ӘЛЕУМЕТТІК САЛА: ТҮРКІСТАНДАҒЫ КӨШІ-ҚОН ЖАҒДАЙЫ

Қазақстанның ішкі көші-қон саясаты – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Бұл бағыттағы басты мақсат – халқы тығыз орналасқан өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін, халқы сирек орналасқан аймақтарға азаматтарды қоныстандыру арқылы еңбек ресурстарының өңіраралық теңгерімін қамтамасыз ету. Түркістан облысы осы бастаманың орталығына айналып, жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ішкі көші-қон үдерісін тиімді басқару және еңбек ресурстарын теңгерімді ету қажеттігін атап өткен болатын. Оның айтуынша, республика бойынша ірі қалаларда халық санының артуы мақтанарлық жағдай емес, керісінше, әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерді толық қамтамасыз ету тұрғысынан алаңдаушылық туғызуда. Сонымен қатар, еңбек ресурстары тапшы Павлодар, Петропавл сияқты қалаларды қолдауға ерекше назар аударылуы тиіс.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа Көші-қон саясаты тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Бұл құжат халықтың ерікті қоныс аударуын ынталандыру арқылы кадрлық қамтамасыз етуді қолдауға бағытталған. Әсіресе, қабылдаушы облыстарда қоныс аударушыларға қолайлы жағдай жасау – жаңа тұжырымдаманың негізгі басымдықтарының бірі.

Түркістан облысы – халық санының тығыздығымен ерекшеленетін аймақтардың бірі. Бұл өңірдің еңбек ресурстарының жоғары әлеуеті аймақтық бәсекелестік артықшылықтарын көрсетіп қана қоймай, елдің басқа да өңірлерінде жұмыс күші тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Осыған орай, 2015 жылдан бастап Түркістан облысынан еліміздің халқы сирек орналасқан солтүстік аймақтарына халықты қоныстандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде.

2015-2024 жылдар аралығында Түркістан облысынан 13 758 адам солтүстік өңірлерге қоныс аударды. Бұл жұмыс тек халықты көшірумен шектелмей, оларды жаңа жерлерде жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау көрсету шараларын жүзеге асыру арқылы жүйелі түрде ұйымдастырылды.

2024 жылдың 12-14 наурызында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Түркістан облысының Сарыағаш, Сайрам аудандарында және Түркістан қаласында дәстүрлі «Қоныс аудару» жәрмеңкелерін өткізді. Бұл іс-шараға халқы сирек, жұмыс күші тапшы алты облыстан 73 өкіл қатысып, 11 657 бос жұмыс орнын ұсынды. Солтүстік Қазақстан, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ұлытау және Қарағанды облыстарынан келген делегациялар өңір тұрғындарына өз аймақтарындағы мүмкіндіктерді таныстырып, қоныс аударуға қызығушылық танытқан азаматтарға кеңестер берді.

Жәрмеңкелер мен кездесулердің нәтижесінде 2 558 адам ақпараттық-түсіндіру жұмыстарынан өтті. Олардың 352-сі солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірді. Қоныс аударушылардың арасында 35-63 жас аралығындағы адамдардың үлесі басым болды (51,4%), ал 43,4%-ы – жастар.

Ағымдағы жылдың төрт айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бөлген 7050 квота шеңберінде Түркістан облысынан 107 отбасы немесе 372 адам қоныс аударды. Бұл азаматтар еліміздің Абай, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарына орналасып, мемлекеттік қолдауға ие болды. Қоныс аударушыларға үй-жаймен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ұсыну, материалдық көмек көрсету сияқты шаралар қарастырылған.

Мемлекет тарапынан қолдаудың арқасында қоныс аударушылар жаңа ортаға бейімделіп, өздеріне қажетті мүмкіндіктерге ие болуда. Түркістан облысынан қоныс аудару үдерісі тек әлеуметтік-экономикалық маңызға ие болып қана қоймай, елдің аумақтық-экономикалық теңгерімін сақтауға да ықпал етіп келеді.

Ішкі көші-қонды ынталандыру – бұл тек адамдарды жаңа жерлерге көшіру ғана емес, олардың өмір сүру сапасын арттыру, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлер арасындағы еңбек ресурстарын теңгерімдеу. Түркістан облысының тәжірибесі бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі әрі нәтижелі жүргізіліп жатқанын айғақтайды.

Алдағы уақытта да көші-қон саясатының тиімді жүзеге асуы аймақтық даму мен елдің әлеуметтік әл-ауқатына оң ықпал ететін болады. Бұл бағытта Түркістан облысының алар орны ерекше.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *