ХҚТУ: ОҚЫТУШЫЛАР ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕРДЕГІ СТАТИСТИКАЛЫҚ ӘДІСТЕРДІ МЕҢГЕРДІ

Ғылым апталығы аясында өткен 4-модуль «Ғылыми зерттеулердегі статистикалық әдістер II» тақырыбында ұйымдастырылып, тың деректер мен заманауи тәсілдерді талқылауға арналды. Модуль қатысушылардың ғылыми ізденістерін жаңа деңгейге көтеріп, зерттеу әдістемесін жетілдіруге бағытталған мазмұнды баяндамалар мен практикалық сабақтарды қамтыды.

Ғалымның медиадағы рөлі: Кәсіби пікір мен жалған ақпаратты ажырату

4-модуль Журналистика кафедрасының профессоры, PhD Молдияр Ергебековтің «Ғалым блогер болу қиын ба?» тақырыбындағы баяндамасымен басталды. Өз сөзінде профессор қазіргі медиа кеңістікте ғалымдардың белсенділігі мен жауапкершілігінің маңыздылығын атап өтті. Қатысушылар ғалымдардың әлеуметтік желілердегі ықпалы, дереккөздердің нақтылығы, жалған ақпараттармен күрес, сондай-ақ ғылыми мәліметтердің қоғамға қолжетімді әрі түсінікті болуы туралы құнды мәліметтер алды.

Молдияр Ергебеков медиа саласының ғылым мен қоғам арасындағы дәнекер болудағы рөлін ерекше атап өтіп, ғалымдардың пікірін көпшілікке дұрыс жеткізу тәсілдеріне тоқталды. Сондай-ақ, ғалым-блогер болудың артықшылықтары мен қиындықтарын талқылап, аудиторияны сапалы ақпаратпен қамтамасыз етудегі жеке тәжірибесімен бөлісті.

Статистикалық талдау және заманауи құралдар

Келесі кезекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина және денсаулық сақтау факультетінің эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасының меңгерушісі, PhD Алия Уалиева практикалық сабақ өткізді. «Берілген база мысалында сипаттамалық және аналитикалық статистика көрсеткіштерін IBM SPSS STATISTICS және оның ақысыз баламаларында есептеп шығару» тақырыбындағы практикум тыңдаушылар үшін өте пайдалы болды.

Сабақ барысында статистикалық деректерді өңдеудің нақты мысалдары қарастырылып, IBM SPSS STATISTICS және оның балама бағдарламалары арқылы деректерді талдау тәсілдері көрсетілді. Қатысушылар статистикалық сипаттамаларды дұрыс анықтау, аналитикалық есептер жүргізу және нәтижелерді визуализациялауды үйренді.

Көпфакторлық талдау және стандарттау әдістері

Практикалық бөлім аясында қатысушылар логистикалық регрессия әдісіне негізделген көпфакторлық талдауды зерттеді. Бұл талдау зерттеу барысында бірнеше айнымалының өзара байланысын анықтауға мүмкіндік беретін маңызды әдіс ретінде ұсынылды. Сондай-ақ, стандарттау әдісінің рөлі мен оны зерттеулерге енгізу тәсілдері жан-жақты талқыланды.

Ғылым апталығының маңызы

Ғылым апталығының 4-модулі қатысушылардың зерттеушілік әлеуетін арттыруға және статистикалық әдістерді практикада тиімді қолдануға жол ашты. Профессорлар мен сарапшылардың баяндамалары мен практикумдары ғылыми ізденістердің сапасын арттыруда жаңа серпін берді.

Мұндай іс-шаралар отандық ғылымның дамуындағы өзекті мәселелерді талқылауға және әлемдік зерттеулер деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *