Президент ғылым саласындағы білікті кадр тапшылығын шешу, отандық ғылымның әлеуетін көтеру жас ғалымдарға барынша жағдай жасау арқылы жүзеге асатынын және «қазір жас ғалымдардың заманы туды» деп атап көрсетті. Біз бұл мақаламызда бүгінгі таңда ғылым саласында жемісті еңбек етіп жүрген бір ХҚТУ жас ғалымдарымен оқырмандарымызды таныстыруды мұрат тұттық.
Нұрдана Салыбекова – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің биология кафедрасында қызмет атқаратын, еліміздің ғылымына айрықша үлес қосып жүрген талантты ғалым. Ол PhD дәрежесінің иегері, қауымдастырылған профессор және ғылыми-зерттеу мен оқытушылық қызметті үйлестіре отырып, жас буынға білім мен ғылымның мәнін терең түсіндіріп жүрген жан.
Нұрдана Нұртайқызының академиялық жолы мен кәсіби өсуі – көптеген жас ғалымдар үшін үлгі. Ол 2013 жылы Ұлыбританиядағы Ньюкасл университетінде «Learning and Teaching in Higher Education» бағдарламасы бойынша біліктілігін арттырып, жоғары білім беру саласындағы жаңа тәсілдер мен әдістемелерді меңгерді. Бұл тәжірибесі оның білім беру қызметіне тың серпін беріп, әлемдік стандарттарға сай оқыту үдерісін дамытуына ықпал етті. Ал 2016-2017 жылдары Түркияның Анталия қаласындағы Акдениз университетінде «Молекулалық биология» бағытында ғылыми тағылымдамадан өтіп, заманауи зерттеулер жүргізу үшін қажетті тәжірибе жинақтады.
2020 жылы Нұрдана Салыбекова «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» атағына ие болып, білім беру саласындағы еңбегінің жоғары бағаланғанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл атақ оның ғылым мен білім саласында жеткен жетістіктерінің символы болып табылады.
Ғалымның зерттеу жұмыстары Қазақстанның оңтүстігіндегі өсімдіктерді зерттеу, қорғау және көбейту саласына бағытталған. Ол бірқатар ауқымды ғылыми жобалардың жетекшісі және бас ғылыми қызметкері. Атап айтқанда, Нұрдана Нұртайқызының жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан 0305-18ГК «Қ.А.Ясауи Халықаралық қазақ-түрік университетінің ботаникалық бағы базасында Қазақстанның оңтүстігінің субаридті жағдайлары үшін сәндік дақылдардың бейімделгіш және стресске төзімді отырғызу материалын жеделдетіп өсіру» жобасы табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен олардың экологиялық бейімделуін зерттеуге бағытталған.
Сонымен қатар, ғалым AP14870298 гранттық жобасының жетекшісі ретінде Қазақстанда қызғалдақтың эксклюзивті түрлері мен сорттарын көбейту мен өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеу бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл жоба еліміздегі өсімдіктер әлемінің әртүрлілігін сақтау мен оны көбейтуге үлкен үлес қосуда. Нұрдана Нұртайқызы AP15573823 жобасының бас ғылыми қызметкері ретінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ботаникалық бағының гендік қорын сақтау бағытында да маңызды зерттеулер жүргізуде.
Ғалымның ғылыми еңбектерінің нәтижесі – отандық және әлемдік деңгейде танылып отырған жетістіктер. Нұрдана Салыбекова 70-тен астам ғылыми жұмыстың, соның ішінде 5 оқу құралының, Web of Science және Scopus дерекқорларында индекстелген мақалалардың авторы. Оның өсімдіктерді қорғау және молекулалық-генетикалық идентификация саласындағы зерттеулері ғылымдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.
Нұрдана Нұртайқызының жетекшілігімен 2022-2024 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру жобасы да табысты жүзеге асырылуда. Бұл жоба Қазақстанда қызғалдақтың бастапқы материалдар коллекциясын жасау, эксклюзивті түрлері мен сорттарын көбейту және өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеу мен енгізуге арналған. Ғалымның бұл жұмысы еліміздің табиғи байлығын сақтауға және көбейтуге бағытталған нақты қадамдардың бірі болып табылады.
Нұрдана Салыбекова – ғылым мен білімнің дамуына қажырлы еңбек етіп жүрген талантты ғалым. Оның еңбегі тек ғылыми қауымдастық үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін үлкен маңызға ие. Ол өз зерттеулері арқылы табиғатты қорғау мен ресурстарды тиімді пайдаланудың маңызды мәселелерін көтеріп қана қоймай, осы бағытта нақты шешімдер ұсынып келеді. Оның еңбегі – Қазақстан ғылымының дамуындағы жарқын мысал.