Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен «Yasawi Winter School» жобасы аясындағы Ғылым апталығы өз мәресіне жетті. Ғылыми қауымдастықтың біліктілігін арттыру мен тәжірибе алмасуға арналған бұл шара отандық және халықаралық деңгейде ғылыми зерттеулерді жаңа биіктерге көтеру жолында маңызды бастама болды.
Апталықтың негізгі мақсаты – университетте орындалатын ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттарын Тұрақты даму мақсаттарына сәйкестендіру, ғылыми этикалық мәселелерді талқылау және ғылыми жобаларды әзірлеудің әдістемесін талдау болды. Сонымен қатар, шараның басты міндеті – оқытушы-профессорлар құрамы мен ғылыми қызметкерлердің ғылыми-зерттеу құзыреттерін арттыру мен оларды жетілдіру.
Шара аясында университетіміздің ғалымдары мен қонақтары тәжірибе алмасып, ғылыми зерттеулердің алдыңғы қатарлы әдістерімен бөлісті. Бұл іс-шара ғылым жолында жүрген мамандар үшін бағалы білім мен жаңа идеялардың қайнар көзіне айналды.
Ғылым апталығы бес күнге созылды және ол университет ғалымдары мен Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының өкілдерін біріктірді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Нархоз университеті және М.О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінен келген ғалымдар мазмұнды баяндамалар оқып, тәжірибелік сабақтар жүргізді.
Барлығы 13 спикер 22 баяндама мен практикумдар өткізді. Қатысушылар мынадай тақырыптарды қамтыған интерактивті сабақтарға қатысты:
- Ғылыми-зерттеу жобасын жазу және басқару;
- Ғылыми мақалаларды әзірлеу;
- Зерттеу әдістері мен ғылыми этика;
- Тұрақты даму мақсаттары арқылы ғылыми әлеуетті арттыру;
- Зияткерлік меншік нысандарын коммерцияландыру және оны басқару;
- Зерттеу мен академиялық артықшылықты дамыту.
5-модуль: Ғылымдағы идеядан нәтижеге дейін
Апталықтың соңғы күні «Ғылымдағы идеядан нәтижеге дейін» тақырыбымен өтті. Бұл модуль ғылыми зерттеулерді тиімді басқару және нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізудің қыр-сырына арналды.
Қатысушылар мынадай маңызды тақырыптарда құнды ақпараттармен танысты:
- Ғылыми жобаларды тиімді басқарудың жолдары;
- Жоғары индексті журналдарға мақалалар жазу және жариялау тәсілдері;
- Зияткерлік меншік нысандарын коммерцияландырудың әдістері.
Бұл бағыттағы тәжірибелер мен кеңестер ғалымдарға ғылыми жетістіктерге жету жолында жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
Апталықтың маңызы мен нәтижесі
Ғылым апталығы – ғылыми қауымдастық үшін тиімді диалог алаңы болып, қатысушылардың біліктілігін арттыруға зор ықпал етті. Университетіміздің профессор-оқытушылары мен жас ғалымдары өзара тәжірибе алмасып, тың идеяларды ортаға салды.
Қатысушылар апталықты жоғары деңгейде ұйымдастырған Ғылым департаменті мен университет басшылығына алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, мазмұнды баяндамалар оқып, тәжірибесімен бөліскен спикерлерге ризашылықтарын жеткізді.
«Yasawi Winter School» жобасы ғылым-білім жолындағы жаңа жетістіктерге жетуге бағытталған маңызды қадам болды. Бұл бастама ғалымдардың білімі мен тәжірибесін тереңдетіп қана қоймай, ғылыми зерттеулердің халықаралық деңгейге шығуына мүмкіндік береді.