ТҮРКІСТАННЫҢ ЗАМАНАУИ ЛАБОРАТОРИЯСЫ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІ АРТТЫ

Түркістанда заманауи лабораториялардың дамуы мен ғылыми әлеуеттің артуы аймақтың ғылыми-инновациялық саладағы өсуіне үлкен серпін береді. Бұл үрдіс Түркістанның тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның ғылыми хабы ретінде қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Жаңа ғылыми зертханалар мен инновациялық жобалар аймақтың экономикалық және технологиялық дамуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, түркістандық жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтары ғылыми әлеуетті арттырып, жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. Түркістанның ғылыми әлеуетінің өсуі Қазақстанның және өңірдің болашақ дамуы үшін маңызды қадам болып табылады.

Түркістан өңірі ғылым мен инновацияның тоғысында жаңа мүмкіндіктерге ие болып отыр. Соның жарқын мысалдарының бірі – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жанындағы «Экология» ғылыми-зерттеу институты. Бұл институттың ғылыми жетістіктері мен өндірістік нәтижелері аймақтың экологиялық мәселелерін шешуге ғана емес, сондай-ақ табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған. 2008 жылдан бері институтты техника ғылымдарының докторы, профессор Аманкүл Жақанқызы Ақбасова басқарып келеді. Оның жетекшілігімен аталған ғылыми орталық өңірдің экологиялық проблемаларын шешуге арналған көптеген маңызды жобаларды жүзеге асырып, зерттеулер нәтижелерін өндіріске енгізуде үлкен жетістіктерге жетті.

Институттың басты миссиясы – биосфераға түсетін антропогендік қысымды азайту және өндіріс қалдықтарын өңдеп, оларды кәдеге жарату арқылы экологиялық тұрғыдан тиімді технологиялар әзірлеу. Сонымен қатар, институт экологиялық тепе-теңдікті сақтай отырып, жергілікті табиғи ресурстардың әлеуетін арттыруға бағытталған шешімдер ұсынып келеді.

Институттың материалдық-техникалық базасы ғылыми зерттеулер жүргізуде маңызды рөл атқарады. 2018 жылы институт ҚР Ғылым Қорының қолдауымен 100 млн теңге көлемінде грант жеңіп алып, оған қосымша университет тарапынан 20 млн теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде, патенттелген «Экологиялық бақылау және химиялық талдаулар» лабораториясы ашылды. Бұл лаборатория – аймақтағы жоғары оқу орындары арасындағы бірегей заманауи орталықтардың бірі.

Ғылыми-зерттеу институтының базасында түрлі экологиялық жобалар жүзеге асырылып келеді. Профессор Ақбасованың айтуынша, лаборатория тек ғылыми зерттеулермен шектелмей, олардың нәтижелерін өндіріске енгізуге мүмкіндік береді. Бұл жетістік институттың ғылыми зерттеулерді тәжірибеге бағыттау миссиясын нақты жүзеге асырып отырғанын көрсетеді. Институт бірнеше ірі жобаларды сәтті жүзеге асырды. Солардың бірі – «Қатты тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы екінші реттік шикізаттық және тауарлық өнімдерді алудың экологиялық үйлесімді және тиімді технологиясын жасау және оны ендіру» жобасы. Бұл жоба Түркістан, Кентау және Отырар аймағы бойынша жүзеге асырылып, өңірдегі қалдықтарды тиімді өңдеуге негіз болды.

Институт жүргізген тағы бір маңызды жоба – биогумус пен азықтық қоспаларды өндіру. Бұл өнімдер ауыл шаруашылығы үшін өте тиімді әрі экологиялық таза тыңайтқыш ретінде қолданылады. Жоба аясында «Қызыл калифорниялық құрттарды» пайдаланып, органикалық қалдықтарды өңдеу арқылы биогумус және ферменттелген қоспалар алу технологиясы патенттелді. Ғалымдардың айтуынша, биогумус тек ауыл шаруашылығы үшін ғана емес, мұнай және ауыр металдармен ластанған топырақты қалпына келтіру үшін де қолданылады. Ғылыми-зерттеу институты зерттеу нәтижелерін нақты өмірде қолдануға ерекше көңіл бөледі. Мәселен, Жаңақорғандағы күкірт қышқылы зауытының қалдықтарын кәдеге жарату жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл қалдықтардан алынған күкіртті-әк тұнбасы университеттің ботаникалық бағындағы ағаштарды зиянкестерден қорғауға және олардың өсуін жақсартуға арналған. Ғалымдардың айтуынша, бұл ерітіндіні пайдалану арқылы зақымданған ағаштарды қалпына келтіруге болады.

Сонымен қатар, институттың мамандары ауыл шаруашылығы және егіс шаруашылығы саласына арналған биоорганикалық тыңайтқыштар, мелиорантты тыңайтқыштар және декоративті құрылыс материалдарын әзірлеумен айналысады. Олардың бірі – күкірт-перлит қалдықтары негізінде жасалған құрылыс материалдары. Бұл өнімдер экологиялық қауіпсіз және экономикалық тұрғыдан тиімді болып табылады. Институттың тағы бір мақтанышы – университеттің бас ғимараты алдындағы алаңқайға төселген плиткалар. Бұл плиткалар ғылыми қызметкер Дилара Әзиханованың магистрлік диссертациясы шеңберінде әзірленіп, өндіріске енгізілген. Мұндай нақты жобалар институттың зерттеулері тек теориялық деңгейде қалып қоймай, нақты нәтижелерге жететінін дәлелдейді. Институттың алдағы жоспарлары да ауқымды. Ғалымдар экологиялық өнімдерді шаруашылықтарға қолжетімді ету үшін мемлекет тарапынан қолдау қажеттігін атап өтеді. Әсіресе, экологиялық тыңайтқыштар мен азықтық қоспаларды субсидиялау мәселесі маңызды болып отыр.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Экология» ғылыми-зерттеу институты – ғылымды өндіріспен ұштастырудың тамаша үлгісі. Бұл орталықтың еңбегі тек өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлкен үлес қосуда. Ғалымдардың зерттеулері мен инновациялық шешімдері болашақта Түркістанның экологиялық мәселелерін түбегейлі шешуге септігін тигізеді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *