастықтың жаңа форматын қарастырады, ғұлама Әл-Фарабидің еңбектеріндегі сананың салмақ пен өлшем тұжырымдары қазіргі таңда маңызын жоғалтпағанын түсіндірді.

Жаңа Қазақстанды құрудағы жаңғыру, жаңару ренессансы қоғамның бүгінгі дамуы кезінде философиялық, социологиялық ілім ретінде жаңа қырынан көрінеді.

 

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары,

облыстық мәслихат депутаты.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *