ЖАС ҒАЛЫМ: ТҮРКІСТАНДЫҚ НҰРСҰЛТАН НУРДИНОВ

2024 жылдың ақпан айында ҚР Президенті жанындағы ҰҒА-да Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Консультативті-кеңесшіл ұйым ретінде бұл кеңес еліміздегі талантты жас ғалымдардың пікірталас алаңына айналып, ғылым саласындағы мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын талқылап, құқықтық-нормативтік құжаттар мен ережелердің жобасын дайындау және оларға өзгеріс енгізу кезінде өз ұсыныстарын береді.

Нұрсұлтан Нурдинов – болашағынан зор үміт күттіретін жас ғалым, молекулалық биология саласында PhD дәрежесін иеленген талантты зерттеуші. Ол Түркістандағы Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Стоматология факультетінде оқытушылық қызмет атқарып жүр. Бірақ оның басты миссиясы – тек білім беру ғана емес, ғылымға үлес қосып, генетика саласында маңызды жаңалықтар ашу.

Нұрсұлтанның ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыты – молекулалық биология және генетика. Бұл ғылым салалары адам ағзасының ең терең құпияларын ашып, оның қалай жұмыс істейтінін түсінуге мүмкіндік береді. Оның айтуынша, қазіргі замандағы фаст-фуд, гендік модификацияланған азық-түліктер тек адамның денсаулығына ғана емес, сонымен бірге оның генетикалық құрылымына да әсер етеді. «Біздің күнделікті тамақтануымыз ұрпағымыздың геніне тікелей ықпал етеді. Ұлттың тағамдық ерекшеліктерін сақтау – дені сау ұрпақ тәрбиелеудің негізі», – дейді ол. Бұл сөздерден Нұрсұлтанның өз саласына деген ерекше жауапкершілігі мен терең ойлай білетінін аңғаруға болады.

Ғылымға деген құштарлық Нұрсұлтанды шекаралардан аттап, білімін жетілдіруге итермеледі. Ол Түркияда, Польшада білім алып, сол елдердің ең үздік ғылыми орталықтарында тәжірибе жинақтаған. Сонымен қатар бірнеше тілді жетік меңгергені де оның жан-жақты ғалым екенін көрсетеді. Мұндай қабілеті оған әлемдік деңгейдегі ғылыми қауымдастықпен тығыз байланыс орнатуға және озық тәжірибені меңгеруге мүмкіндік береді.

Нұрсұлтанның арманы – генетика саласында маңызды жаңалық ашып, Нобель сыйлығына қол жеткізу. Бұл оның алдына қойған үлкен мақсаты болса да, оның таланты мен табандылығы бұл арманының орындалуына сенім ұялатады. Ол ғылымдағы табыстың тек тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесі екенін жақсы түсінеді.

Жас ғалым өз зерттеулерінде адам ағзасының жұмыс істеу механизмдеріне терең үңіледі. Ол жасушалардың өмір сүру, көбею, қоректену және ақпарат алмасу процестерін зерттеуге ерекше көңіл бөледі. Нұрсұлтан ғылымдағы қызықты бір құбылыс – аутофагия туралы сөз қозғағанда, жасушалардың «ашыққан кезде бірін-бірі жейтінін» атап өтеді. Бұл процесті зерттеген жапон ғалымы Нобель сыйлығын иеленгенін де ерекше тоқталып айтып береді. Нұрсұлтанның айтуынша, бұл жаңалықты біздің ата-бабаларымыз да ертеден түсінген. Олардың өмір сүру дағдысы, тағамдық әдеттері осы ғылыми қағидаларға сәйкес келген.

Ғылым мен ұлттық құндылықтарды ұштастыру – Нұрсұлтан Нурдиновтың басты ұстанымдарының бірі. Ол өз жұмысында тек ғылыми негіздерді зерттеп қоймай, оларды қазақтың дәстүрлі дүниетанымымен үйлестіріп, жаңа білімді ұлттық мәдениетке сай бейімдеуге тырысады.

Нұрсұлтанның ғылыми жолы әлі алда. Оның генетика саласына қосар үлесі, жаңашыл идеялары мен тынымсыз еңбегі ел болашағына жасалып жатқан үлкен инвестиция деуге болады. Мұндай талантты жастардың ғылымға келуі Қазақстанның ғылыми әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық аренада өз орнын табуына ықпал етпек.

Республикалық кеңестер мен қауымдастықтардан бөлек, жастарды ғылымға тарту, ғылыми әдістемелік шараларды ұйымдастыру арқылы жастарға қолдау көрсету, жас ғалымдардың мәселелерін жергілікті жерде шешу және жас ғалымдардың зерттеу нәтижелері арқылы ғылымды насихаттау жұмыстарында ғылыми мекемелердегі Жас ғалымдар кеңестері зор рөл атқарады. Бұның айқын мысалы ретінде Қожаахмет Ясауи атындағы  халықаралық қазақ-түрік университетіндегі Жас зерттеушілер кеңесін айтуға болады. Білім ордасындағы талантты жас ғалымдардың басын қосқан Жас зерттеушілер кеңесі университеттің ғылыми өмірінің ажырамас бөлігіне айналып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *