ӘЛЕУМЕТТІК САЛА: ҚАЛАДАҒЫ ҚОҚЫС АХУАЛЫ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

Түркістан қаласы мен облысы экологиялық таза аймақ ретінде дамуды мақсат етіп келеді. Бұл бағытта көптеген игі істер жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде қоқысты қайта өңдеу деңгейінің 22,2%-ға жетуі – өңірдің экологиялық және әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрінісі. Аталған көрсеткіш қоғам мен билік арасындағы экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен табиғатты қорғауға деген ұжымдық көзқарастың нығайғанын дәлелдейді.

Табиғатты аялау – кез келген елдің тұрақты дамуының негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экоакциясының ашылуында сөйлеген сөзінде қоршаған орта мен қоғамдық орындардың тазалығының маңыздылығын ерекше атап өтті. Президент: «Тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет. Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Қазақстан – бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты», – деген болатын. Бұл сөздер әрбір азаматтың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған үндеу ретінде қабылданды.

Түркістан облысындағы қоқысты қайта өңдеу көрсеткішінің 22,2%-ға жетуі тек сандық мәлімет қана емес, бұл – үлкен еңбек пен үздіксіз жүргізіліп келе жатқан экологиялық саясаттың нәтижесі. Облыста тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу бойынша арнайы жобалар қолға алынып, қоқыс өңдейтін зауыттар мен полигондар жаңғыртылуда. Жаңа технологияларды енгізу арқылы қоқыс тек кәдеге жарату материалы ретінде емес, экологиялық ресурстардың бірі ретінде қарастырыла бастады.

Қоқысты қайта өңдеудің артықшылықтары көп. Бұл, ең алдымен, табиғи ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Пластик, шыны, металл сияқты материалдарды қайта өңдеу арқылы жаңа өнімдер жасауға болады. Сондай-ақ қоқысты өңдеу ауаның, судың және топырақтың ластануын айтарлықтай азайтады. Бұл тек экологиялық емес, сонымен бірге экономикалық тұрғыдан да тиімді. Қайта өңдеу саласы жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда.

Түркістан облысында 2,1 млн адам тұратын 800-ден астам елді мекеннің 361-і қоқыс шығару қызметімен қамтылған. Аудан, қалалар аумағында 151 қатты тұрмыстық полигон орны белгіленген. Оның 32-сі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жауапты бөлімге, 76-сы ауыл әкімдерінің және 43-і сенімгерлік басқаруға берілген. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде облыстағы 151 полигонның 71% талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Қоқыс полигондары мәселесі Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде арнайы талқыланды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді. Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтың айтуынша, облыс әкімімен Түркістан облысы аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын оңтайландыру және талапқа сәйкестендірудің 3 жылдық жоспары әзірленіп, бекітілген. Алайда аудан, қала әкімдіктерімен осы күнге дейін жұмыс жүргізілмеген. Облыс аумағында тұрғындар санының көбеюіне байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі де  артып келеді. 2024 жылдың 5 айында қоқыстарды қайта өңдеу үлесі 22,2%-ға жетіп отыр. Жыл қорытындысымен межені 26%-ға жеткізу жоспарланған. Қазығұрт, Отырар, Шардара, Бәйдібек, Келес аудандары аумағында қоқыстарды сұрыптау немесе қайта өңдеу кәсіпорындары болмағандықтан қоқыстарды қайта өңдеу көрсеткішін орындау күмән келтіруде. 2024 жылы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ» АҚ арқылы облыс аумағында ғарыштан түсірілім жасалып, елді мекендер аумағында қатты тұрмыстық полигонның сыртында бей-берекет қоқыстар тасталған 414 нүкте анықталған. Яғни, тұрғындар елді мекен аумағында заңсыз әрі тұрақты түрде қоқыс тастауды жалғастыруда. Бұл мәселені шешу бойынша да міндет жүктелді. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 7 ақпанда өткен кеңейтілген мәжілісінде «инвесторларды тарта отырып, ірі қалаларда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салуды жандандыру» тапсырмасы берілген. Қалдықтарды жинаудан бастап, оларды сұрыптаумен айналысатын мердігер мекемелерге субсидиялау тетіктері мен несиелендіру «Жасыл Даму» АҚ-ы қаржысы есебінен қарастырылған. Облыстан бүгінгі күнге 14 жоба мақұлданған. Мәжілісте облыс әкімі осы жұмыстарды жандандыру, қоқыстарды тұрақты бей-берекет тастайтындарға тиісті айыппұл салу, тазалықты сақтау бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру, заңсыз әрі талапқа сай келмейтін қоқыс полигондарын реттеу жөнінде тапсырма берді. Бұл жұмысты дұрыс атқармаса, аудан, қала, ауыл әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына тиісті шара көрілетіні ескертілді. Түркістан облысында өткен апта ішінде 30 елді мекенде жүргізілген сенбілікке 50 мыңнан астам тұрғын атсалысты. Тазалық жұмыстарына 69 техника тартылып, бір аптада 250 тоннаға жуық қоқыс жиналып, шығарылды. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында 400 шақырымдай ауыл жолдары тазаланды. 121 мемлекеттік мекемелермен іргелес аумақтар, 500-ден астам кәсіпкерлік нысандары мен іргелес аумақтарыны тазаланды. 57 аялдама мен 1 291 көше бойындағы ағаштар ретке келтірілді. Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы бағыттағы жұмыстар баяндалды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды. Тазалық шарасының тынымсыз жүргізілетінін ескертті.

Экологиялық акцияның мақсаты — қоғамның тазалықты сақтауға деген көзқарасын өзгерту, табиғатты аялау, тұрғындарға қоршаған ортаны қорғау және оны ластамау мәдениетін қалыптастыру. Экологиялық акцияға қатысқан барша түркістандықтарға алғысын айтқан облыс әкімі Отаншылдық – тазалықтан басталатынын айтып, туған жердің тазалығын сақтау, табиғатын қорғау әрбір адамның міндеті екенін жеткізді. Тазалықты сақтау туралы жұмыстар денсаулық сақтау саласында да қарқынды жүргізілуде. Барлық 724 денсаулық сақтау нысандарына сенбілік жұмыстары жүзгізілуде. Өңірде 600-ге жуық сенбілік өткізу жоспарланған. Экошараға барынша қоғамдық жұмысшылар да тартылуда. Бүгінде 6 мыңнан астам тазалық жұмыстарына, 1 мыңнан астам қызметші көгалдандыру жұмыстарына атсалысуда.

Қоршаған орта тазалығы тек мемлекеттің немесе белгілі бір мекеменің жауапкершілігі емес, бұл – әрбір азаматтың күнделікті өміріндегі маңызды міндет. Қоқысты сұрыптап жинау мәдениеті бүгінде көптеген дамыған елдердің басты ұстанымына айналған. Түркістан өңірі де осы бағытта халық арасында насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Әсіресе, мектептер мен жоғары оқу орындарында экологиялық білім беру, жастарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға баулу жұмыстары айтарлықтай нәтиже беруде.

Тазалық мәдениетін қалыптастыруда түрлі әлеуметтік шаралардың, экоакциялар мен науқандардың маңызы зор. Қарапайым экоакциялардың өзі азаматтардың экологиялық санасын көтеруге және табиғатты қорғауға атсалысуға ықпал етеді. Түркістан облысында да мұндай шаралар жиі өткізіліп, халықтың назарын қоршаған орта мәселелеріне аударуда.

Экологиялық мәселелерді шешу тек Түркістан өңірі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін өзекті. Түркістан облысының бұл бағытта қол жеткізген нәтижелері – басқа өңірлерге үлгі боларлықтай. Қоқысты қайта өңдеу деңгейінің артуы тек экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ғана емес, қоғамның әлеуметтік дамуына да оң ықпал етеді.

Тазалық пен экологиялық жауапкершілік – қоғам дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Мемлекет басшысының айтқанындай, Қазақстан – бәрімізге ортақ. Оның экологиялық болашағы әрқайсымыздың іс-әрекетімізге байланысты. Егер әрбір азамат өз үйі мен ауласын таза ұстап, қоршаған ортаға жанашыр көзқараспен қарайтын болса, еліміз экологиялық тұрғыдан алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі бола алады.

Түркістан облысында жасалған жұмыстар – бұл болашақтың игілігіне бағытталған үлкен қадам. Таза ауа, таза су және таза жер – ұрпақтарымыз үшін қалдыратын ең басты мұрамыз. Осы мұраны сақтау үшін қоғамның барлық деңгейінде экологиялық жауапкершілікті нығайтуымыз қажет. Түркістанның бұл бағыттағы жетістіктері тек өңірдің ғана емес, бүкіл елдің экологиялық мәдениетінің дамуына зор үлес қосып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *