ХҚТУ ЖАС ҒАЛЫМДАР КЕҢЕСІ ПРЕЗИДЕНТ ИДЕОЛОГИЯСЫН ДӘРІПТЕП КЕЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ғалымдардың рөлі мен олардың ғылым саласындағы орнына ерекше назар аударып, бұл мәселеге басымдық беріп келеді. Президент ғылымның дамуы мен оның болашағы, ең алдымен, жас буын ғалымдардың белсенді қатысуына байланысты екенін және олардың әлеуетін дамыту үшін барлық қажетті жағдай жасалуы тиіс екенін баса айтты. Мемлекет басшысы «қазір жас ғалымдардың заманы туды» деп атап өтіп, ғылым саласындағы кадр тапшылығын шешудің және отандық ғылымды дамытудың басты жолы – жас ғалымдарды жан-жақты қолдау екенін айтты.

Шын мәнінде, жас ғалымдар ғылымның ілгерілеуіне айтарлықтай үлес қосып келеді. Олардың жаңа идеялары, инновациялық жобалары мен креативті көзқарастары ғылым саласына тың серпін береді. Соңғы жылдары жас ғалымдарды қолдауға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуде. Бұл қолдау түрлі бағыттарды қамтиды: олардың ғылымға келуін ынталандыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру, материалдық және рухани қолдау көрсету. Мұндай шаралар жас ғалымдардың өз әлеуетін толық іске асыруына мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, мемлекет жас ғалымдардың ғылыми жобаларын қаржыландыру мақсатында нақты қадамдар жасап келеді. 2020 жылдан бастап жыл сайын «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурс» өткізіліп келеді. Бұл бастама көптеген жас зерттеушілердің тың идеяларын жүзеге асыруына жол ашты. Аталған гранттық қаржыландыру жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың қоғам игілігі үшін маңызды жобалар жасауы мен жаңа ғылыми нәтижелерге қол жеткізуіне үлкен мүмкіндіктер беруде.

Мұндай қолдау шараларының арқасында ғылымға жас буын өкілдерінің қызығушылығы артып, ғылыми-зерттеу саласына жаңа есімдер қосылуда. Бұл үрдіс елдің ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, ғылымды ұлттық дамудың басты тірегіне айналдыруға септігін тигізеді. Жас ғалымдардың түрлі саладағы еңбектері тек отандық қана емес, сонымен бірге әлемдік деңгейдегі ғылымды дамытуға да үлес қосатыны сөзсіз.

Жыл сайын жас ғалымдарға арналған конкурстар арқылы ғылым саласына бөлінетін қаржыландыру көлемі артып келеді. Мәселен, жас ғалымдарды қолдау мақсатында өткізіліп жүрген гранттық қаржыландыру конкурстарының жалпы бюджеті 9 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар, арнайы «Жас ғалым» жобасы аясындағы гранттық қаржыландыру конкурсы да 2021 жылдан бастап тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл конкурстың қаржыландыру көлемі де айтарлықтай қомақты, әрі жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мол мүмкіндік беруде.

Айта кетерлігі, жас ғалымдар тек өздеріне арналған гранттық қаржыландыру конкурстарына ғана емес, үлкен ғалымдар арасындағы ғылыми жобалар байқауларына да қатыса алады. Осындай ауқымды жарыстарда жас ғалымдар аға буынмен тең дәрежеде бақ сынап, жеңіске жетіп жатқаны да – еліміздегі жас зерттеушілердің біліктілігі мен әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Бұл тек жас ғалымдардың өзіне ғана емес, жалпы ғылымның дамуына тың серпін береді.

Сонымен қатар, жас ғалымдарды әлемдік деңгейде тәжірибе жинауға ынталандыратын «500 ғалым» бағдарламасы ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл бағдарлама аясында жыл сайын жүздеген жас ғалым әлемнің үздік жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтуде. Мұндай мүмкіндіктер жас зерттеушілердің кәсіби біліктілігін арттырып, озық тәжірибені меңгеруіне жол ашады. Әлемдік деңгейде алған білім мен тәжірибе олардың елімізде ғылымды дамытуына және халықаралық ғылыми қауымдастықпен байланыс орнатуына септігін тигізуде.

Мемлекет тарапынан осындай кешенді қолдау шаралары жас ғалымдардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың еліміздің ғылыми жетістіктеріне қосқан үлесін еселей түсуге ықпал етуде. Жас ғалымдардың еңбегі – елдің болашағы мен дамуының маңызды іргетасы.

Жас ғалымдар кеңесі Ахмет Ясауи университетінің ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық саясатын жүзеге асыру және қалыптастыру аясындағы жас ғалымдар арасындағы ұйымдық кеңес болып табылады. Жас ғалымдар кеңесіне факультет деңгейінде 40 жасқа дейінгі ғылыми қызметкерлер, мамандар, магистранттар, PhD докторанттар, ғылым докторлары мен кандидаттары, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысатын университет оқытушылары кіреді. Университет жас ғалымдарының кеңесіне әр факультеттің жас ғалымдар кеңесінің төраға немесе төрайымдары жатқызылады.Кеңес университеттегі жас ғалымдар мен жас ғалым мамандардың көзқарастары және қызығушылықтарын қолдайтын ғылыми іс-шаралар жүргізуді ұйымдастырушы ұжым болып табылады.

Кеңесте 4 комитет жұмыс істейді және әрқайсысының атқаратын өз функциясы бар. Ғылыми-әдістемелік комитет  ғылыми-әдістемелік іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу және  жас зерттеушілерге ғылыми-әдістемелік бағыттарда кеңес беру мәселесімен айналысса, Ақпараттық комитет  ғылыми ақпараттармен жұмыс істеу бойынша іс-шаралар өткізу, кеңестің әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізу арқылы ғылымды насихаттайды. Ал ғылыми этика комитеті  ғылым этикасы және зерттеу мәдениеті бойынша іс-шаралар өткізу және жас зерттеушілердің арасында «ғылымдағы әдеп», «академиялық адалдық» принциптерін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Республикалық кеңестер мен қауымдастықтардан бөлек, жастарды ғылымға тарту, ғылыми әдістемелік шараларды ұйымдастыру арқылы жастарға қолдау көрсету, жас ғалымдардың мәселелерін жергілікті жерде шешу және жас ғалымдардың зерттеу нәтижелері арқылы ғылымды насихаттау жұмыстарында ғылыми мекемелердегі Жас ғалымдар кеңестері зор рөл атқарады. Бұның айқын мысалы ретінде Қожаахмет Ясауи атындағы  халықаралық қазақ-түрік университетіндегі Жас зерттеушілер кеңесін айтуға болады. Білім ордасындағы талантты жас ғалымдардың басын қосқан Жас зерттеушілер кеңесі университеттің ғылыми өмірінің ажырамас бөлігіне айналып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *