ЖАС ҒАЛЫМ: ТҮРКІСТАНДЫҚ МҰХИТ ТӨЛЕГЕН

Мұхит Төлеген – дін психологиясы саласында PhD дәрежесін иеленген, теология ғылымына өзіндік үлесін қосып жүрген жас ғалым. Ол Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Теология факультетінде оқытушы болып қызмет атқарады. Зерттеуші ретінде ол ғылымның тереңіне үңіліп, білім мен руханияттың қиылысындағы өзекті мәселелерді зерделеп келеді.

Мұхит Төлегеннің ғылымдағы жолы жүйелі ізденіс пен қажырлы еңбектің жемісі. Ол Түркияның беделді жоғары оқу орындарының бірі – Ержиес университетінде докторантурада білім алып, сол жерде дін психологиясы бойынша диссертация қорғаған. Түркиядағы оқуы оның ғылыми көзқарасының кеңеюіне, әлемдік ғылыми ортаның жаңа бағыттарын меңгеруіне және терең тәжірибе жинақтауына мүмкіндік берді. Осылайша, ол халықаралық деңгейдегі зерттеуші ретінде қалыптасты.

Дін психологиясы – адамның рухани болмысын, сенім мен психологияның байланысын, діни құндылықтардың адамның жан-дүниесіне әсерін зерттейтін ерекше ғылым саласы. Мұхит Төлеген осы бағыттағы күрделі мәселелерді талдап, жаңа тұжырымдар ұсынуда. Оның зерттеулері адамның сенімге деген ішкі қажеттілігін, діни тәжірибенің психологиялық ерекшеліктерін және олардың адамның мінез-құлқына әсерін зерттеуге бағытталған. Бұл сала тек теологтарға ғана емес, психологтарға, педагогтарға және жалпы қоғамға өте маңызды.

Мұхит Төлегеннің оқытушылық қызметі де айрықша маңызға ие. Ол жас буынға теологияның негіздерін түсіндіріп қана қоймай, дін мен психологияның тығыз байланысын көрсете отырып, олардың өмірлік мәселелерді шешу үшін маңызын ұғындырады. Оның дәрістері студенттердің бойында тек білімге деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, рухани-адамгершілік құндылықтарды дамытуға да бағытталған. Ол заманауи ғылым мен дәстүрлі рухани құндылықтарды ұштастыру арқылы жастарды терең ойлауға баулуда.

Ғалым ретінде Мұхит Төлеген тек оқытуға ғана емес, ғылыми зерттеулерге де ерекше көңіл бөледі. Оның еңбектері діннің адамның психологиясына әсері, діни тәрбие мен тұлға қалыптастырудағы рөлі сияқты маңызды тақырыптарды қамтиды. Оның зерттеулері дін мен психологияның байланысын зерттеуге арналған жаңа әдістерді ұсына отырып, бұл бағыттағы білімді кеңейтуге үлес қосып отыр.

Мұхит Төлеген – ғылымға деген шынайы сүйіспеншілігімен, еңбекқорлығымен және жаңа ізденістерге деген ынтасымен ерекшеленетін ғалым. Оның халықаралық тәжірибесі мен білімі Қазақстандағы дінтану және психология салаларының дамуына тың серпін беруде. Мұхиттың еңбегі – ғылым мен руханияттың тоғысында тұрған мәселелерді терең түсіну мен оларды шешу жолында жасалған үлкен қадам.

Бүгінде Мұхит Төлегеннің білім беру мен ғылыми қызметі жас буын үшін үлкен үлгі. Ол рухани және интеллектуалдық дамуды үйлестіре отырып, жаңа идеялар ұсынатын, ғылым мен қоғамның дамуына өз үлесін қосатын ерекше тұлға. Оның еңбектері Қазақстан ғылымының болашағын нығайтуға бағытталған және бұл жолда оның жетістіктері тек артпақ.

Бала кезінен ұлттық уызына қанып өспеген, ғибратты сөздерді жадына тоқымаған, жігері төмен, рухы жасық жастар жат ағымға тез ұрынады. Жастайынан өзінің тарихын, шежіресін, мәдениетін жақсы білсе, ол басқа бір мәдениеттің қолжаулығы болмайды”, — дейді Мұхит.

«Жүз ойланып, мың толғанып, болашақта білімімді дінтану саласында жалғастырып, көл-көсір алтын қазынаны, бағасы қымбат құндылықтарды зерттеуге шешім шығардым. Осы мақсатпен Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде дінтану мамандығы бойынша магистратурада оқыдым. Өз бетімше түрік тілін үйреніп, Түркияға докторантураға берілген грантты жеңіп алдым.

Дінтану – Түркияда барынша тамыр жайып, жемісін беріп келе жатқан іргелі ғылым. Бізде методологиялық-практикалық ұстындар жолға қойылып, жеке сала ретінде енді қалыптаса бастады. Дербес бағыт ретінде діни білім беру аясына енген теология – келешекте кез келген діни танымды сау ақылдың тезімен елеп-екшеп тұратын діни сауатты жас толқынды дамып-жетілдіру үшін өте маңызды.Мен «дін психологиясы» бойынша білім алдым. Психология – адамның сезімі, мінез-құлқы, ойлары мен түрлі сезімін зерттесе, дін психологиясы – адамның бір дінге бет бұрып, оның қағида-шарттарын ұстана бастағаннан кейінгі, дінді өмір салтына айналдырған кездегі мінез-құлқын, ой-санасын, ұстанымдарынын зерделейді.

