Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы” жарлыққа қол қойған болатын.
“Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. “Ауыл – ел бесігі” деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз”, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түркістан облысы республикада ауыл шаруашылығы саласы бойынша көш басында. Ал Сарыағаш – жылыжай шаруашылығы бағыты бойынша үздік аудан.
Осы орайда, Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аудан кәсіпкерлері жылыжай шаруашылығын дамыту бағытында тәжірибе алмасу мақсатында Сарыағаш ауданына іссапармен арнайы барды. Жұмыс сапары барысында аудан әкімінің кеңесшісі Бекзат Абубакиров бастаған, құрамында ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаев пен жергілікті кәсіпкерлер сарыағаштық кәсіпкерлермен кездесіп, кешендердің жұмысымен танысты. Алдымен, саурандықтар «Агротур» шаруа қожалығында болып, тәжірибе алмасты. Жалпы жер көлемі 15 гектарды құрайды, оның ішінде жылыжай көлемі – 4 гектар. 1 гектар аумаққа соңғы технологиямен жабдықталған көшетхана орналасқан. Ол жылына 20-25 млн дана көшет өндіруге қауқарлы. Сонымен қатар 2 гектар жылыжайда раушан гүлінің голландиялық сортын өсіріп отыр. 0,12 гектар тәжірибе алаңына айналған жылыжайда банан, папая, құлпынай өнімдері өсірілуде. Одан бөлек, аталған шаруашылық ашық алаңда құлпынай және басқа да көкөністер өсірумен айналысады.
Саурандық делегация «Жабай ата» шаруашылығын аралады. Мұнда 29 гектар жерде орналасқан жылыжай бар. Оның 7 гектар аумағына лимон өсірілуде. Қалған 22 гектар аумаққа құлпынай және көкөніс өсіріліп, еліміз бен жақын шет мемлекеттерге экспорталуда. Аталған шаруашылық жылына 3500 тоннадан астам өнім өндіреді.
Сонымен қатар саурандық кәсіпкерлер «Абдураман» шаруа қожалығында болды. Құлпынай өсірумен айналысатын қожалықтың жер көлемі 33 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда мұнда жылыту жүйесінсіз құлпынай өсіру қолға алынған. Аталған шаруашылық жылына 500 тонна құлпынай өндіруді жоспарлауда. Бұл жылыжайдың көлемі – 2,5 гектар. Жыл соңына дейін 10 гектарға дейін ұлғайту көзделуде.
Жылыжай иелері мен жылыжай салуға ниеттеніп отырған азаматтарды қуантқан тағы бір жаңалық – 2024 жылдан бастап Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтарына қосымша 150 мың тонна шұбаркөл көмірінің жеткізілетіндігі.
Нақтырақ айтсақ, «Шұбаркөл Көмір» АҚ мен Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтары арасында қатты отынды жеткізуге тікелей келісімшарт жасасу арқылы қосымша 150 мың тонна көмір жеткізу туралы келісімге барлық мүдделі қатысушылар: Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, Түркістан облысы әкімдігі, жылыжай шаруашылықтары, көмір жеткізу жөніндегі өңірлік операторлар, көмір кәсіпорындары және «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдерімен бірнеше рет жүргізілген келіссөздердің арқасында қол жеткізілді.
Келісім аясында жылыжай шаруашылықтары үшін 1 тонна көмірдің құны 10 350 теңгені құрайды екен. Қатты отынды жеткізу 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталмақ. Қызығушылық танытқан жылыжай шаруа қожалықтары келісімшарт жасасу жолдары туралы толық ақпарат алу үшін Түркістан облысы әкімдігінің энергетика басқармасымен байланысуы қажет. Өңір әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың 20 шілдесіндегі жағдай бойынша өңірге 148,8 мың тонна көмір жөнелтіліп, жылыжай шаруашылықтары ол қордан 28 мың тонна көмір сатып алған.
Сонымен бірге, әрбір өңірдің қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, коммуналдық-тұрмыстық көмір сауда-саттығының нормативтерін ретке келтіру мақсатында Сауда және интегрция министрлігінің Сауда комитеті, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, биржалық сауда саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу жұмыстарын жүрігізіп жатыр.
