ТҮРКІСТАН ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ГҮЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ БИІК БЕЛЕСТЕРІ

Түркістан облысы жасыл желекке оранып, сән-салтанаты жарасқан өңірге айналу жолында қарқынды жұмыс істеп келеді. Бұл аймақтың қалалары мен елді мекендерінде көгалдандыру мен абаттандыру саласындағы істер заманауи талаптарға сай дамып, табиғат пен адамның үйлесімін айқындайтын жасыл оазиске айналуда. Ағаштармен көмкерілген көшелер, аллеялар мен гүлзарлар, түрлі өсімдіктермен әсемделген саябақтар – мұның барлығы биология ғылымының практикалық жетістіктерімен астасқан еңбектің жемісі.

Осы игі істердің бастауында тұрған мекемелердің бірі – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Түркістанның көркейіп, табиғи ерекшеліктерге бейім өсімдіктердің жаңа түрлерімен толығуы осы оқу ордасының ғалымдарының жүйелі жұмыстарының нәтижесі. Әсіресе, 1994 жылы құрылған көлемі 88 гектарды қамтитын «Ботаникалық бақ» бұл саладағы ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік жұмыстардың ірі алаңына айналды.

Ботаникалық бақтың коллекциясында Қазақстанның қатал климаттық жағдайларына бейімделген 59 туысқа, 28 тұқымдасқа жататын 127 түрдегі өсімдіктер бар. Бұл жерде декоративті және жеміс-жидек ағаштары, бұталар мен гүлді өсімдіктер сақталып, олардың гендік қорының құнды үлгілері сақталуда. Ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін материалдық-техникалық база құрылып, заманауи технологияларды меңгерген мамандар даярлануда.

Биология ғылымының заманауи тәсілдері негізінде жүргізілген интродукциялық зерттеулер оңтүстік өңірлер мен Арал-Сырдария бассейнінің қалалары мен аудандарын көгалдандыру үшін сәндік өсімдіктердің жаңа түрлерін көбейтуге мүмкіндік берді. Жергілікті климатқа төзімді, бейімделген өсімдіктер ғана емес, оларды қайта өңдеу мен өндірістік қолдануды қамтитын заманауи әдістер де қолға алынуда. Мәселен, Түркістан облысының әкімдігі университет ғалымдарымен бірлесіп, жылыжай кешендері мен өндірістік цехтардың құрылысын ұйымдастырды.

Өткен жылы облыс басшысы Дархан Сатыбалды ботаникалық баққа арнайы барып, қарағай, туя, өрік сияқты ағаштардың өсіру технологияларымен танысты. Ғалымдармен кездесу барысында көгалдандыру жұмыстарының жаңа бағыттары мен өңірге жерсінетін өсімдік түрлерін өсіру бойынша ұсыныстар қарастырылды. Нәтижесінде, аймақтағы өсімдік шаруашылығының ғылыми негізделген жолмен дамуына ерекше көңіл бөлініп, жаңа зерттеу жобаларына қолдау көрсетілді.

Аймақтың гүл шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. «Наурыз» мерекесі қарсаңында Түркістан облысы мен Шымкент қаласында қызғалдақ, раушан, лалагүл сияқты гүлдер саудаға шығып, бұл өнімдерге тек жергілікті тұрғындар емес, Алматы мен Астана сияқты ірі қалалардың сатып алушылары да ерекше қызығушылық танытуда. Мәселен, Сарыағаш ауданының «Көктем» шаруа қожалығы голландиялық қызғалдақтардың оннан астам түрін өсірумен айналысып, жыл сайын 120 000-нан астам гүл шығарады. Ал «Алия» шаруа қожалығы раушан гүлдерін өсіріп, жылына 40 000-ға дейін раушан түптерін сатылымға ұсынады.

Қазақстанның қызғалдақтар елі ретінде танылуы кездейсоқтық емес. Бұл елдің табиғаты қызғалдақтың отаны ретінде тарихқа енгенімен, бүгінде табиғи популяциялар антропогендік әсерлердің кесірінен жойылу қаупінде тұр. Қызғалдақ тұқымынан гүл өсіру ұзақ уақытты қажет етеді: гүлді өсімдікті қалыптастыру үшін 5-7 жыл, кейде 12 жылға дейін уақыт керек. Осы себепті, Қазақстанда қызғалдақтардың бастапқы материалдарын жинап, олардың селекциялық сорттарын жасау биология ғылымының өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи университетінің Биология кафедрасының ғалымдары қызғалдақтардың жабайы түрлері мен мәдени сорттарын зерттеу жұмыстарын 2019 жылы бастаған. Бұл зерттеулер аясында жаңа интродукциялық түрлердің ерекшеліктері зерттеліп, оларды жедел көбейтудің тиімді әдістері әзірленуде. Әсіресе, микроклональды көбейту тәсілі қызғалдақтардың генотиптік біркелкілігін сақтауға мүмкіндік береді. Ғалымдардың жетекшілігімен 2022–2024 жылдарға арналған «Қазақстанда қызғалдақтың бастапқы материалдар коллекциясын жасау, эксклюзивті түрлері мен сорттарын көбейту мен өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеу» гранттық жобасы жүзеге асырылуда.

Бұл жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанның гүл шаруашылығын дамытып, қызғалдақтардың перспективті сорттарын өндіріске енгізу, олардың өсіру әдістерін оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерге бейімдеу болып табылады. Қызғалдақ шаруашылығында көш бастап тұрған Нидерландтың тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстан өз технологияларын әзірлеуде. Нидерланд әлемнің 125 елін қызғалдақ баданаларымен қамтамасыз етіп отырса, Қазақстан да өз кезегінде қызғалдақтарды өсіру мен көбейтудің жаңа тәсілдерін енгізіп, бұл салада әлемдік нарыққа шығуға ұмтылуда.

Түркістан ғалымдарының зерттеулері елдің гүл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, ғылым мен тәжірибені ұштастырудың озық үлгісін көрсетуде. Бұл бастамалар табиғи байлықтарды сақтап, Қазақстанның гүл шаруашылығы саласында өзіндік орнын қалыптастыруға жол ашады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *