Қазақстанның білім мен ғылым саласындағы жаңа бастамалары Түркістанда қарқынды дамуда. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жеміс-жидек өңдеу цехын іске қосу арқылы ғылымды коммерцияландыруға бағытталған маңызды қадам жасады. Бұл жоба өңірдің биоресурстарын тиімді пайдалану және сақтау мақсатында қолға алынған.
Цехтың салтанатты ашылу рәсімі кезінде Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев және университет ректоры Жанар Темірбекова қатысты. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған өндірістік цех өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сақтау үшін арнайы құрылған.
Цехтың ашылуы университеттің ботаникалық бағының құнды гендік қорын сақтап, оның өнімдерін қалдықсыз өңдеу арқылы ғылымды өндіріспен ұштастыруды көздейді. Цехтың мүмкіндіктері:
- Өнімдерді жуу, кесу, сұрыптау, кептіру, орау және сақтау;
- Тәулігіне 5-7 тонна өнімді қайта өңдеу;
- Табиғи жеміс-жидектерден жоғары сапалы өнім дайындау.
Жоба жетекшісі Ерден Мұратовтың айтуынша, бұл бастама Оңтүстік Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді сақтау және өңдеу мәселесін шешуде маңызды рөл атқарады.
Жоба 2022-2025 жылдарға арналған және оның жалпы бюджеті 360 млн теңгені құрайды. Университеттің ботаникалық бағында өсірілген сирек кездесетін жеміс ағаштары мен сәндік өсімдіктердің гендік қорын сақтау, сондай-ақ олардың өнімдерін коммерциялық игеру – жобаның басты бағыты.
Азат Искаковтың айтуынша, ботаникалық бақтың ғылыми әлеуетін дамыту – өсімдіктердің сирек кездесетін түрлерін сақтаудың ең тиімді жолы. Цехтың жұмысы жергілікті сауда орындарын экологиялық таза, табиғи өнімдермен қамтамасыз етуге бағытталған. Жақында шығарылған алғашқы өнімдерге сұраныс артып, болашақ аналар мен тұтынушылардың қызығушылығын тудырды.
Ғылыми зерттеулер мен өндірісті ұштастыру
Ғылыми жобаның тағы бір артықшылығы – ғылым мен өндірісті тиімді байланыстыру. Университет ректоры Жанар Темірбекованың айтуынша, ботаникалық бақтағы өнімдерді өңдеу арқылы қалдықсыз технологияларды дамыту басты назарда. Жоба аясында түрлі әдістемелік және педагогикалық бағдарламалар да жүзеге асуда.
Биология кафедрасының меңгерушісі Ғани Исаев атап өткендей, университетте жалпы құны 562 млн теңгеден асатын бес гранттық жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында биоресурстарды игеруге арналған ғылыми-зерттеу және педагогикалық жобалар бар.
Мысалы Ғани Исаев гранттық жобаның маңызы туралы арнайы сұхбат берді.
– Жалпы кафедра жоспарында бес гранттық жоба бар. Химиялық технология бойынша екі, биотехнология бойынша бір гранттық жоба коммерциялық негізінде ғылым қоры тарапынан қаржыландырылатын жоба.
Ал, бүгінгі 360 млн теңгені құрайтын жоба жетекшісі Мұрат Тәжібайұлы Ерденов, орындаушылары Азат Искаков, Салыбекова Нұрдана Нұртайқызы және Ануар Мамадалиев. Ал, енді» Бұл жоба неге құрылды?»- деген сауалға жауап берер болсақ, бірінші біздің ботаникалық бақтағы өнімді ысырап етпеу, оны қайта өңдеу. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда қалдықсыз технологиямен жұмыс істеу күн тәртібінде тұр. Біздің шығып жатқан өнімдердің барлығы адам ресурстары арқылы жүзеге асады. Мына жоба бойынша жұмыстың басым бөлігін техника атқарады. Бұл- бір. Екіншіден, өңделген өнімдеріміз тым болмағанда өзіміздің асханаларымызды қамтамасыз етсе де, келтіретін пайдасы зор.Демек, бұл ғылыми зерттеулердің өндіріске енгендігі, пайдаға асқандығы. Осылайша ғылым мен өндірісті ұштастырып жатырмыз. Зерттеу нәтижелерін өндірісте қолданып жатырмыз. Коммерциялық игеру осы мақсатта құрылған. Бұдан бөлек әдістемелік жобамыз бар. Білім бағыты бойынша жобаға тоқталсақ, биология мұғалімдерін даярлау тарапынан педагогикалық жоба бар. Ол 37 млн теңгені құрайды. Жалпы кафедра бойынша бес гранттық жобаның жалпы құны 562 млн 400 мың теңгені құрайды.
Қорытындылай келе, ұлы баба есімін еншілеген жоғары оқу орнының бұл бағыттағы тасы өрге домалап тұр екен. Осы жобалардың бәрі рет- ретімен іске асса, түркістандықтардың табиғи таза жолмен өндірілген өз өнімдерімізбен қаматамасыз етілетіні сөзсіз.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың бұл жобасы Түркістан өңірін табиғи және экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама. Университет ұжымы ғылымды коммерцияландыру және өндірісте қолдану арқылы өңірдің экономикалық және экологиялық тұрақтылығына өз үлесін қосуда. Алдағы уақытта жобаның толық іске асуы өңір тұрғындарына сапалы өнім ұсынып, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.