Түркістан өңірі соңғы жылдары ғылыми жаңалықтар мен инновациялық жетістіктердің орталығына айналып келеді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жас ғалымдары еліміздің ғылымына өлшеусіз үлес қосып, өз жобаларымен халықаралық деңгейде танылып жүр.
Жаратылыстану және әлеуметтік ғылым салаларында көптеген маңызды зерттеулер жүргізілуде. Мәселен, жас ғалым Б.Сейітов ядролық өнеркәсіпке арналған цирконий қорытпасын қорғауға бағытталған металл-керамикалық жабын жасау бойынша ауқымды зерттеуін аяқтады. Бұл жоба 74 миллион теңгеден астам гранттық қаржыландырумен жүзеге асырылды. Сол сияқты, Е.Досымов STEM білім беру арқылы студенттердің шығармашылығын дамытуға бағытталған жобасын сәтті аяқтап, 46 миллион теңге көлеміндегі қаржыны тиімді игерді.
Теңіз экологиясы да назардан тыс қалмады. Ә.Құрбаниязов Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы судың гидрофизикалық режимі мен экологиялық жағдайын зерттеуге бағытталған 75 миллион теңгелік жобаны орындап, табиғаттың тылсым сырларын ашуға өз үлесін қосты. Сонымен қатар, З.Илиясова Орталық Азияның тарихи географиясын зерттеп, 69 миллион теңгелік гранттың негізінде бұл аймақтың күрделі тарихына жаңа көзқарас ұсынды.
Университет ғалымдары тарихи-мәдени ықпалдастықты зерттеу саласында да нәтижелі жұмыстар атқаруда. Қ.Базарбаев түркі тілдес мемлекеттердің тарихи-мәдени ықпалдастығын қалыптастырудың саяси және құқықтық тәжірибесін зерделеп, бұл бағытта 61 миллион теңге көлеміндегі грантты игерді. Инженерлік-техникалық білім беру бойынша Ш.Раманкулов студенттерді ағылшын тіліне дайындау үрдісін дамытып, 30 миллион теңгеден астам қаржыландыру аясында тың нәтижелерге қол жеткізді.
Гүл өсіру саласында Нұрдана Салыбекова қызғалдақтың жаңа түрлерін өсіру мен жерсіндіру бағытындағы инновациялық жобасын жүзеге асыруда. Бұл зерттеу Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы гүл өсіру саласын дамытуға бағытталған және 77 миллион теңге грантпен қамтамасыз етілген.
Ғылыми жобаларды коммерцияландыру да қарқынды жүргізілуде. Университет аумағында «Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру» жобасы аясында арнайы өндірістік цех салынуда. Бұл кәсіпорын экологиялық таза жемістер мен кептірілген өнімдерді өндіруді көздейді. Сонымен қатар, университет ғалымдары интеллектуалдық меншік бойынша 29 республикалық патент пен 121 авторлық құқыққа ие болды.
Университеттің әлемдік рейтингтегі орны да тұрақты түрде жоғарылауда. QS World University Rankings рейтингінде университет биыл алғаш рет 701-750 аралығындағы позицияны иеленіп, үздік 1000 университет қатарына енді. Бұл – ұжымның қажырлы еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ, университет білім беру, заманауи тілдер және өнер саласындағы рейтингтерде де алдыңғы қатардан көрінді.
Қожа Ахмет Ясауи университеті Түркістан өңірінің ғылыми және мәдени орталығына айналып, ғылыми әлеуетін одан әрі арттыруда. Университеттің Стратегиялық даму жоспары аясындағы мақсаттары аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретіндігі сөзсіз.
Университеттің ғылым және инновациялық даму жөніндегі вице-ректоры Айнаш Есімбекқызының айтуынша, мұндай жобалар мен жетістіктер – ұжымның ортақ еңбегі мен стратегиялық мақсатқа жетудегі талпынысының көрінісі. Түркістанның ғылыми өрлеуі ел болашағына жасалған жарқын қадам екенін атап өту қажет.