Жалпы, жылыжай шаруашылықтарын қарқынды дамыту тұрғысынан алғанда Түркістан облысы елімізде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Оны республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы осы облыстың үлесінде екенінен және оның жалпы аумағы 1569 гектарды құрайтынынан-ақ аңғаруға болады. Бұл тұрғыда облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы аталған салаға жасалатын қолдауды күшейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруды тапсырған.
Оның үстіне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу міндетін алға қойға болатын. Мұндағы басты мақсат – ауыл шаруашылығы субьектілерін, бизнес өкілдерін қолдай отырып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету десек, қателеспейміз.
Осы орайда, біршама уақыт бұрын Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында Түркістан өңірінде ерте пісетін көкөністерді өзге облыстар мен қалаларға жөнелтуге форвардтық келісімшарт жасақтау жөнінде көшпелі жиын өткен. Тиісінше, аталған келісімдер арқылы көкөністер тиімді бағада саудаланды.
Көшпелі жиналыста ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік депарментінің мелиорация басқармасының басшысы, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдіктерінің салалық орынбасарлары, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары, қаржы мекемелері, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, ірі сауда желілерінің басшылары және кәсіпкерлер қатысты. Жиында Түркістан облысының ауыл шаруашылығын дамытуда еліміздегі ең қолайлы өңір екені айтылып, мүмкіндіктері сараланды.
Жиында белгілі болғандай, Түркістан өңірінде көкөністер басқа өңірлерге қарағанда 1,5-2 ай бұрын жиналатыны айтылды. Жылдық тұтыну нормасына сәйкес, облыс халқы картоп, сәбізбен 1,5 есе, пиязбен 4,4 есе және қырыққабатпен 6,6 есе қамтамасыз етіледі екен. Демек, Түркістан облысы диқандарының республика халқын әлеуметтік маңызы бар ерте мезгілдік картоп, пияз, сәбіз өнімдерімен қамтуға толық мүмкіндігі бар деген сөз.
Тиісінше, биыл Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында ерте пісетін картопты 9,02 мың гектарға, пиязды 2 мың гектарға, сәбізді 1,24 мың гектарға және қырыққабатты 7,54 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Нәтижесінде 186,3 мың тонна картоп, 55,5 мың тонна пияз, 30,4 мың тонна сәбіз және 187,2 мың тонна қырыққабат өнімін жинау межеленген. Осы ретте, көшпелі мәжіліс барысында Түркістан облысы әкімдігі мен облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдіктері арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен бірге, облыс әкімдігі тарапынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне көктемгі дала жұмыстарына берілетін жеңілдетілген несие көлемін ұлғайту жөнінде ұсыныстар енгізілді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – қазір мемлекет сауатты түрде тірлік істеймін деген адамның бәріне бірдей қолдау көрсетіп жатыр. Тек шаруалар қандай да болсын құжатпен жіті танысып, өз мүмкіндіктерін анық біліп алса болғаны. Одан бөлек, субсидияға қызықпас бұрын, бастайтын жұмыстың ұңғыл-шұңғылына үңіліп, теориялық және практикалық білімді жетілдіріп алған жөн. Сонда ғана азаматтар тиісті қолдауларды талап етіп, өз пайдасына кәдеге жарата алады. Ең бастысы – жылыжай ісін далада да, қаладада да жүрізуге болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды екендігі түсіндірілді. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұрғандығы айқындалды. Сонымен қатар, Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн деп айтты.
“Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек. Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз”, деді Президент.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған кезекті Жолдауында ауыл шаруашылығын, соның ішінде жылыжай шаруашылығын дамыту, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру керектігін айтқан еді. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, бүгінде Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту барысындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Соның ішінде, Келес ауданында еліміздегі ең үлкен жылыжай кешенінің капсуласын қою рәсімі өткен болатын. 500 гектар аумаққа салынатын өнеркәсіптік жылыжайлар жүйесі «ЭКО-культура» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылады. Жоба аясында алдымен аумағы 51 гектардан асатын жылыжай салынады. Аталған жоба толық жүзеге асқан кезде 8 мыңнан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады деп жоспарланған.
