Мемлекет басшысы «Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессомен шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дени Сассу-Нгессоға ілтипат білдіріп, оның елімізге бұл сапарының тарихи маңызы зор деп бағалады.
Өз кезегінде Дени Сассу-Нгессо құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстанның қазіргі саяси және экономикалық дамудағы жетістіктерін жоғары бағалады.
Келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Конго арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың даму перспективаларын талқылады. Сондай-ақ халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде жан-жақты пікір алмасты.
Бұл туралы Ақордада Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессомен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Біз ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік-логистика және энергетика саласына қатысты келіссөз жүргіздік. Сондай-ақ жаңа технологиялар, қазба байлықтарын бірлесіп игеру, инвестиция мәселесін талқыладық. Мен Қазақстанның электронды үкімет, киберқауіпсіздік және ғарыш саласындағы жетістіктеріне тоқталдым. Екі ел үкіметтеріне өзара сауда-саттық көлемін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге келістік. Қазақстанның Конгоға дәнді дақылдарды экспорттауға қатысты әлеуетінің мол екеніне назар аудардық. Өздеріңізге мәлім, екі елдің де табиғи ресурстары мол», — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің атап өтуінше, екі елдің темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау және игеру үшін бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндігі бар.
«Қазақстан кәсіпкерлері Конгоның тау-кен саласын зерттеуге дайын екенін келіссөз барысында атап өттім. Сонымен қатар екі елдің көлік-логистика саласындағы қарым-қатынасы жан-жақты талқыланды. Конго Республикасы Орталық Африка аймағының қақпасы, ал Пуэнт-Нуар порты осы қақпаның кілті. Бұл теңіз айлағының мүмкіндіктері өте жоғары. Қазақстан осы порттың әлеуетін пайдалануға мүдделі. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға барынша күш салуымыз керек. Сондықтан мен Конго Республикасының басшылығын, кәсіпкерлерін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырдым. Олар форум кезінде Қазақстанның экономикалық әлеуетімен таныса алады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.