Әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігі мен оның қоғамға тигізер пайдасы тек қолжетімділік деңгейімен ғана емес, көрсетілетін көмек сапасымен де бағаланады. Елімізде соңғы жылдары әлеуметтік саясатты сапалық тұрғыда жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар іске асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік-еңбек саласындағы реформаларды қолдауы бұл бастамалардың табысты жүзеге асуына серпін беруде. Президент: «Біз әділетті қоғам құру үшін ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартуға баса мән беруіміз керек. Бұл – мемлекеттің басты міндеті» деп, әлеуметтік саясаттың басымдығын айқындаған болатын.
Түркістан облысы халық тығыз орналасқан аймақтардың бірі ретінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға ерекше көңіл бөледі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, облыста атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 154,7 мың адамға тағайындалып, аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халқының 7,2%-ын құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 22%-ға төмен көрсеткіш. АӘК алушылар санының азаюы, бір жағынан, азаматтардың тұрмыс деңгейінің жақсаруын, екінші жағынан, көрсетілетін көмектің тиімді ұйымдастырылғанын көрсетеді.
Әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі – көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау. 2023 жылы Түркістан қаласында көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға арналған «Қамқорлық» жанұя орталығы ашылды. Бұл орталық отбасыларға кеңес беру, олардың әлеуметтік және құқықтық мәселелерін шешу, балаларды дамытуға қолайлы жағдай жасау секілді қызметтерді ұсынады.
Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Түркістан облысында 97 075 мүгедектігі бар адам тіркелген, оның ішінде 14 901-і – балалар. Мұқтаж жандарға көмектесу үшін облыс аумағында арнайы оңалту орталықтары мен қажетті құрал-жабдықтар қарастырылған. Санаторийлік-курорттық емдеу, протездік-ортопедиялық құралдар, сурдотехникалық және тифлотехникалық жабдықтар, арнайы ымдау тілі мамандарының қызметтері қарқынды көрсетілуде. 2024 жылдың 3-тоқсанында Сауран ауданындағы Оранғай ауылында психоневрологиялық аурулары бар балаларға арналған 50 төсек орындық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.
2024 жылы АӘК-мен қамтылатын азаматтар саны 116,2 мың адамды құрайды деп күтілуде. Бұл үшін бюджеттен 12,2 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда 12,9 мың отбасы немесе 77,5 мың адам АӘК-ке ие болды. Аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халқының 3,6%-ын құрап, 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42,4%-ға азайды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы өңірдегі кедейлік деңгейін 5,5%-дан асырмау көзделген.
Облыста ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасуда. «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» атты сайлауалды бағдарламасының аясында әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мүгедектігі бар жандарға бейімделуге арналған 667 нысанның тізімі анықталып, олардың ішінде білім беру және денсаулық сақтау мекемелері ерекше назарға алынды. Бұл тізім аудан, қала әкімдерімен және мүгедектігі бар адамдардың істері жөніндегі кеңесшілермен келісіле отырып, бекітілді.
Қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында жергілікті әкімдіктер жанынан жұмысшы топтар құрылды. Олардың құрамына мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері мен партия өкілдері енгізілді. Мұндай қадам аймақтағы әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттырып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қоғамға толықтай кірігуіне мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының бастамалары негізінде Түркістан облысында әлеуметтік қолдаудың сапасы мен ауқымы артып келеді. Бұл шаралар халықтың әл-ауқатын жақсартуға, тұрмыс сапасын арттыруға және әділетті қоғам құру жолында маңызды қадам жасауға мүмкіндік береді.