«TURKISTAN EDTECH LAB» ҒЫЛЫМИ БАҒЫТТАҒЫ ОРТАЛЫҚ

Қожа Ахмет Ясауи университетінде Coursera негізінде «Turkistan EdTech Lab» орталығы жұмысын бастаған болатын.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде 2023-2024 оқу жылының басында Қазақстандағы Coursera білім беру платформасының эксклюзивті серіктесі «BMG UpSkill» компаниясымен ынтымақтастық негізінде Түркістан облысындағы алғашқы «Turkistan EdTech Lab» орталығы ашылып, бүгінде өз жұмысын жалғастыруда. Орталықтың таныстырылымы университетте өткен «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы аясында өткізілді. Жаңа бастама жоғары оқу орнының білім беру үдерісінде цифрлық технологиялар мен инновацияларды тиімді қолдануға бағытталған. Симпозиум аясында өткен іс-шараға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, Түркістан облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты. Іс-шарада «Turkistan EdTech Lab» орталығының жұмысы таныстырылып, оның білім беру саласындағы маңыздылығы жан-жақты талқыланды.

Министр Саясат Нұрбек өз сөзінде:

– Бұл орталықтың ашылуы Қазақстандағы жоғары білім беру саласындағы жаңа кезеңнің бастамасы деп айтуға болады. Coursera платформасының мүмкіндіктері арқылы Түркістан жастары әлемдік деңгейдегі білімге қол жеткізіп, өздерін заманауи еңбек нарығында талап етілетін маман ретінде қалыптастыра алады. Университеттің бұл қадамы білім беру мен технологияның тоғысында орналасқан тиімді шешімдердің бірі, – деді.

«Turkistan EdTech Lab» орталығы Coursera платформасының озық білім беру ресурстарын пайдалана отырып, студенттерге заманауи цифрлық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Университет ректоры Жанар Темірбекованың айтуынша, бұл бастама Түркістан жастарын халықаралық стандарттарға сай біліммен қамтамасыз етуді және аймақтағы білім сапасын арттыруды көздейді.

Орталықта студенттер мен оқытушылар:

  • Әлемдік университеттердің үздік онлайн курстарына қатысуға;
  • Жаңа цифрлық технологияларды меңгеруге;
  • Өздерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға мүмкіндік алады.

«BMG UpSkill» компаниясының өкілдері орталықтың жұмысына қолдау көрсетіп, университеттің цифрландыру бағытын дамытуда серіктестік орнатуға дайын екендіктерін жеткізді. Орталықтың жұмысы университетте өткен «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» атты симпозиум аясында таныстырылғаны бекер емес. Симпозиумда қазақ тілінің ғылымдағы орны, оның заманауи білім беру үдерісіндегі рөлі және цифрлық технологиялар арқылы тілдің аясын кеңейту мәселелері талқыланды. «Turkistan EdTech Lab» бұл бағыттағы маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр.

Рауан Кенжеханұлы:

– Қазақ тілін ғылым мен цифрлық технологияның тіліне айналдыру – біздің басты мақсатымыз. Coursera орталығының жұмысы осы жолда үлкен үлес қосатынына сенімдімін. Университеттің бұл бастамасы аймақтық ғана емес, республикалық деңгейдегі білім беру саласына серпін беретін жаңа үлгі болады, – деп атап өтті.

«Coursera курстары – өңірлік 25 университеттің 20 000 студентіне қолжетімді. Қазірдің өзінде платформада қазақ және орыс тілдерінде 50-ден астам курстар бар. Бағдарлама қазақ тіліне локализацияланған 600 курсқа дейін кеңейтілуде. Алдағы үш жылда 100 000 қазақстандық студент пен қолданушы Coursera платформасын қолдана алады деп күтілуде.

Айта кетейік, Coursera платформасын пайдаланушылар үшін қазақ тілінде жаңа дағдылар мен білімдердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында университетіміз бен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы арасында өзара серіктестік орнатылды. Қазіргі таңда орталықта 360 оқытушы әр сала бойынша, жалпы саны – 650 курсқа қатысып, біліктілігін арттыруда.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттің «Turkistan EdTech Lab» орталығы Түркістан облысында цифрлық білім беру мәдениетін қалыптастырудың алғашқы қадамы болып табылады. Coursera платформасының озық мүмкіндіктерін пайдаланатын бұл орталық, заманауи білім мен технологияны ұштастыра отырып, өңірдегі жастарға әлемдік деңгейде білім алуға жағдай жасайды. Орталықтың жұмысы тек Түркістан жастары үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін үлгі боларлықтай бастама екені анық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *