Түркістан облысында қалалар мен елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Көшелер мен аллеяларды, гүлзарларды түрлі сәндік өсімдіктермен көріктендіру бұл өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан игі істердің айқын көрінісі. Осы жұмыстардың негізінде өсімдік шаруашылығын ғылыми негізде дамытуға ерекше назар аударған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары тұр.
Қызғалдақ өсіру ісіндегі шетелдік технологияларды скринингтен өткізіп, оларды нақты топырақ-климаттық жағдайларға бейімдеу Қазақстанның бәсекеге қабілетті гүл шаруашылығын дамытуға ықпал етеді. Осы бағытта университет ғалымдары жаңа технологияларды енгізу арқылы зерттеулер жүргізуде. PhD, қауымдастырылған профессор м.а. Нұрдана Нұртайқызы Салыбекованың жетекшілігімен жүзеге асып жатқан «Қазақстанда қызғалдақтың бастапқы материалдар коллекциясын жасау, эксклюзивті түрлері мен сорттарын көбейту мен өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеп қолданысқа енгізу» атты жобаның нәтижелері қазірдің өзінде жемісін беруде.
Ғалымның айтуынша, қызғалдақ – Қазақстанның табиғи бренді, оның тарихи Отаны – еліміздің жері екенін бүкіл әлем мойындаған. Дегенмен, қызғалдақты селекциялық зерттеу мен көбейту ісі әлі де кең көлемде қолға алынбаған. Қазіргі уақытта университет жылыжайларында қызғалдақтың 12 мыңнан астам пиязшығы отырғызылған. Бұл жұмыс барысында өсімдіктің 15 сұрпы зерттеліп, олардың жергілікті ауа райына бейім және сұранысқа ие түрлерін таңдап алу көзделген. Осылайша, қызғалдақтарды арнайы әдістермен көбейту жоспарланып отыр.
Нұрдана Нұртайқызы ғылым жолында мол тәжірибесі мен ізденістерінің арқасында биік жетістіктерге жеткен. Ол 2005 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін химия және биология пәнінің мұғалімі біліктілігімен үздік тәмамдап, биология магистрі дәрежесін алған. Содан бері университеттің Биология кафедрасында қызмет атқарып келеді.
2014 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің докторантурасына түсіп, 2017 жылы биология саласы бойынша PhD дәрежесін қорғады. Сонымен қатар, Нұрдана Нұртайқызы Ұлыбританияның Ньюкасл университетінде біліктілігін арттырып, Түркияның Акдениз университетінде молекулалық биология бағыты бойынша ғылыми тағылымдамадан өткен. Жас ғалымның еңбектері тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. Ол 2020 жылы «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» атанып, ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша көптеген жобаларға жетекшілік етуде. Оның жетекшілігімен жүзеге асырылған гранттық жобалар еліміздің гүл шаруашылығын дамытуда маңызды рөл атқаруда.
Университет жанынан құрылған ботаникалық бақтың тарихы ерекше. Кезінде бұл бақты ұйымдастыруда елімізге танымал ғалымдар Омар Байтуллин, Құлахмет Байжігітовтер және университет ректоры Мұрат Жұрынов сынды тұлғалардың зор еңбегі болды. Бүгінде ботаникалық бақ көпжылдық еңбектің жемісін көрсетіп, өңірдің қатал климаттық жағдайына бейімделген өсімдіктердің бай коллекциясын ұсынады.
Ботаникалық бақ тек әсемдік үшін ғана емес, Түркістанның эко-климаттық жағдайын жақсартуға да ықпал етуде. Мұнда өсірілген өсімдіктер қаланы көгалдандыру және жасыл желекке айналдыру бағытында үлгі болып отыр. Аймаққа жерсінген өсімдік түрлерін өсіру тәжірибесі университеттің ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің экологиялық жағдайына оң әсер етуде.
Бұл бастамалар Түркістанның гүл шаруашылығын дамытуда ғылымның жетекші рөлін айқындай отырып, Қазақстанның табиғи байлығын сақтау мен көбейтуге зор үлес қосады. Біз жас ғалымдар тобының жұмысына сәттілік тілейміз және олардың жаңа ғылыми жетістіктерге жетуіне сенім артамыз.