Аталған жобаға салынатын инвестициялардың жалпы көлемі 524 млрд. теңгені құрайтын болса, бірінші кезеңіне 51,6 млрд. теңге тарту көзделге. Оның ішінде 25 млрд. теңгеге 27 гектар жылыжай салу жоспарланған. Қуатылығы – жылына 225 мың тонна қызанақ өсіруге мүмкіндік беретін жобаның капсуласын салу жиынына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды,«Қазақстан Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров, «KazakhInvest» АҚ-ның Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, «ЭКО-культура» агрөнеркәсіптік холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Рудаков қатысты. Өз кезегінде облыс әкімі бұл жобаның аса маңызды екенін, өңірде агроөнеркәсіп кластері дамитынын жеткізді.
– Өздеріңізге белгілі, Түркістан – республика халқын жеміс-көкөніс өнімдерімен, оның ішінде жылыжай кешеніндегі қызанақ, қиярмен қамтамасыз ететін негізгі өңір. Облыста 1569 гектар алқапта 3366 бірлік жылыжай бар немесе республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы орналасқан. Онда 12 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның ішінде 87 гектары – өндірістік, ал 1482 гектары фермерлік жылыжайлар. 2015 жылмен салыстырғанда осы салаға тартылған инвестиция көлемі 7 есеге ұлғайды, былтыр 74,7 млрд. теңгеге жетті. «ЭКО-культура» компаниясының елімізге инвестиция салуы біз үшін үлкен мәртебе. Бұл жобаны жан-жақты қолдауға дайынбыз. Жобаны іске қосу, өңірде ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Сонымен қатар, ресейлік «ЭКО-культура» агрөнеркәсіптік холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Рудаков та сөз кезегін алып, жобаның маңыздылығын түсіндіріп берді. Бұл әріптестік агросаланы дамытуға серпін беретінін атап өтіп, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен, жоғары жалақымен қамтуға асталысатындарын жеткізді. Келес ауданы, Бірлік ауылында жүзеге асатын жобаның бірінші кезеңінің құрылысы 2024 жылы тамыз айында аяқталады деп жоспарланған. Ал, жоба толықтай 2027 жылы жүзеге асырылмақ. Бірінші кезектегі жұмыс орындарының саны мың бірлікті құрайды.
Атап өтсек, жылыжай мегакешенінің жобасы серіктес «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің қазақстандық «Green Land Alatau» компаниясының көмегі арқылы жүзеге асырылмақ. Заманауи жылыжай кешендері жылыту жүйесі мен салқындатуды, жарық режимін, тамшылатып суаруды, атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерін басқаратын заманауи автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесімен жабдықталады деп жобаланған.
Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керектігі айтылды. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн. Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені де шешу керек делінді. Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс.
Сондай-ақ жолдауда ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды деп қаралды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу деді Президент.
“Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын”, деді.
Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс. Қазір бәсеке күшейіп тұр. Осыған орай бірқатар маңызды мәселені шұғыл шешу керек. Жалпы, саланы дамыту үшін тариф және реттеу саясаты дұрыс жүргізілуге тиіс. Жеке инвестицияны көптеп тарту керек. «Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтау қажет. Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды.
Одан бөлек, Президент 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін айтты . Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет. Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет.
“Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады. Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз. 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек. Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс”, деді.
Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек. Еліміз есептеу қуаттарын жаһандық тұтынушыларға сататын орынға айнала алады. Сондықтан ірі мәлімет орталықтарын салуға инвестиция тарту үшін түрлі жеңілдіктерді де қамти отырып, барынша қолайлы жағдай жасау керек. Сондай-ақ мәліметті сақтау және өңдеу саласында Қазақстанның мүддесін ілгерілету қажет. Цифрландыру ісінде басшылыққа алынатын қағидаттарды заң жүзінде бекітетін кез келді. Үкіметтен, сарапшылар қауымынан, Парламент депутаттарынан біртұтас салалық құжат әзірлеу мәселесімен айналысуды сұрады.