Ғылым – қоғамның өркендеуіне ықпал ететін ерекше сала. Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ғылым қоғамдағы барлық мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. Біз отандық ғылымды дамытуға басымдық беруіміз керек. Заманауи өзгерістерге бейімделмесек, артта қалып қоюымыз мүмкін. Сондықтан ғылыми жетістіктерге жету – уақыт талабы», – деп атап өтті.
Бұл орайда Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті өңірдегі ғылым мен білімнің маңызды орталығына айналып отыр. Университет ғылыми зерттеулермен ғана шектелмей, жас ғалымдар мен зерттеушілерді қолдауға арналған жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруда.
Кез келген оқу орнының ғылыми әлеуеті оның жетістіктерімен өлшенеді. Ясауи университеті бұл бағытта қолданбалы, іргелі және инновациялық зерттеулер жүргізеді. Университет ғалымдары түркология, археология, дінтану, экономика, физика, ақпараттық технологиялар, экология, медицина және басқа да салаларда зерттеулермен айналысуда. Сонымен қатар, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға, инновациялық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Бауырлас елдерге ортақ оқу орнында 160-қа жуық түрік оқытушысы жұмыс істеген. Түркияның Өкілетті Кеңесі қаржыландырған бағдарламалар аясында елуден астам жас ғалым магистратура мен докторантураны аяқтап, елге оралды. Қазіргі таңда университеттің 1200 оқытушысының арасында 71 ғылым докторы, 299 ғылым кандидаты және 146 PhD маманы бар.
Импакт-факторы жоғары басылымдарға мақала жариялау – ғалымдарға қойылатын басты талаптардың бірі. Университетте Scopus базасында тіркелген мақалалар саны 500-ге жуық, ал хирш индексі бар ғалымдар саны 448-ді құрайды. Сонымен қатар, оқу орны өзінің ғылыми басылымдарын дамытып, қазақстандық және халықаралық базаларға енгізуде.
«Ясауи университетінің хабаршысы» журналы 28 жыл бойы отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеулерін жариялап келеді. Қазіргі таңда бұл басылым ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің тізіміне педагогика мен филология бағыттары бойынша енгізілген. Сонымен қатар, журналдың философия және тарих салаларындағы тізімге енуі үшін құжаттар министрлікке жолданды. Университет «Түркология», «Ясауи Хабарлары» журналдарын Түркияның DergiPark базасына қосып, халықаралық деңгейге шығару жұмыстарын жалғастыруда.
– «DergiPark базасында күнделікті 100 000-нан астам пайдаланушы бар. Бұл біздің ғалымдардың халықаралық қауымдастықпен ынтымақтастық мүмкіндіктерін арттыруына жол ашады», – дейді университеттің ғылым жөніндегі вице-ректоры Айнаш Есімбекқызы Ошыбаева.
Ахмет Ясауи университеті ғылымды өңір дамуына ықпал ететін қуатты құралға айналдыру бағытында қарқынды жұмыс істеуде.