Дін психологиясы – өте қызықты сала. Адамдардың бойындағы психологиялық құбылыстарға діннің әсерінің үлкен үлесі бар. Дін психологиясында «конверсия» деген ұғым бар. Адам бір дінді қабылдап, оның ережелеріне мойынсұнған кезде көзқарасы мен дүниетанымы түгел өзгеріп кетеді»дейді Мұхит ,»Дін саласын таңдауыңызға не себеп болды?-деген сауалымызға орай..

­­– Менің зерттеу тақырыбым «Қазақстандағы мифологиялық діндарлықтың психологиялық платформасы мен функциялары» болғандықтан, мен діннің аксиологиялық қырына, яғни, адам мен қоғамға беретін құндылықтарына айрықша мән беремін.Діндегі құндылық қабаты, яки, рухани шығармалар арқылы адамның сана-сезіміне, мінез-құлқына әсер ету, оның ішінде, біздің дәстүрлі ислам дінінде қиссалар, жыр-дастандар, жыраулардың сөздері мен уағыз-насихаттары менің зерттеу объектіме кіреді.

Бізде «миф» деген сөз – өтірік, жалған деген сияқты қабылданады. Бірақ, әлемдік дәстүрлі ұғым – мифтің құрамына бүкіл діннің құндылықтарын кіргізеді. Аңыз болсын, әфсанасы болсын, қиссасы болсын – кез келген діннің өзінің мифологиялық қабаты бар. Оның барлығы адамды түзетуге, адамның қиялын қарыштатуға, оның санасының көкжиегін барынша кеңейтіп, оған бейсаналы түрде ізгілік, адамгершілік, мейірімділік, махаббат сияқты қасиеттерді адамдардың бойына сіңіру үшін қолданылады.

Дәстүрлі дінде де адам құндылығын құрғақ қатаң шарттардан гөрі, діннің қисса түрінде, аңыз түрінде, әртүрлі насихат түрінде адамның бойына сіңіру кеңінен қолданылған.

Оны ең бірінші батыс ғалымдарының арасында байқаған, бүкіл елді аралап, әдеби мұраларын жазып алып, фольклорлық шығармаларды қағазға түсірген Радловтың таңқалып тұрып: «Қазақтардың арасындағы бір ғана қиссаның әсері – жүз молдадан артық тәрізді», – деп айтқан сөзі бар. Демек, қазақтардың қиссалар мен дастандарды дереу қабылдауының, ақын-жырауларды қатты құрметтеуінің түйіні – әр адамның жанында, психикасында бір кереметті аңсау, аңыздық формада қабылдау, қисса түрінде қабылдау, әр нәрсені қабылдаған кезде бір кереметке елтіп, қаһармандардың өмір жолын айтқан кезде де оны барынша әсірелеп, көркемдеп, бір өлең сөзбен жеткізіп, ерекше бір құлшыныспен, қызығушылықпен қабылдайтын қасиеті болған.

«Әдебиет танытқыш» еңбегінде Ахмет Байтұрсынов: «Біздің қазақтар өлең-сөзге өте бейім болғандықтан, қожа-молдалардың бәрі діннің насихаттарын өлең сөздерімен жолдап, қазақтарға терең сіңіріп, қазақтардың арасында осы діни қисса-дастандар тамырланып кеткен» – деп жазды.

Міне, біздің дәстүрлі діни түсінігіміздің тамырында қиссалар мен дастандардың аксеологиялық қабаты жатыр. Адам сол құндылықтарды жүрегіне сіңіріп, аңыз-қиссаның бәрін көкірегіне әбден толтырғаннан кейін барып, өз-өзінен діннің басқа шарттарын орындауға деген құлшыныс ояна бастайды.Қасиетті Құранның үштен бір бөлігі қиссалардан, пайғамбарлар мен әулие-әмбиелер туралы әңгімелерден, ғибратты хикаялар мен қиссалардан тұрады. Адамзат баласының бойындағы туабітті табиғи қасиет – рухани мұқтаждық. Пайғамбарлар туралы өнегелі әңгімелерді естіген кезде адам оған бейсаналы түрде еліктейді, өзінің мінезін түзетуге тырысады. Өзі сондай адамгершілікке, ізгілікке құмарланып, сосын, жүрегі жұмсарып-жібіп, басқаға көмектесуге, жәрдемдесуге пейіл болады.Біздің ата-бабамыз таза діннің тәлімді жолын мықты меңгерген. Біз осы жолды қайтадан қалпына келтіріп, дәстүрімізді жаңғыртсақ, біздің болашағымыз да, даму динамикамыз да жақсы жүреді. Діни жамағатымыз дәстүрлі сол сенімді дүниетанымымызды негізге алса, өркениетті имамдарға ілесіп кете алады, деп сенемін дейді жас ғалым.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *